"Күнделік" жүйесіне жұмсалған 5,8 млрд теңгені кім қайтарады

4466

"Ақ жол" фракциясы электронды күнделікті сынға алды.

"Күнделік" жүйесіне жұмсалған 5,8 млрд теңгені кім қайтарады

Депутаттар жүйені енгізген кезде оны әзірлеушілер "Күнделік" ЖШС бас директоры болып табылатын Александр Григорян және министрдің өзінен бастап, министрліктің  өкілдері базаның қызметі үшін оқушылар мен ата-аналарнан ақы алынбайтынын талай мәрте мәлімдегендерін айтады. Яғни электронды сабақ кестесі, журнал, күнделік, мектептің әлеуметтік желісі, оқушының оқу үлгерімінің сараптамасы туралы есеп және басқа да функциялар мейлі ол компьютер, планшет немесе смартфон болсын, тегін болуы керек. Мәжілістің пленарлық отырысында Кеңес Әбсатіров  осыған қатысты депутаттық сауал жолдаған болатын.

"Сонымен қатар әзірлеушілердің өкілдері, сондай-ақ министрлік өкілдері де жоба тендер, қарыз алу немесе несие алу түрінде мемлекеттен қаржыландырылмайтынын айтып сендірген болатын. Олай болса, "Күнделік" ЖШС Қазақстандық мемлекеттік-жеке әріптестік орталығы сайтында көрсетіліп отырғандай, олар жобаға салынған 5,8 млрд теңгені тек жарнаманың есебінен қайтара ма? Бұл тұрғыдан келгенде ата-аналардың аталған ресурсты пайдалануды міндеттеп қойғаны және мобильдік құрылғы арқылы кіргенде көп қызметті пайдалануға қатысты реніштері түсінікті, сондай-ақ мұның барлығы алдын ала ескертусіз жасалуда және пайдалану келісімнің тармақтарына қайшы", – деді саясаттанушы.

Оның сөзінше, "Күнделік" ақпараттық жүйесінің 2016 жылы пилоттық жоба ретінде енгізілгеннен бергі жұмысына ата-аналар тарапынан үнемі сын айтылуда. Белгілі болғандай, 2018 жылы мамырда "Ақ жол" фракциясының аталған өнімді мектептерге енгізудегі қауіпсіздік пен легитимділік туралы депутаттық сауалына жауап берген білім министрі жүйенің мәліметтері министрліктің мемлекетке тиесілі серверлерінде сақталады деген болатын. Депутаттардың мәліметінше, былтырғы жылдың күзінде "Күнделік" ақпараттық жүйесі ақпараттандыру туралы заңда қарастырылған ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келу сынағы рәсімінен өтпей қалған.

"Демек оны пайдалануға енгізу және оған қоса оны мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен біріктіру мерзімінен асығыс жасалған шаруа. Сонда 2018 жылдың қаңтарында мемлекеттік-жеке әріптестік келісімшарты ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келу сынағының нәтижелері туралы актісінің, техникалық құжаттамалардың сараптамасы және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы аттестаттың жоқтығына қарамастан қалай жасалғаны түсініксіз", – дейді депутат.  

Осыған байланысты фракция бірқатар ұсыныс енгізді, атап айтқанда құзыретті органдарға осы жоба бойынша МЖӘ келісімшартын жасау кезінде ақпараттық қауіпсіздік заңнамасының талаптарын сақтауды тексеруді тапсырды. Екіншіден, салалық министрлікке, пайдаланушылардың жүйеге, оның ішінде мобильді құрылғылардан еркін және тегін кіруін қамтамасыз етуді, сондай-ақ әділет министрлігіне пайдаланушы келісімінің заң талаптарына сәйкестігін сараптамадан өткізу сұралды.

Майра Медеубаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу