Қазақстан ешкімге өтпей, тау-тау үйілген цементтің астында қалуы мүмкін

628

Қазақстанда цемент өндірісінің күрт құлдырауы байқалды.  

Қазақстан ешкімге өтпей, тау-тау үйілген цементтің астында қалуы мүмкін Фото: energyprom.kz

Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап TradingEconomics хабарлауынша, Қазақстанда цемент өндірісінің күрт құлдырауы тіркелуде: сала көрсеткіштері 2025 жылғы маусымдағы 1 миллион 956,70 мың тоннадан қыркүйекте 1 млн 351,3 мың тоннаға дейін құлдырады.  

Ал, өткен қазан айының қорытындысында саланың ахуалы да, болашағы да тіпті "түнере" түсті: өндіріс 1 млн 204,5 мың тоннаға дейін құлаған.

Бұған қоса, сыртқы сұраныстың азаюы және халықаралық сауда жолында кедергілердің туындауы кесірінен қазақстандық цемент экспортының шектелуі де жағдайды ушықтыра түсті. Мысалы, өзбекстандық Upl.uz порталының жазуынша, 2025 жылы өзбекстандық цемент саудасының құрылымы түпкілікті "тарихи" бетбұрысты бастан кешті: республика импортқа тәуелділіктен құтылып, экспорттық мемлекетке айналды.

ӨР Ұлттық статистика комитетінің деректері де мұны растайды: былтырғы ұқсас кезеңге қарағанда биылғы үш тоқсанның қорытындысында осы стратегиялық құрылыс материалының сырттан тасылатын импорты бірден 8,6 есеге кеміді. Сонымен бір мезгілде Өзбекстанның халықаралық "қара базарға" өткізе алған төл экспорты 4 есеге жуық ұлғайды және ала шапанды ағайынның бұл салада да жаһандық нарықтарды жігерлі жаулай бастағанын паш етті.     

Сонымен, 2025 жылғы 9 ай ішінде Өзбекстан шетелден небары 72 мың тонна цемент тасыған және бұл үшін 4,4 миллион доллар ғана төлепті. Жеткізілім 13 елден жүзеге асырылды.

Алайда көшбасшы екеу ғана. Бұлар – жыл басынан бері оңтүстік көршісіне осы өнімінің 33,74 мың тоннасын сата алған Қазақстан және 31,22 мың тоннасын жеткізген Иран. Бұлардан кейін орналасқан Қырғызстан (2,65 мың), Тәжікстан (2,5 мың) және Ресей (1,15 мың тонна) еншісіне символдық мәнге ие ғана үлес тиесілі.

Импорттың күрт әрі ғаламат "шөгуі" аясында өзбекстандық цементтің экспорты таңдай қақтырарлық оң динамика көрсетуде: әлгінде айтылғандай, 4 есеге жуық (3,8 еседен аса) өскен. Жыл басынан бері Өзбекстан шетелге рекордтық 1,08 миллион тонна цемент жеткізді. Бұл өнім оңтүстік көршімізге 44,4 миллион доллар табыс әкелді.

Бұл ретте өзбек цементі көрші мемлекеттердің нарығын емен-жарқын жайлауда. Қырғызстан өзбекстандық өндірушілердің басты өнім өткізу нарығына және ірі импорттаушыға айналды: Алатаудың арғы баурайындағы ел осы көршісінен 488,7 мың цемент импорттады. Бұл Өзбекстанның бүкіл импорттық көлемінің 45%-ынан астамын құрайды.

Көршінің ақпарат құралдарының жазуынша, "екі ел арасында сауда тартыс-таластарының туындағанына қарамастан", Қазақстан екінші орынға шықты: одан 316,79 мың тонна цементті сатып алды және Өзбекстан экспортының 29,4%-ын бір өзі қамтамасыз етті.

Үштікті Ауғанстан тұйықтады: алып плотиналар мен ГЭС-тер, шөлейтті даланы ауыл шаруашылығы жерлеріне айналдыруға тиіс 285 шақырымдық Көш-төбе (Кош-Тепа) су арнасы, тұрғын үй құрылысы сияқты түрлі жобаларды қолға алып жатқан ауған еліне Өзбекстан жыл басынан 272,74 мың тонна цемент жөнелтті. Бұл – оның экспортының 25,3%-ына тең.

