Құмар ойынына құмартқандардың әрқайсысы 10 млн теңге қарыз арқалап жүр

4441

Букмекерлік кеңселерде күніне 900, жылына 350 мың адам бәс тігеді.

Құмар ойынына құмартқандардың әрқайсысы 10 млн теңге қарыз арқалап жүр

"Жастар" ғылыми-зерттеу орталығының директоры, саясаттанушы Талғат Қалиев "ҚР ойын бизнесі туралы" заң талаптарын қатаңдату қажет екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, аталмыш заң Парламенттің қарауында жатыр. Болашақта оған өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Саясаттанушының сөзінше, құмар ойынының тұзағына түскен әр қазақстандықтың шамамен 10 млн теңге қарызы бар.

"Құмар ойыны арқылы тез байып, жақсы өмір сүремін деп ойлаған адамдар белшелерінен қарызға батып, ломбард жағалап жүр. Отбасыларының ойранын шығарып, шаңырақтарын шайқап жатқандар да солар", – деді Талғат Қалиев.

Орталық директорының пікірінше, букмекерлік кеңселердің жанынан ломбард ашуға заң арқылы тыйым салу керек.

"Букмекерлік кеңсе мен ломбардтың арасы алыс болса, құмар ойынының құрбандары қолдарында бар дүниені ломбардтарға әп-сәтте тапсырып үлгермейді", – деді Талғат Қалиев.

Оның ойынша, заңға енгізілетін өзгеріс арқылы букмекерлік кеңселерге келіп, бәс тігетін адамдарға шектеу қоюға болады.

"Бір адам бір айда бір немесе екі рет 10-20 мың теңге бәс тігуі мүмкін. Ал ендібір адам күн сайын қомақты қаржысынан қағылып жүреді. Мұндайларға шектеу қойылуы тиіс. Бұл үшін букмекерлік кеңселерге күн құрғатпай баратындардың бірыңғай базасын жасау қажет. Осы арқылы олардың букмекерлік кеңселерге, ломбардтарға, микрокредиттік ұйымдарға баруына тосқауыл қоят аламыз", – деді Талғат Қалиев.

Орталық директоры еліміздегі ірі букмекерлік кеңселердің бірі жылына 250 млрд теңге айналдырып отырғанын айтты.

"Маған осындай мәлімет берілді. Бұл нақты әрі соңғы сома емес, болжаммен көрсетілген сан. Қажет болса, біз бұл деректі тексереміз, нақтылаймыз", – деді Талғат Қалиев.

Сөз арасында ол букмекерлік кеңселердің тұрғын үйлердің төменгі қабатына, оқу орындарының жанына орналасуына рұқсат беру дұрыс емес екенін тілге тиек етті.

"21 жасқа толмаған азаматтардан бәс қабылдағандары үшін букмекерлік кеңселерге 300 АЕК көлемінде ғана әкімшілік айыппұл салынады. 250 млрд теңгенің жанында 300 АЕК ақша ма? Оларға неге 600-700 мың теңге айыппұл салмасқа? Неге олардың лицензиясын алып қоймасқа?" – деді саясаттанушы.

Басқосу барысында ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Байболов құмар ойынымен "ауыратын" адамдар қылмыс жасауға бейім болады.

"Мысалы, 2017 жылы тамызда бір топ адам казинода қомақты қаржыларынан ұтылып қалып, ішкі күйіктерін басу үшін Toyota Land Cruiser автокөлігін өртеп жіберген. Дәл осы жылы сәуірде бинго-клубтың тұрақты ойыншысы автоматтан ұтылып қалып, атасы мен анасын өлтіріп тастаған.

Былтыр Астанада ер адам азаматтық некеде тұрып жатқан әйелін мерт қылды. Бұған әйелдің үйде тұрған ақшаны құмар ойынына салып жібергені себеп болған. Биыл 20 қаңтарда "Парри-матч" букмекерлік кеңсесіне шабуыл жасалып, 1 млн теңгеден астам ақша қолды болды. Күзетші мен кассирдің денсаулығына зақым келтірілді", – деді Мақсат Байболов.

Комитет төрағасының орынбасары ойын бизнесін заңсыз ұймдастыру қылмыстық жауапкершілік жүктейтін жеткізді.

"Ел аумағында букмекерлік кеңсе мен заңды тотализатордың пердесін жамылып, рұқсат етілмеген жерлерде электронды казиномен табыс тауып жатқандар бар. Біз оларға ымырасыз күрес жариялап отырмыз. Өткен жылдың мамыр-тамыз айларында Бас прокуратураның араласуымен 5 ірі шұғыл-іздестіру шарасы ұйымдастырылып, еліміздің 17 қаласында ойын бизнесіне ұйытқы болған 4 трансұлттық ұйымдасқан топ ұсталды. Олар заңсыз әрекет ету арқылы 12 млрд теңгеден астам табыс тауып үлгерген", – деді Мақсат Байболов.

Естеріңізге салайық, былтыр 30 қазанда "ҚР ойын бизнесі туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетіні жарияланды. Сол кезде букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жұмысын ұйымдастыру бойынша бірыңғай оператор құру бастамасы көтерілді. Сонымен қатар тотализатор арқылы ат жарыс пен ит жүгіртуге бәс қабылдауға шектеу қою мен букмекерлік кеңселерге тек спорт сайыстарына ғана бәс қабылдау мүмкіндігі берілуі тиіс деген ұсыныс айтылды.

Осыған қатысты жиында букмекерлік және лотерея бизнесі өзін-өзі реттеу ұйымының атқарушы директоры Гүлмира Бергенова пікір білдіріп, былай деді: "Кез келген монополияның соңы жақсылыққа апармайды. Біріншіден, нарықта бәсекелестік болмайды. Екіншіден, қызмет көрсету сапасы нашарлайды. Үшіншіден, шетелдік компаниялардың экспансиясы басталады. Осылайша, елдегі ақша сыртқа кетеді. Бюджеттік түсімдер азаяды. Нарықта жауапсыз ойыншылар көбейеді. Қысқасы, нарық "көлеңкелі" бизнеске көшеді. Ал бұл бізге керек емес. Егер, ойын бизнесіне қатысты мекемелер заңға қайшы әрекетке барса, лицензиясынан айырылсын, бұған қарсылығымыз жоқ. Алайда ойын бизнесіне қатысты мекемелерді басқа жағынан қыспау керек".

Бүгінде Қазақстандағы ойын бизнесіне бірнеше салық салынады. Атап айтқанда, компаниялар кірістің 20% көлеміндегі қосымша салығын төлейді.  Бұған компанияның шығындары кірмейді. Сондай-ақ әрбір ойын аппаратына салық төленеді. Нақтырақ айтсақ, ойын үстеліне 1660 АЕК, ойын автоматына 60 АЕК, букмекерлік кеңселердің электронды кассасына 3000 АЕК көлемінде салық салынады.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу