Күндізгі ауруханалар жабылуда

Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының 26 маусымда шыққан №283 бұйрығына сәйкес күндізгі стационарлар жабылды.

Күндізгі ауруханалар жабылуда

Індеті өршіген, эпидахуалы ушығып тұрған өңірде қара халық жатар аурухана таппай, ақ халаттылардың көмегіне тым зәру. Бірақ неге екені белгісіз, Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы, кейбір емдеу ұйымдарының жұмысын тоқтатып жатыр. Тіпті ондағы медицина қызметкерлерін де ақысыз демалысқа жіберген. Ал аурухананың күндізгі стационарға арналған орындары бүгінде қаңырап бос тұр.

 Облыста коронавирус пен пневмонияға шалдыққандар күн санап қатты қарқынмен өсіп жатыр. Ал науқастардың көптігінен ауруханаларда ине шаншар орын жоқ. Дәрігерлерде күндіз-түні ұйқыны ұмытқан. Тіпті дәрігердің тапшылығынан кей ауруханаларға медициналық университеттің студенттері науқастарға ем жүргізуде.

Ауру ушыққан тұста Қазалы ауданына қарасты күндізгі стационарлық ем жүргізетін аурухананы басқарма жауып тастады, дейді Қазалы ауданаралық ауруханасының күндізгі стационар дәрігері Аралкүл Ашықбай.

"Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының 26 маусымда шыққан №283 бұйрығына сәйкес күндізгі стационарлар жабылды. Медқызметкерлер төменгі еңбекақыға өз еріктерімен жіберілді. Менің төрт мейіркешім демалыста. Өзімді аймақтық дәрігер қылып орналастырды", – дейді дәрігер.

Қазір бұл ауруханадағы 15 науқасқа арналған орын бос тұр. Ешкім жатқызылмағандықтан мұндағы төсек-орындар жинаулы күйде. Науқастардың көптігіне қарамастан бірнеше медбике демалысқа жіберілген. Бұл тек Қазалы ауданында ғана емес, облыстың барлық ауруханаларындағы жағдай екен. Ал індет кезінде мұның зардабын тұрғындардың тартып отырғаны белгілі.

"Қазалыда 80 мыңнан аса халық бар. Соның жартысы ауру. Ем алып жататын жер жоқ. Мен, мәселен таңғы 9-да келдім, 12-ге дейін бір-ақ укол салып үлгерді. Коридор толған кезектегі халық. Неге десем, күндізгі бөлімді жауып тастаған екен", – дейді аудан тұрғыны Пейішкүл Рысбаева.

Қазалыдағы аурухана қазір тек емхана ретінде жұмыс істеп тұр. Ал тұрғындар осындай дайын орындарға неліктен күніне ағылып жәрдем сұрап келген науқастарды жатқызбайтынын түсінбей әлек.

Бұл солтүстік аудандағы жағдай болса, оңтүстіктегі ауданның тұрғыны Қарасай-Қараш Жорабекұлы облыс бойынша өлім-жітімнен Жаңақорған ауданы алға шығып кеткенін айтады.

"Кешегі айдың 10-жұлдызынан, бүгінге дейінгі аралықта біздің Жаңақорған ауданынан қаншама адам қайтыс боп кетті. Қайтқан кісілердің дені жұқпалы індеттің салдарынан екені белгілі болып отыр. Бұл дегеніңіз аудандық емхана басшысының әрекетсіздігі. Өкінішке қарай, бүгінгі жағдай еш кешіруге жатпайтын, зұлымдық деген бағаға сай болып тұр", – дейді ашынған тұрғын.

Қызылордадағы ауруханалардың күндізгі емдеу бөлімдерінің жұмысы неліктен тоқтатылғаны жөнінде денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мынадай мәлімдеме жіберді.

"ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылдың 22 маусымындағы "Коронавирусты инфекцияның симптомсыз түрінен ауыратын науқастарға амбулаторлық көмекті ұйымдастыру туралы 2020 жылдың №380 бұйрығы негізінде облысымызда коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету деңгейінде уақытша скринингтік тексерулер, профилактикалық тексерулер, жоспарлы стоматологиялық қызмет, оқушылардың денсаулығын қорғау қызметтері, медициналық оңалту ІІІ сатысы, салауатты өмір салтын ұстану бойынша шаралар және психологиялық көмек көрсету уақытша тоқтатылған болатын.

"Ауруханадағы күндізгі стационар деңгейінде науқастарды емдеу оларға жұқтыру қаупін арттырады. Сол себепті амбулаториялық жағдайда емделетін пневмонияны үй жағдайында стационар арқылы емдеу жұмыстары басталды. Халықтың денсаулығын қорғау мақсатындағы уақытша орын алған жағдайға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз", – деп жазылған мәлімдемеде.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу