КҰП үкіметке шығындарды оңтайландыруды ұсынды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2640

Тек осыдан кейін ғана бизнес тарапынан төлемді арттыру мүмкіндігі туралы айтуға болады.

КҰП үкіметке шығындарды оңтайландыруды ұсынды Фото: Мария Матвиенко

ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен "Атамекен" кәсіпкерлердің  ұлттық палатасының кеңейтілген отырысында КҰП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев осындай пікір білдірді. Жалпы отырыс КҰП жұмысының аралық қорытындысын талқылаудан басталды.

"Биыл жалған кәсіпкерлік бабының алынып тасталғанын айтқан болатынбыз, бірақ та 35 мыңнан астам контрагенттің "Жалған кәсіпкерлік" бабы бойынша мәселесі шешілмей қалды. Біз МКД-мен (қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті – автор ескер.) бірігіп бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Ерболат Асқарбекұлына бізді қабылдауға, жоқ дегенде өсімақы мен айыппұлдарды алып тастауға  тапсырма берсеңіз. Осылайша бір шешім таппай тұрған 35 мың кәсіпкер үшін бұл проблеманы шешіп берсеңіз деген өтінішіміз бар", – деді Тимур Құлыбаев.

Екінші мәселе кеденге қатысты болды. Үкіметте мұнымен жеке вице-министр айналысады.

"Цифрландыру мәселесіне басымдық беріліп отыр. Біз "Бизнеске арналған үкімет" дейміз, яғни республикалық, өңірлік деңгейде рұқсат беру және бизнесті мемлекеттік  қолдау мәселелері бойынша көрсетілетін барлық қызметті жинақтау керек. Бұл жер мәселесі, ең бірінші кезекте, инженерлік ғимараттарды қосу. Кәсіпкерлермен электронды түрде мобильді сөйлесу үшін өңірлік деңгейде көрсетіліп жатқан барлық қызметті қосу қажет. Бұл біріншіден, ыңғайлы, ашық және жемқорлық тәуекелін төмендетеді. Себебі бақылау-қадағалау функцияларын айтарлықтай қысқарттық. Яғни  санитарлық қағида бойынша 80%-дан артық, өрт қауіпсіздігі бойынша да осындай жұмыс атқарылды. Жалпы 30%-ға қысқарады. Алайда қалғандарының өзі де бизнес үшін проблема жасауға жетіп жатыр. Сондықтан үкіметтен бұл мәселеге басымдық танытуды сұраймыз", – деді Тимур Құлыбаев.

Ол Еуразиялық экономикалық одақ аясында кедендік процестер электронды форматқа көшетінін де еске салды.  

"Біздің кодексте бар 17 кедендік рәсім электронды форматқа көшірілуге тиіс. Бұл кәсіпкерлер үшін түсінікті және ыңғайлы болуы үшін біз бұл қызметті қолданушы ретінде қатысуға дайынбыз. Бір мерзімді белгілейік. Келесі жылы барлық 17 рәсімді электронды форматқа көшіруге болады деп ойлаймын. Бұл мәселені талқылау үшін министрге тапсырма берсеңіз, отырып талқылап, алдағы жылы маусым айында съезде аралық нәтижелерді айтайық", – деді Тимур Құлыбаев.

КҰП төралқасының төрағасы  кедендік рәсімдер бойынша мәселелер қазақ-қырғыз шекарасында да туындайтынын атап өтті.

"Қырғызстан тарапынан заңсыз кеден бойынша жүздеген қылмыстық іс қозғалды. Бұл нені білдіреді? Бұл жағдайдың күрделенгенін, ол жақтан үлкен контрабанда келіп жатқанын білдіреді. Біз сонда оны осыған дейін білмедік пе?  Яғни кедендік бақылау жүйесінде мәселе бар. Біріншіден, бұл процесті кәсіпкерлер үшін ыңғайлы етіп жасау керек. Екіншіден, кеден комитетіне жүктелген аталған функциялар шынымен де орындалып, дәл сол алымдар есебінен ел бюджетін толтыру қажет", – деді ол.

Тимур Құлыбаев  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жайын да тілге тиек етті.

"Мемлекет басшысы тапсырма берді. Біз ол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Өтініш. Бизнестің ұстанымы сондай, біз оны жеткізіп келдік. Тек қайталап айтқым келеді. Қазір не болып жатыр? Бюджеттік бағдарламалардың теңгерімі қайта бұзыла бастады. Үкімет қайда қарап отыр? Қандай да бір салықты көтерейік дейді. Үкіметтің қолынан әйтеуір бір төлемді көтеру ғана келеді. Демек  зейнетақы, әлеуметтік салық, міндетті медициналық салық – барлық төлемдерді есептей келгенде, қысым деуімізге болатын шығар. Бізде қазір 40%-дан көп (бизнеске жүктеме. – автор.ескерт), еңбекақы қайтадан көлеңкелі айналымға кете ме деп қауіптенеміз. Бұл мемлекетке де оңайға соқпайды. Бізде онсыз да 2,7 млн өзін-өзі жұмыспен қамтығандар көлеңкеде жүр. Үлкен әлеуметтік салықтарды төлеуге қиналатын шағын кәсіпорындар тұр. Олар да көлеңкелі айналымға кетуді ойлай бастайды. Біз олай етпеуіміз керек!" – деп атап өтті ол.

Оның пікірінше,  үкімет өзінің басқаруындағы белгілі бір мемлекеттік органдардың шығыстарын қысқарту мүмкіндігін талдауы керек. Тимур Құлыбаев мемлекеттік органдар салық төлеп отырған бизнеспен қарым-қатынаста "адал болатынына"  сенімді.

"Бизнес барлық бастамаға үн қатады, алайда диалог әділ болуы керек. Сондықтан біз ұсыныс жасаймыз. Депутаттарды тарта отырып, биыл барлық үлкен әлеуметтік мекемелердің шығындарына талдау жасап көрсек. Ең алдымен денсаулық сақтау министрлігіне, білім министрлігіне, байқап көру үшін. Біз бизнесмендерміз, аталған жүйеде МЖӘ-ні қалай іске қосу керегін айтамыз. Сатып алуда қалай үнемдеудің жолын нұсқаймыз. Бізде бұл үшін жеке компания бөлінген, онда үнемі дау туындап жатады. Биыл ондағы адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартты, яғни ахуал жайсыз дегенді білдірсе керек. Сонымен қатар салықты көтерейік және  шығыстарды тепе-теңдікке келтіру жолын қарастырайық дейміз. Олай болса аталған министрліктердегі шығыстарымызға оңтайландыру жүргізейік, тек содан соң бизнестен қалай төлем жасау керектігін талап етейік", – деді Тимур Құлыбаев.

Оның сөзінше, жалпы алғанда бизнес ММСЖ қолдайды.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу