Күйреуге шақ қалған "Газпромды" Қазақстан құтқарып қалады

10347

Кезінде солтүстік көршінің ең бай ұлттық компаниясы, ең қымбат бренді болған газ алпауыты бүгінде дәрменсіз жағдайға жетті.

Күйреуге шақ қалған "Газпромды" Қазақстан құтқарып қалады Фото: reuters.com

Кеше Мәскеу қаласында "Орта Азия - Орталық" магистральді газ құбырымен Ресейдің табиғи газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасын іске қосу рәсімі өткені мәлім. Бұл туралы inbusiness.kz жазды.

Мұны ресейлік, бірқатар қазақстандық ақпарат құралдары "тарихи оқиға" деп дәріптеп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та салтанатты шарадағы сөзінде "бұл тарихи оқиға Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның энергетика саласындағы стратегиялық ынтымақтастығын мүлде жаңа деңгейге көтереді және елдер арасындағы тату көршілік қатынастар жылнамасының тағы бір жарқын бетін ашады" деп атап өтті.

aqorda.kz

Шынында, сарапшылардың пікірінше, бұл – Қазақстан мен Өзбекстан үшін кезекті ірі жоба ғана. Соған бола, екі елдің экономикасы қарыштап дамып кетеді деп күту әбестік. Жылына 255 миллиард текше метрге дейін газ тасымалдай алатын магистральді газ құбырының 20 мың шақырымнан астам бөлігі еліміздің аумағы арқылы өтеді.

Қазақстанның ресейлік осы жобадан нақты қанша теңге табыс табатынын үкіметтегілер де айта алмады. Қазақстан Президенті өз сөзінде оны нақтыламады. Тек ол "Қазақстанның газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және жаңғыртуға септігін тигізетінін" жеткізді. Бір ғана саланың инфрақұрылымын жақсартуға септесетін жобасы "тарихи" деп атауға бола ма? Ол несімен тарихымызда қалатынын әрине, болашақ көрсетеді.

aqorda.kz

Жалпы, бұл жоба Ресей, соның ішінде "Газпром" мемлекеттік корпорациясы үшін ғана тарихи оқиға болды. Себебі, былтыр соғыс басталғанда Мәскеу Украинаға көмектескені үшін Еуропаның бірқатар елін көгілдір отынынан айыра бастады. Бұған жауап ретінде Еуроодақ РФ газына тәуелділіктен арылуға білек сыбана кірісті. Әйтпесе, "Газпром" және ресейлік көгілдір отын Батыстың санкциясына ілікпеді.

Саяси қысым жасаймын деп, өзін өзі соққыға жыққан Ресей Еуропаның майшелпек нарығынан айрылып, амалсыз Шығысқа бетбұрыс жасады.

Алайда бұл бағытта да оңбай ұтылды. Bloomberg хабарлағандай, 2023 жылғы наурызда Путинмен кездескен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Ресеймен жаңа газ контрактісіне қол қоюдан бас тартты. Салдарынан, Кремльдегілер қатты үміттенген, әрі ұзақ жыл келіссөзде пысықтаған "Сила Сибири-2" магистралді газ құбыры салынбайтын болды. Осы арқылы шың елі Ресейдей сенімсіз серіктеске тәуелді болып қалмау үшін өзіне газ жеткізілімдерін диверсификациялау саясатына ден қойды.

Блумберг сарапшыларының пікірінше, Мәскеудің "Азияға бетбұрысы" (разворот в Азию) концепциясы шындап келгенде, онсыз да сателлиті саналатын Орталық Азияны игеруден аспайтынға ұқсайды. Орыс газын осы өңірге төгетін "Орта Азия - Орталық" магистральді газ құбыры Өзбекстанның жылына 3 миллиард текше метрге дейін жететін және жылдан-жылға артып келе жатқан табиғи газға деген мұқтаждығын өтеуге мүмкіндік береді. Одан жолай Қазақстан да көгілдір отын алады. Сөйтіп, осы екі елдің РФ газына тәуелділігі артатын түрі бар.

Ал сөніп бара жатқан "Газпромға" шамалы да болса, жан кірмек.

Осыдан тура 15 жыл бұрын, 2008 жылғы 10 маусымда, Францияның Довилінде ұйымдастырылған Еуропалық іскерлік конгресте "Газпромның" басқарма төрағасы Алексей Миллер жер-жаһанды дүр сілкіндіріп, сенсациялық мәлімдеме жасаған еді. Оның айтуынша, 7-8 жылдан кейін "Газпромның" капитализациясы 1 триллион долларға жетеді.

Осылайша, ресейлік газ гиганты орыстың ең қымбат компаниясына айналады және әлемдегі ең ірі акционерлік корпорациялардың шыңына шығады.

Бұл мәлімдемені жарыса таратқан халықаралық сарапшылар оған риясыз сенді. Әрине, мәлімдеме жасалған тұста "Газпромның" капиталы 360 миллиард долларды құраған. Соған қарамастан, ол біраз елде, соның ішінде еуропалық мемлекеттерде монополист мәртебесіне қол жеткізіп үлгерген еді және қарқынды ілгерілеуін жалғастырды. Сол тұста капитализациясы жөнінен әлемдегі үшінші алып компания саналды.

Аршындап, адуынды алға басқан ресейлік корпорация сарапшыларды сүйсінтті, бақталастарын тәнті етіп, тәжім жасауға мәжбүрледі: 2000 жылдан 2008 жыл аралығында ғана "Газпромның" нарықтық құны 46 есе ұлғайған. Соңғы 6 жыл бойы газ өндіру көлемі бойынша ол алдына қара салмай келді.

А.Миллер одан тұтас империя құру амбициясын жариялады: "Газпром" – шетелде еншілес кәсіпорындары бар ресейлік компания болуды қойып, енді ресейлік тамыры бар жаһандық газ империясына айналуда", – деді ол.

В.Путиннің досы саналатын Алексей Миллер әлі күнге "Газпромды" басқарады. Бұл тұрғыда ештеңе өзгермеді. Ол сөзінде тұрды ма? Бүгінде капиталдандырылу көрсеткіші қанша триллион доллар тұрады?

"Гапромның" өз дерегінше, компанияның нарықтық капитализациясы небары 80,9 миллиард доллар ғана. Кең ауқымды соғыстың қарсаңында, 2021 жылы 90,8 млрд доллар болыпты.

Әлемдегі ең алпауыт акционерлік компания атанғысы келген "Газпромның" 1 акциясы бүгінде Мәскеу биржасында небары 166 рубльге бағаланады. Одан да төменге ылдилап тұрады. Салыстырсақ, фосфорлы тыңайтқыштарды шығарумен айналысатын ресейлік "ФосАгро" химиялық компаниясының өзі "Газпромнан" 41 есе қымбат, 1 акциясы 6 797 рубльден сатылуда.

Былтыр азын-аулақ болса да, орыстың көгілдір отынын алуды жалғастырған Еуропаның үлкен бөлігі биыл алғаш рет қысты РФ газынсыз өткізбек.

"Жаһандық жылыну әзірге қысты жойған жоқ. Дегенмен, тағы да Украинадағы ресейлік соғыс ауанында өтетін жылыту маусымы белгілі бір жеңіс әкелгелі тұр. Ресей энергетикалық майданда бірнеше секторда толығымен, түпкілікті тізе бүкті. Балтық елдері мен Молдова соңғы 30 жылда тұңғыш рет жылыту маусымын ресейлік газсыз және Мәскеудің шантажынсыз өткізетін болады. Яғни, бұл елдер Кремльдің соғыс индустриясын қаржылық қолдауға үлес қоспайды. Одан қалай ірге ажырата алды? Шешім көршілермен және серіктес елдермен ынтымақтастықтан табылды. Энергетикалық жүйелер синхронизацияланды, жаңа газ терминалдары тұрғызылды, газ қоймалары жалға алынды, сырттан кредиттер тартылды, өзара тәжірибе алмасты. Ресейлік газдан кіндік үзу үшін түрлі елдер қабылдаған қадамдардың қысқа тізімі осындай", – деп жазады журналистік зерттеулерге маманданған молдовалық ZdG (Ziarul de Gardă) басылымы.

Өткен жылы Мәскеу орыс газынсыз Еуропа елдерінің қатып қалатыны, ашыққан отбасыларға атжалмандарды жеуге тура келетіні туралы қорқынышты сценарийлі видеоролик түсірді. Былтыр бұл жорамалы жүзеге аспады. Бәлкім, Батыс биыл қиналатын шығар?

Қыстан, жылыту маусымынан қиналмай шығатын түрі бар. Gas Infrastructure Europe (GIE) дерегінше, 2023 жылғы 30 қыркүйекте Еуропаның газ сақтау қоймаларының толуы 95,42%-ға жетті. Бұл соңғы 5 жылдағы осы кезеңдегі орташа көрсеткіштен 8 пайызға көп. Яғни, қысқа қажетті газ қорын қордалау қарқыны алға оза жүруде.

Бүгінде еуропалық газ қоймаларында шамамен 105,5 млрд текше метр газ қоры бар. Еуропалық елдер өздерінің жерасты қоймаларын жылыту маусымына арналған газбен 90% қамту нысанасына биылғы тамыз айының ортасында жетті. Бұдан бұрын Еурокомиссия бұл межеге тек қарашада жетуден үміттенген.

Өз кезегінде орыс газынан бас тартып, көгілдір отынды Еуропадан, Словакия арқылы ала бастаған Украина да 2023-2024 жылыту маусымына дайындығын хабарлады. Суық маусымға қажетті газ көлеміне қоймалары 2023 жылғы 19 қыркүйекте толтырылып болыпты.

ТАСС хабарлауынша, РФ газының ұжымдық Еуропадағы үлесі 2023 жылғы қазандағы жағдай бойынша, небәрі 8,91%-ды құрайды. Яғни, аутсайдерлер қатарына түсті. Мысалы, газ алпауыты саналмайтын Ұлыбританияның Еуропалық Одаққа газ жеткізіліміндегі үлесі осыған жетеқабыл (6,5%).

Бұл газды Ресей Еуропаға Украинаның газ тасымалдау жүйесі арқылы бағыттауда. "Газпром" көгілдір отынды ЕО-ға Украина территориясымен транзиттеу туралы соңғы келісімді Киевпен 2019 жылы бекіткен болатын. Украина бұл мәмілені сақтап отыр. Келісімнің күші 2024 жылдың соңында бітеді. Украинаның Энергетика министрі Герман Галущенко Киевтің сол келісімде әрі қарай ұзартпауға ниетті екенін мәлімдеді.

"2024 жылдың қысында Еуропа Ресей газын мүлдем қажетсінбейтін болады", – деп түсіндірді Галущенко еуропалыхқ Politico басылымына сұхбатында.

Әлемдегі ең құнды нарығын жоғалтқан "Газпромнан" босаған еуропалық нарықты негізінен, АҚШ, Норвегия, Катар, Нигерия, Алжир, Әзірбайжан басты. 

Ресей өз газының жеткізілімін Грузия бағытында арттыра алған. 2022 жылы Грузия РФ-тан 520 миллион текше метр табиғи газ сатып алды, бұл 2021 жылғыдан 31% көп. Бірақ грузиндердің негізгі жеткізушісі басқа ел, Әзербайжан бір жылда Сакартвелоға 2 миллиард 557 млн текше метр газ сатты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу