Күміспен күптелдік деген осы

921

Лейк-Плэсид Универсиадасының кезекті жарыс күні Қазақстан қоржынына 2 күміс, 1 қола медаль түсті. 

Күміспен күптелдік деген осы

Шаңғыдан эстафеталық жарыста Қазақстан қыздар құрамасы үздік үштіктен көрінсе, шорт-трек шеберлері мен қанатты шаңғышыларымыз  күміс жүлде иеленді. Жерлестеріміздің жеңісі жәйлі Ақшта жүрген тілшіміз Жандос Айтбайұлы әңгімелейді.

Соңғы жылдары шаңғышыларымыздың нәтижесі көңіл қуантпай жүргені жасырын емес. Бейжің олимпиадасынан кейін біраз өзгеріс барын байқадық. Ұлттық құрама тізгінін ұстаған Каникамал Дүйсенова шау тартқандарды шығарып салып, жастарға мүмкіндік беріпті.Солардың біразын  Универсиадаға жіберген екен, аяқ алыстары жаман емес. Ең бастысы командада ауызбіршілік бар. Сол бірліктің арқасында бүгін қыздарымыз қола жүлдеге қол жеткізді.

Эстафеталық жарыста әр спортшының өз міндеті бар. Әсіресе жарысты бастайтын шаңғышыға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Сол жауапкершілікті Айша Рақышева сезіне білді.

Қыздар жүлде алған соң жігіттер де намысқа тырысты. Еуропа мықтыларымен йық тірестіру үшін Ернұр Бексұлтандар әлі көп тер төгу керектігін түсінді. Қазақстан құрамасы мәре сызығын 7-ші болып кесті. Енді ерлер 30 шақырымдық масстартта бақ сынап көреді.

Сәттілік серік болып, Шорт-трек шеберлеріне командалық аралас эстафетада күміс медаль бұйырды. Жартылай финалдан кейін жүлделі орыннан үміт үзгенбіз. Өйткені финалға Оңтүстік Корея бастаған кіл мықтылар шығып біздер Б тобында қалып қойдық. Бақ жанса бәрі әп сәтте екен. Финалда командалар бірінің артынан бірі құлап,  Қазақстан құрамасы күтпеген жерден күміс жүлдегер атанды. Одан кейін Лейк-Плэсидтегі трамплинге тарттық. Әдетте жүлденің ауылынан алыс жүретін қанатты шаңғышыларымызға осы жолы қайран қалдық. Бүгінде топ жаратын тамаша мүмкіндіктері болған. Тек соңғы сәтте ғана Австрияны алға жіберіп, Данил Васильев  пен Сергей Ткаченко командалық сайыстың күміс жүлдесін қанжығаға байлады.

Осылайша жұма күнгі жарыста жерлестеріміз олжалы болды. Қазақстан құрамасы 3 алтын 2 күміс 2 қола медальмен жалпы командалық есепте үздік ондықта келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу