Күлден құнды қазына өндіретін зауыт күтпеген кедергіге ұшырады

6111

Алданған инвестор серіктерін қылмыстық қудалатуға мәжбүр. 

Күлден құнды қазына өндіретін зауыт күтпеген кедергіге ұшырады

Қазақстан әлемдегі көмірді ең көп тұтынатын елдердің бірі. Елімізде электр және жылу қуатының шамамен 85%-дан астамы көмір жағу арқылы алынады. Су электр стансаларының үлесі 12%, жаңғыратын қуат көздерінің үлесі – 2,3%, деп жазады Inbusiness.kz.

Қазақ жерінің астындағы көмірдің жалпы қоры 75 млрд тоннадан асады. Оның үштен бірі күлге айналса, Ұлы дала күлге көмілмек.

Бірақ қалауын тапса, күл де – құнды ресурс, нағыз қазына. Германия, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, тіпті Польша көмір жағудан қалатын қалдықты 80–100%-ға дейін кәдеге жаратады. Құрылыс өнеркәсібінде күл бетонның кейбір түрін жасауда қолданылады. Бірқатар көмір түрлерінен сирек және шашыраңқы элементтер – германий, галлий, уран алынады. Көмірді органикалық элементтерді толтыру мақсатында, өсімдік шаруашылығында іске жаратады. Озық мемлекеттерде 100 мың тонна күлден 20 келі алтын өндіріледі.

Үндістан жылу-электр орталықтары жанында өз жобасын жүзеге асыратын компанияларды құрылыста күлді қолдануға міндеттейді. Германияда күлсіз бетон шығармайды. Польша күлді құрылыс материалдарында, цементте, жол құрылысында, тау жұмыстарында пайдаланады. Көрші Қытайда күлден күйдірілген кірпіш, керамзит, бетон, цемент қоспаларын, ауыл шаруашылығына арналған тыңайтқыштар жасайды. Шамамен 15%-ын кені таусылған шахталарды толтырып, жабу үшін шығындайды.

Қазақстан болса, күлді полигондарға төгіп, үстінен таптап көмеді.  Осыдан төрт жыл бұрын отандық "Огнеупор" компаниясының басшысы Айдархан Қалдасов ЖЭО-ларды қалдықсыз ету жолдарын ұсынған. Оның мәліметінше, қазақстандық және ресейлік ғалымдардың әзірлемесі күлден сұранысқа ие 6–7 компонент, соның ішінде алюминий алуға мүмкіндік береді. Елімізде алюминий өндіруге болатын 1 млрд тоннаға жуық күл қордаланған. Бірақ мемлекеттің қолдауынсыз мұндай шаралар өркен жайып кете алмайды.

Бұл жерде Павлодардағы күлден микросфера (алюмосиликатты шариктер) өндіретін зауыт жобасы ел аузында жүрген еді. Алайда енді бұл жобаның тоқырағаны анықталып отыр. Бұған дағдарыс емес, жобаны жүзеге асырушылар арасындағы шиеленіс кесірін келтірген.

Мәселенің мәнісіне тоқталсақ, "Kazcenosphere`s" ЖШС "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында "Көмір электр станцияларының қалдықтарынан микросфера алу зауыты" инвестициялық жобасын жүзеге асыруға кіріскен болатын. Жоба күлдің жеңіл фракциялары шикізатын терең өңдеуді және одан қосылған құны жоғары тауарлық микросфера өндіруді қарастырады.

Бұл жаңа жүйе көмір жағатын және қоршаған ортаны күлді-шлактармен ластайтын электр стансаларының қалдықтарын толық өңдеуді қамтамасыз етуге тиіс еді. Зауыт құрылысы 2020 жылы қолға алынды және 2021 жылы аяқталып, іске кірісуі қажет-тін. Жобаға құйылатын инвестициялардың жалпы көлемі 5 млрд теңге деп хабарланды.

Енді не болды?

"Kazcenosphere`s" ЖШС директоры Абай Қайыржановтың мәлімдеуінше, аталған зауыттың жобасын іске асыру мақсатында 2020 жылғы 6 наурызда компания "Stroi Euro Style" ЖШС-мен бас мердігер келісімін бекітеді. Келісімшартқа сай, бас мердігер жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген жұмыстарды толыққанды орындауға міндеттеледі. Жұмыстардың жалпы құны 420 млн теңгені құраған. Барлық жұмыс былтырғы 20 шілдеде аяқталуға тиіс деп белгіленді.

Содан компания бас мердігерге мәміле жасаған соманың 209 млн теңгесін аударады.

"Келісімге қол қойған соң, наурыз бен шілде айларында бас мердігер өз мойнына алған міндеттемелерін орындаудың кепілі ретінде коммерциялық ірі банктеріміздің бірінен әрқайсысы 126 млн теңге болатын екі банктік кепілдемені ұсынды. Алайда онысының жалған екені кейін әшкереленді. Өткен жылғы 28 қыркүйекте біздің компания банктің Алматыдағы филиалына банктік кепілдеменің берілгенін растау туралы хат жолдады. Банк өз жауабында кепілдеме бланкінде аты-жөндері көрсетілген басшылар ол банкте ешқашан жұмыс істемегенін мәлімдеді", – дейді бизнесмен.

Бұған қоса, бас мердігердің ол банкте ашылған есепшоты жоқтығы анықталды. Тиісінше, оның ұсынған кепілдемесін банк бермеген.

"Бас мердігер шартта көрсетілген жұмыстарды сол бойы орындамады. Құрылыс мерзімдері бұзылды. Құрылыс материалдары, құрылыс жабдықтары сатып алынбаған, сондықтан жеткізілмеген. Жоба жайына қалды. Осылайша, бас мердігер алдау жолымен компаниядан 158,5 милн теңгені ұрлады деп санаймыз. 2020 жылғы 29 желтоқсанда "Kazcenosphere`s" Павлодар қаласының полиция басқармасының Солтүстік полиция бөліміне банк кепілдемесін қолдан жасап, алаяқтыққа бару фактісі бойынша "Stroi Euro Style" басшыларына қатысты шағым бағыттады", – деп хабарлады А.Қайыржанов.

Бұл дерек 30 желтоқсанда тіркеледі. Биылғы 11 ақпанда полицейлер прокуратурамен келісе отырып, қылмыстық істі Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлімінің 2-тармақшасына сай қайта саралады. Бұл бап аса iрi мөлшерде алаяқтық жасалғанда қолданылады және айыптылардың мүлкiн тәркiлеп, 5 жылдан 10 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Енді қылмыстық іс Павлодар қаласының полиция басқармасының тергеу бөлімінің өндірісінде. Жәбірленген компания басшысы "тергеушілер істі созбалаңға салып жіберді" деп алаңдайды. 4 ай ішінде тергеушілер зардап шеккен ЖШС өкілдерінен жауап алыпты. Мердігердің банктік есепшоты бойынша ақпаратқа сұрау салған.

Тек алданған компания директоры бірнеше рет шағымданып, Павлодар полиция департаменті бастығының жеке қабылдауына кіргеннен кейін ғана "Stroi Euro Style" директорынан жауап алыныпты. Қазіргі кезде оған "куәгер" мәртебесі берілген. "Kazcenosphere`s" басшысы мұнымен келіспейді, келісімде соның қолы тұрғанын алға тартады.

"Ол банктік кепілдік бере алмайтынын нақты біле тұра, 420 миллиондық келісімге қол қойды. Тергеушілер бас мердігердің өзге өкілдерін тергемеді. Бүгінде тергеу органы бас мердігерлік компания басшысының мәртебесі тек екінші басшысы тергеуге алынған жағдайда ғана "күдіктіге" өзгертілуі мүмкін екенін жеткізді. Алайда соңғысының қайда жүргенін білмейді, мекенжайын анықтай алмаған. Ешқандай сараптамалар да жүргізілмепті. Банк ұсынған көшірме жазбадан белгілі болғанындай, біз төлеген қомақты соманың үлкен бөлігін келісімге қол қойған сол директор өз жеке есепшотына аударды. Зауыт құрылысына еш қатысы жоқ адамдардың атына да үлкен қаражаттар аударылған, бірақ олардан ешкім жауап алмады", – деп жабырқайды жоба иесі. 

Жалпы, жоғары өнімділікті әрі жаңа технологияларға құрылған әлгі зауыт былтырғы 30 шілдеде салтанатты түрде ашылады деп жоспарланыпты. Әйтсе де сол бойы салынбады.

Бұл іске Ішкі істер министрлігі назар аударды. Ведомство Павлодар қаласының полиция басқармасына бас мердігер компанияның екінші жетекшісін табу және істің мән-жайын толыққанды зерттеу жөнінде тапсырма берді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Кәсіпкердің "тергеушілер істі созуда" деген шағымына орай қызметтік тексеріс тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша айыпты лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.

Мұның бәрін не үшін айтып отырмыз? Бизнесмендер ірі жобаларды жүзеге асырғанда барлық құжаттардың заңды әрі толық болуына баса мән бергені жөн. Өйткені мұндай жағдайлар жиілеп барады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу