"Күннің температурасынан бірнеше есе жоғары": Көрші ел 2030 жылы термоядролық энергия өндіруді бастайды

Бүгінде Қытай мен Франция осы бағытта бәсекеге түсіп жатыр.  

"Күннің температурасынан бірнеше есе жоғары": Көрші ел 2030 жылы термоядролық энергия өндіруді бастайды Фото: Bild

Бұл технология болашақта орасан мол электр энергиясын өндіруге мүмкіндік беруі ықтимал, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Қытай осы мақсатқа бір қадам жақындады. Хэфэй қаласында салынып жатқан BEST термоядролық қондырғысының құрылысы жартысынан аса орындалған. Ғалымдар 2030 жылдар шамасында бұл қондырғы арқылы термоядролық синтездің көмегімен электр энергиясын өндіруге болатынын көрсетуді жоспарлап отыр.

Ғалымдардың жоспарына сай, термоядролық электр станциясында температурасы 100 миллион градус Цельсийден асатын плазма түзіледі. Бұл – Күннің орталығындағы температурадан бірнеше есе жоғары көрсеткіш. Салыстыру үшін айтсақ, Күн ядросының температурасы шамамен 15 миллион градусқа жетеді. Зерттеушілер "жанып тұрған плазма" іс жүзінде сарқылмайтын энергия көзіне айналады деп үміттенеді.

Десе де, мұнда күрделі мәселе бар: Жердегі бірде-бір материал мұндай жоғары температураға ұзақ уақыт бойы төтеп бере алмайды. Сондықтан, плазманы реактордың қабырғаларына тигізбей, қуатты магнит өрістерінің көмегімен белгілі бір кеңістікте ұстап тұру қажет. Ол үшін асқын өткізгіш магниттер қолданылады. Станция жұмыс істеп тұрған кезде бұл магниттерді шамамен минус 269 градус Цельсийге дейін салқындату керек. 

Қытай ғалымдары бұл бағытта бірқатар маңызды жетістікке қол жеткізді. EAST эксперименттік реакторында зерттеушілер температурасы 100 миллион градустан асатын плазманы 1 066 секунд бойы тұрақты күйде ұстап тұрды. Бұған қоса, физиктер жазда жаңа қондырғыға арналған асқын өткізгіш магниттерді сәтті сынақтан өткізді. Салмағы 581 тонна болатын алып магнит орамдары плазманы реактор қабырғаларына тигізбей, белгілі бір кеңістікте ұстап тұруға тиіс.

Бұл халықаралық бәсекеде Қытайдың басты қарсыластарының бірі – Франция. Елдің оңтүстігіндегі Кадараш қаласында әлемдегі ең ірі термоядролық жоба – ITER реакторы салынып жатыр. Қазан айының басында нысанға алып вакуум камерасының Еуропада жасалған соңғы сегменті жеткізілді. Бұл – реактор құрылысындағы маңызды кезеңдердің бірі.

ITER жобасын 2034-2036 жылдары пайдалануға беру жоспарланған. Ал Қытайдағы BEST қондырғысы арқылы термоядролық синтезден электр энергиясын өндіру мүмкіндігін 2030 жылдар шамасында көрсету көзделіп отыр. Осы жоспарлар жүзеге асса, Қытай бұл бағытта Франциядан озып шығуы мүмкін.

Термоядролық энергияның дәстүрлі атом энергетикасымен салыстырғанда бірқатар артықшылығы бар. Біріншіден, оған қажетті отынды экологиялық тұрғыдан тиімді тәсілдермен өндіруге болады. Екіншіден, реактордың белсенді аймағының апатты жағдайда балқып кету қаупі болмайды. Егер қондырғының жұмысы бұзылса, термоядролық реакция өздігінен тоқтайды.

Сонымен қатар, термоядролық синтез нәтижесінде ұзақ уақыт бойы қауіптілігін сақтайтын радиоактивті қалдықтар атом энергетикасындағыдай көлемде түзілмейді. Бұл оларды мыңдаған жыл бойы қауіпсіз сақтауға қатысты мәселені едәуір жеңілдетуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу