Күдебаевтың қашып кетуі, мемлекетке қарсы "заговор" – Ерлан Саиров

Мәжіліс депутаты атағы дардай генералдың қашып кетуіне ІІМ, шекара қызметі өкілдерінің қатысы бар деп есептейді.  

Күдебаевтың қашып кетуі, мемлекетке қарсы "заговор" – Ерлан Саиров

Бұл туралы Ерлан Саиров өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz

"Серік Күдебаевтың Қазақстаннан қашып кетуі, "ескі Қазақстанның" мемлекетке қарсы заговоры! Мұндай "тұтқиыл қашуды" ІІМ, шекара қызметі өкілдерінсіз ұйымдастыру мүмкін емес. Бұл эксцесс жіті тексеріліп, кінәлілер жауапқа тартылып, Серік Күдербаев Қазақстанға экстрадиция жасалуға тиіс", – деп жазды халық қалаулысы. 

Сонымен қатар ол бұл мәселе Мәжіліс депутаттарының бақылауында болатынын мәлімдеді. 

Еске сала кетсек, Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев Талдықорғандағы сот отырысына келмеді. Кейін прокурор оған халықаралық іздеу жариялауды ұсынды. 

"Прокурордың өтінішхаты негізінде сотталушының басқа елдерге кетуіне жол бермеу және оның тұрған жерін анықтау мақсатында судья сотталушы С.Күдебаевқа халықаралық іздеу жариялады", – деді сот.

Бүгінгі таңда Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 324-бабына сәйкес, айыпталушыға іздеу жариялануына байланысты іс тоқтатылды.

Бұған дейін БАҚ Күдебаевтың шетелге қашып кеткенін хабарлаған болатын. 3 сәуір өткен сот отырысында оның шекара асуы туралы да айтылды. 

Соттың мәліметінше, 23 наурызда күдікті Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өтіп, сол күні Бішкектегі "Манас" әуежайынан Стамбұлға ұшып кеткен.

Еске сала кетсек, наурыз айының басында Серік Күдебаев ауруханаға түсіп, соңғы сөзін айту үшін сотқа келмеді. Кейін бұл процесс бірнеше рет кейінге шегерілді.  

Айта кетейік, прокурорлар оған "өкілеттілігін асыра пайдаланды" деген айыппен 9 жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындауды сұраған болатын.

Өткен жылдың сәуір айының соңында Серік Күдебаев өз өтініші бойынша Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылды.

Ал 2022 жылдың 13 мамырында Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылды. Биылғы жылдың қаңтар айының басында Күдебаевқа қатысты сот отырысы өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу