Күнбағыс – диқанның бағы, жердің соры

Шығыс Қазақстан диқандары биыл 1,4 млн гектар алқапқа егін екпекші.

Күнбағыс – диқанның бағы, жердің соры

Қыстың жайлы өтуі диқандарға да жақсы болып тұр. Былтырғыдай күздік дақыл үсіп, шығынға батқан ешкім жоқ. 2017 жылдың күзіндегі қара суықта 1,5 метрлік тоң түсіріп, көктемге қарай 1,7 мың гектарға салынған күздік бидай үсіген болатын. Биыл диқандар мұндай шығыннан аман.

Өсімдік майын өндіруден алдына жан салмай тұрған шығыстық аграрлар биыл да күнбағыс алқабының көлемін азайтпайтын сияқты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сенсек, жыртылған алқаптың 32 пайызына майлы дақыл себілмек.

"Дәнді дақыл алқаптарының көлемі 597 мың гектарға жетеді деген болжам бар. Бұл барлық алқаптың 44 пайызына тең. Ал майлы дақылдар 444 мың гектарға егіледі. Қалған 324 мың гектар жем, шөп дақылына арналмақ. Картоп пен көкеністің үлесі 3 пайыз көлемінде ғана", – дейді өсімдік және жер өңдеу шаруашылығы бөлімінің басшысы Әділет Төлеутаев.

Өңірдегі егінге жарамды жердің  үштен бірінен астамын күнбағыс алқаптары алуы алаңдарлық жайт. Өйткені күнбағыс егілен алқаптың құнарын қайтаруға бірнеше жыл кетеді. Бұл мәселе ресми жиындарда үнемі айтылғанмен, жер иелеріне табанды түрде тыйым салып, пәрмен беріп жатқан ешкім жоқ. Дақылдардың орнын алмастырып пайдалану арқылы топырақтың тозуын тежеу әрекеті ғана табиғатқа келіп жатқан зиянның зардабын азайтып отыр.

"Егіс айналымын сақтау арқылы күнбағыс алқабының көлемін реттеп келеміз. Бұл істе тыңайтқыштың да әсері мол. Біздегі күнбағыс алқаптарының әр гектарына 27 келі тыңайтқыш себу қажет. Ал республикалық орташа талап 13 келі. Осыдан-ақ тыңайтқыштың біздің өңірге қаншалықты қажет екенін көруге болады", – дейді Әділет Төлеутаев.

Оның айтуынша, биыл шаруалар 21 мың тона тыңайтқышқа тапсырып беріп қойған.

Егіске 102 мың тонна дәнді дақыл, 4 мың тонна майлы дақыл, 1,3 мың тонна шабындық, 54 мың картоп тұқымдары қажет. Басқарма мамандары тұқымның барлығы қамбада тұрғанын айтады. Тұқым сараптамадан өтіп, талапқа сай деген қортындыға ие болған. Биыл егілетін дәнді дақылдың 86 пайызын 1-2 санаттағы тұқым құраған. Дәнді-дақылдардың сапасын "КазАгрЭкс" мекемесі бағалаған.

Диқандар көктемгі егіске қажет техника да сақадай сай екенін мәлімдепті. Оларды алаңдатып отырған тағы сол жанармай мәселесі.

Шаруалар көктемгі науқанға деп 32 мың тонна дизельге тапсырыс берген.

Оның тек 17 пайызы ғана диқандардың қолына тиген. Бұл шамамен 6 мың тонна деген сөз.

"Энергетика министрлігі Павлодар мұнай зауытынан 27 мың тонна дизель бөлмекші. Оның құны тасымалдаушылар үшін тоннасына 193 мың теңгеден болмақ. Наурыз айында 8 мың тонна түссе, сәуірге 9 мың тонна, мамыр-маусым айларына 5 мың тонна қарастырылған", – дейді басқарма өкілі.

Қазіргі таңда дизель құны Өскемендегі жанармай стансаларында 193 теңгеден басталады. Ал операторлар өткен айда дизельдің әр литрін 184-185 теңгеден сатқан. Жанармай бағасын жеңілдету, егіс шығындарын азайту сияқты түрлі мақсатқа бөлінген субсидия көлемі облыс бойынша 3,5 млрд теңгеге жетіп отыр.

Қыстан қысылып шыққан шаруаларға несие серіктестіктері жылына 7 пайызбен несие ұсынуда. Оған деген сұраныс өте жоғары. Қазірдің өзінде облысқа бөлінген 1,2 млрд теңгенің 93 пайызын диқандар өзара үлестіріп алған.  

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу