Пайдалы ма, пайдасыз ба, бұл кәсіптің танымал болып тұрғанына қарағанда, ел ішінде қызметіне жүгінетіндер саны аз емес. Жұртшылықтан осылайша жеңіл ақша жиғандар бұған дейін мемлекетке салық төлемей, еркін жұмыс істеп келген болатын. Енді көп ұзамай коуч пен курс сатқыштардың басына қара бұлт үйірілуі мүмкін.
Негізі бұл тақырып былтырдан бері мінберлерден жиі айтыла бастады. Бір ғана 2024 жылы Қазақстанда коуч қызметіне қатысты 877 шағым түскен. Оңай өмір сүруді, мол ақша табуды, белгілі бір кәсіптерді үйретеміз деген сабақтарды сатып алғандар кейін еш нәтижеге қол жеткізе алмай, құзырлы органдарға жүгінген. Өзгені оқытамын деген білгірлердің көбінде білімін растайтын сертификаты болмай шықты.
Қоғамда бұл тақырыптың өзектілігін жыл басында-ақ бір оқиға байқатты. Коуч әрі психолог ретінде танылып жүрген Бақытбай Сабырбектің кезекті терапиясындағы бейнежазба елге таралған болатын. Онда коуч ерекше баласы бар анаға артық сөздер айтқан. Қоғам сынынан кейін коуч әйелден кешірім сұрағаны есте.
Өткен желтоқсан айында Премьер-министр Олжас Бектенов коучинг қызметінің кәсіби стандарты бекітілетінін мәлім еткен еді. Стандарт бекітілгеннен кейін коуч ретінде пайда тапқысы келетін қазақстандықтар ICF халықаралық коучинг федерациясынан сертификат алу керек болады.
"Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңға түзетулер әзірленді. Онда коучтардың өзінің кәсіби біліктілігін тану туралы сертификатқа ие болуын, оны тұтынушыға таныстыруды міндеттейтін, сондай-ақ тұтынушыға өзі көрсететін қызметке қатысты жаңылыстыратын ақпаратты, жалған жарнаманы таратуға тыйым салатын нормалар енгізілді. Егер тұтынушылардың құқықтарын бұзу жаппай сипатта болса немесе үлкен залал келтірілсе, мұндай фактілер Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша, яғни, алаяқтықпен қаралады.
Көп өтпей Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген жаңа заң жобасы туралы мәлімет тарады. Заң жобасы "Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы" заңның 16-бабын толықтырған. Оған сай, кез келген салаға байланысты оқыту курстары немесе білім беру материалдары жарияланғанда, мұндай контентте міндетті түрде автордың білімі туралы ақпарат көрсетілуге тиіс. Міне, осылайша коуч болу болу мен курс сату бұрынғыдай оңай болмайды.
Жалпы, бұл тақырыпты әлеуметтік мәселеге жатқызсақ та жаңылыспаймыз. Дамыған елдер мұндай контенттер сыни ойлаудың әлсіреуіне әсер ететінін, ғылымға, білімге емес, мистикалық түсініктерге сүйену көбейіп, жалпықоғамдық сананың деңгейіне ықпал жасайтынын анықтаған.
Шындығында курс сатып алу адамдардың әлеуметтік дағдарысының көрінісі болуы мүмкін. Адамдар отбасындағы қарым-қатынасын реттей алмай, несиесі көбейіп, кейбірі өз болашағынан қорыққан кезде өзіне деген сенімі азайып, түрлі коучтардан қолдау іздейді.
Барлық мәселе арнаулы заңның болмауынан туындаған еді. Олардың сапасына, қаржылық жағдайына байланысты құқықтық баға берілмей келді. Салдарынан кім көрінген жарнамасын жүргізіп, өзін білгір санады. Сенгендер де аз болмады. PR маман Дина Ораздың айтуынша, енді жаңа ереже қолданысқа енсе, олардың аяғына тұсау салынады. Ақыры курс сататындар кәсіби білімін дәлелдеп қана табыс табады.
– Дегенмен коучтар заңды аттап, жалған сертификат, диплом көрсетуі мүмкін. Сондықтан тұтынушылардың да деңгейін көтеру қажет. Сарапшылар қандай маманға сенуге болатыны жайлы контент ұсынса, халық білімі жоқ адамнан курс сатып алуды қояр еді. Енді заң бойынша тіркеліп салық төлейтін болса, эксперттер де аяқ тартып, курс сапасын арттырады деп ойлаймын. Тіпті, салада өз білімі болмаса да, екінші экспертті тарту арқылы курс сатады, – дейді сарапшы.
Бір сөзбен айтқанда, салаға жаңа дәуір орнады деуге болады. Тек сапалық жағынан ғана емес, қаржылық тұрғыдан да. Сондықтан қызметі ресми сертификатпен дәлелденген, жұртты ұйытар алар мықты коуч немесе курс сатушы болмаса, салықтардың әсерінен бұл кәсіп кез келгенге табысты болмайды.
Өйткені биылдан бастап жеке кәсіпкерлер қысқартылған 3 пайыздық салық төлеумен шектелмейді. Жарнамамен айналысатындар 10 пайыздық салық режиміне көшті. Мәселен, жарнама саласында жүрген бір кәсіпкер жобадан 500 мың теңге тапса, бұрынғыдай 3 пайызын, яғни, 15 мың теңге салық төлеп құтыла алмайды, 10 пайызы – 50 мың теңге төлейді. Оның үстіне кәсіпкердің жылдық қаржы айналымы 43,25 млн теңгеден асып кетсе, тағы 16 пайыз қосылған құн төлеуге мәжбүр болады.