Жергілікті сарапшылар импортқа тәуелді елді экспорттық қарымды мемлекетке айналдырған мұндай революциялық трансформацияның себепкері ретінде ішкі өндірістің алапат қарқынмен өсуін атады. ӨР цементтік зауыттары 2025 жылғы 9 айда 15,3 миллион тонна өнім шығарған. Бұл 2024 жылғыдан 28,5%-ға көп.

Дегенмен, осындай жағдай қазақстандық тарапты қапаландырып отыр. Қазақстанның QazCem цемент және бетон өндірушілер қауымдастығының төрағасы Ербол Әкімбаев көрші ел тарапынан  "құпия бұйрықпен" бейресми шектеу енгізілгенін жариялады.

Forbes Kazakhstan басылымына сұхбатында ол биылғы шілдеден бастап, өзбекстандық шенеуніктердің өз кеденіне қазақстандық цементті әр тоннасын 300 доллардан арзан рәсімдеуге тыйым салғанын баяндады. Шынында, қазақстандық цементтің әр тоннасы шамамен 30 доллар ғана тұрады.

Рәсімдеу бағасы неғұрлым жоғары болған сайын ол үшін төленетін салықтар, баж алымы да соғұрлым жоғары болатыны белгілі. Әкімбаевтың байламынша, импорттаушыларды қазақстандық өнімді шын құнынан 10 есе қымбат бағаға декларациялауды талап ету кедендік төлемдерді де бірнеше есе өсірді және қазақстандық цементті импорттауды мүлдем табыссыз етті.

Салдары естен тандырарлықтай: қазақстандық статистика бойынша биылғы тамыз айында Қазақстаннан Өзбекстанға жеткізілетін цемент экспорты 7 жылда алғаш рет нөл межесіне дейін құлдырады.

QazCem қауымдастығы басшысының болжауынша, мұндай шараға көршіні өзбекстандық зауыттардың өнімді қажетті көлемнен әлдеқайда артық шығаруы итермеледі. Сондықтан қауымдастық қазіргі кезде ҚР Үкіметімен және QazIndustry индустрия орталығымен бірге, қалыптасқан жағдайды және жауап қадамдарды талқылап жатыр. Өз кезегінде қауымдастық ішкі нарықты қорғауға бағытталған ұқсас шараларды шұғыл енгізуді ұсынып отыр.

Бүгінде Ресей де ішкі нарығын қорғау және импорт алмастыру бойынша кешенді шараларды қабылдап жатыр. Осылайша, негізгі нарықтардан қазақстандық өндірушілердің шеттетіле бастағанына қарамастан, Қазақстан жаңа цемент зауыттарын салып жатыр.

"Бізде жалпы қуаттылығы жылына 18 миллион тоннаны құрайтын 16 цемент зауыты бар. 2018 жылы Жамбыл облысындағы Хантау кентінде орналасқан зауыт ресми түрде жабылып тынды. Биылғы сәуірде Қостанай облысындағы Рудный цемент зауыты сот арқылы банкрот деп танылды. Ақмола облысындағы "Көкше-Цемент" зауытының ары қарайғы тағдыры "қыл" үстінде. Онда шілдеден бері жалақы төлеу доғарылған. Оның бәрі өнімін өткізетін нарық таппай жабылуда. Салада дағдарыс туындады. Өнім шығару қуаттылығы елге қажеттіден 1,5 есеге көп, таяуда 2 есеге дейін асып түседі", – деп түсіндірді "QazCem" басшысы Ербол Әкімбаев.

Ол бүгінде елде тағы 3 жаңа зауыт салынып жатқанына назар аудартты. Соның ішінде мысалы, жылына 2 миллион тонна өнім жасай алатын Aktobecem алып цемент зауытын толыққанды іске қосу 2026 жылға жоспарланған.

Цемент болса, қазірден артылып, тау-тау болып үйіліп, босқа бүлініп жатыр. Әкімбаевтың дерегінше, соңғы 4–5 жылда Қазақстанның цементке деген бүкіл қажеттілігі 11,5–12 млн тонна деңгейінде ғана болды.

Ал, қолданыстағы отандық зауыттардың техникалық әлеуеті 18,5 млн тонна өнім өндіруге жетеді. Олардың көбі енді толық жүктелмеген күйде жұмыс істеуде. Бұлардың қатарына жаңа зауыттар қосылса, елдегі жалпы өндіріс 22 миллион тоннадан асып жығылуы мүмкін. Салдарынан, Қазақстанда басыартық қуаттылықтар көлемі он миллионнан асатын түрі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу