Құрама Штаттар үкіметі қазанның 1-інде жабылуы мүмкін

1316

Бұған жаңа бюджеттің қабылданбауы себепші. Конгресс бір шешімге  келмесе, миллиондаған мемлекеттік қызметкер жалақысыз қалып, жұмыстан босатылады. 

Құрама Штаттар үкіметі қазанның 1-інде жабылуы мүмкін Фото: Fox News

АҚШ-тың Федералдық үкіметі жабылуға (шатдаунға) беттеп барады. Ол жабылса, талай қызмет тұралап, жұмысшылар ақысыз демалысқа кетіп, саясаткерлерге сергелдеңге түседі. Себебі Өкілдер палатасындағы республикашылдардың бюджетке қатысты тым талапшылдығы Конгрессте федералдық шығындар жөніндегі тайталасты күшейтейін деп отыр - келесі жылдың қаржылық құжаты қабылданғанша.  

Кейбір мемлекеттік мекемелер салықтан босатылғанымен, өзге қызметтер айтарлықтай шектелмек. Ал федералдық агенттіктер аса қажетті емес деген әрекеттерді тоқтатып, миллиондаған мемлекеттік қызметкер жалақысыз қалады. Солардың қатарында әскерилер де бар. 

Қазанның 1-де Құрама Штаттар үкіметі жабылса не болады? Бұл сауалға қысқаша жауаптар төмендегідей: 

Үкіметтің жабылуы деген не?

Құрама Штаттар үкіметі Конгресс қаржылық құжатты қабылдай алмағанда жабылады. Жалпы алғанда, халық қалаулылары федералдық үкіметтегі агенттіктерді қаржыландыру үшін 12 заң жобасын мақұлдауы керек. Бұл процесс көп уақытты қажет етеді. Ал осы уақыт ішінде үкіметтің қызметін жалғастыру үшін бұрынғы бюджет заңының мерзімін ұзарта тұруға тура келеді. Ол мүмкін болмаса, федералдық агенттіктер маңыздылығы жағынан екінші тұрған қызмет түрлерін доғарып, бюджет қабылданғанша айлық төлеуді тоқтатады.  

Дегенмен, әуе диспетчерлері, поцицейлер тәрізді ең қажетті қызметкерлер жұмысын жалақысыз болса да жалғастыруға міндетті, ал өзге мемлекеттік қызметкерлер жұмыстан босатылады.  2019 жылы қабылданған заң бойынша, шатдаун кезінде жұмыссыз және еңбекақысыз қалғандарға Федералдық үкімет бюджеттік тығырықтан шыққаннан кейін жалақы бойынша қарыздарын төлеуге тиіс. 

Үкімет қашан және қанша уақытқа тоқтайды?

Мемлекеттік қаржыландыру уақыты жаңа федералдық бюджет жылы басталғанда, яғни, қазанның 1-де аяқталады. Дәлірек айтсақ, Конгресс президент қол қоюы тиіс қаржыландыру жоспарын қабылдай алмаса, үкімет іс жүзінде түнгі сағат 12-ден 1 минут кеткенде жабылуы керек.

Шатдаунның қаншаға созылатынын болжау қиын. Себебі Конгресс Сенаты демократтардың, ал Өкілдер палатасы - республикалықтардың бақылауында. Демек, даудың оңай шешілуі екіталай. Сондықтан жұрт бірнеша апталық жабылуға әзірленіп жатыр. 

Үкіметтің тоқтауы кімдерге әсер етпек?

Миллиондаған федералдық жұмысшы үшін үкімет жабылған кезде жалақы кешіктіріледі. Соның ішінде 2 миллионға жуық әскери қызметкер мен бүкіл ел бойынша 2 миллионнан астам азаматтық қызметкер бар.

Федералдық (мемлекеттік) қызметкерлердің 60%-ға жуығы қорғаныс, ардагерлер істері және ішкі қауіпсіздік департаменттерінде жұмыс істейді.

Федералдық қызметкерлер барлық 50 штатта бар және олар салық төлеушілермен тікелей өзара әрекеттеседі - әуежайларда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін көлік қауіпсіздігі басқармасының агенттерінен бастап пошта қызметкерлеріне дейін.

Федералдық жұмысшылардан басқа, шатдаун мемлекеттік қызметтерге айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Клиникалық сынақтарға, отты қаруларға  рұқсаттар мен төлқұжаттар рәсімдеу сияқты мемлекеттік қызметтерге өтініш берген адамдар ұзақ күтуге мәжбүр болады.

Сонымен қатар, федералдық үкіметпен тығыз байланыстағы кәсіпорындар, мысалы, ұлттық парктер айналасындағы туристік қызметтер үзілістерге тап болуы ықтимал. АҚШ туристік индустрия қауымдастығының мәліметінше, туристік сектор жабылған кезде күн сайын 140 миллион доллар жоғалтуы мүмкін.

Сондай-ақ үкіметтің жабылу қаржы нарықтарын да теңселтпек. Goldman Sachs бұл тоқтау экономикалық өсімді әр апта сайын 0,2%-ға төмендетеді деп болжап отыр.

Сот істеріне, Конгресс жұымысына, президент жалақысына әсері қандай?

Президент пен Конгресс мүшелері жұмыстарын жалғастырады және жалақыларын ала береді. Дегенмен, олардың соншалықты маңызды саналмайтын кез келген қызметкері жұмыстан босатылады.

Сот органдары сотқа жүгінулер мен басқа да төлемдерден түскен қаражатты, сондай-ақ өзге де қаржыландыру тетіктерін пайдалана отырып, шектеулі уақытқа қызметтерін жалғастыра алады.

Демек, бұрынғы президент Дональд Трамп пен президент Джо Байденнің ұлы Хантер Байденге қарсы істер тоқтатылмайды. 

Бұрын үкімет жабылды ма?

1980-ші жылдарға дейін  қаржыландырудағы кідіріс үкімет операцияларының айтарлықтай тоқтап қалуына әкелмеді. 

1976 жылдан бері қаржыландыруда 22 олқылық орын алып, соның 10-ы жұмысшылардың еңбек демалысына кетуіне себепкер болған. Бірақ америкалықтар айтарлықтай шатдаундарға  Билл Клинтонның президенттік кезеңінен бері көп куә болып келеді. 

АҚШ үкіметі 2018 - 2019 жылдары ең ұзаққа жабылды. Сол кездегі президент Трамп пен Конгресс демократтары Мексикамен арадағы шекарада қабырға құрылысын қаржыландыру мәселесінде дауласқанда федералдық қызметтер 35 күнге тоқтаған. 

Үкімет қайта ашылуы үшін не істелуі керек?

Үкіметті қаржыландыру Конгресстің міндеті. Палата мен Сенат қандай да бір жолмен жаңа бюджетке келісулері тиіс, ал президент ол туралы заңға қол қоюы керек.

Бірақ қатаң республикашылдар барлық 12 заң жобасы мақұлданғанша, үкіметтің жұмысын доғаруды талап етіп отыр. Бұл талап орындалатын болса, шатдаун желтоқсанға дейін созылуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу