Күршімдегі мұз көпір жайлы естіп пе едіңіз?

1327

1.5 тоннадан аспайтын көліктерге ғана жүруге рұқсат етілген.

Күршімдегі мұз көпір жайлы естіп пе едіңіз? Фото: inbusiness.kz

Шығыс Қазақстандағы Күршім, Катонқарағай, жаңадан құрылған Марқакөл, Зайсан ауданының тұрғындары бір аптадан бері Бұқтырма су қоймасындағы мұз өткелінен өтіп жатыр. Екі жағаның ара қашықтығы шамамен 4 шақырымды құрайды.

Жолаушылар осы өткелден жандарын шүберекке түйіп өтетіндерін айтады. Жуықта біз де көк жалтыр мұз үстінен өтіп көрдік. 

Аталған мұз өткелінің бір шеті Күршім ауданы болса, екінші жағалауы Самар ауданымен шектесіп жатыр. Жоғарыдағы айтылған аудандардың тұрғындары облыс орталығына қатынау үшін осы өткелден өтеді. Жаз айларында жолаушылар пароммен, қыс айларында мұз үстімен қатынайды. Жазда екі үлкен және бір кіші паром жүреді. Бір жағадан екінші жағаға дейін 40 минутта өтіп шығады. Ал желді күндері бірнеше сағатқа созылады екен. Тіпті кей күндері кезекті сағаттап күтетін кездері де болатын көрінеді.

– Жазда жолаушылар саны көбейгенде сағаттап күтеміз. Өйткені осы өткелмен 2-3 ауданның тұрғындары қатынайды. Кей кезде паромның бірі сынып қалса, 4-5 сағат күткен күніміз болды. Оның үстіне паромның жүретін уақыты бар. Кешіксеңіз, келесі күнге қаласыз. Халыққа әрине тиімсіз. Қазір көпір салынып жатыр. Уақытында аяқтайтын шығар деген үміттеміз, – дейді такси жүргізушісі Ерлан Мұратұлы.

Жолаушылардың айтуынша, мұз қалыңдап қатқанға дейін паром мұз қабатын жарып жүреді екен. Бірақ арғы жағаға бір жарым сағатта жетеді. 2023 жылдың 28 желтоқсанынан бастап, паром тоқтаған болатын. Мұз өткелінен салмағы тек 1.5 тоннадан аспайтын көліктерге ғана жүруге рұқсат етілген. 

Мұз айдынына шыға берісінде барлық ескерту белгілері айқын көрініп тұр. Ауыр жүк көліктерінің өтуіне тиым салынған, жылдамдықты сағатына 20 шықырымнан асырмау туралы, сонымен қатар көліктерге ара қашықты сақтау туралы белгілері қойылыпты.

Біз де өткелден өтіп көрдік. Көліктегі қауіпсіздік белдігімізді шешіп, жылдамдықты асырмай жүріп келеміз. Мұздың ортасына таяғанда жарқыштанған үлкен сызықтар пайда бола бастады. Бұрын соңды жүріп көрмеген мұз жолымен жүргенімізге өкініп те тұрмыз. Бірақ шегінерге жол жоқ. Артымызда бірнеше көлік келе жатыр. Бір кезде арғы жағаға да жеттік. 

Мұз үстінде қарама қарсы екі бағыттағы жол жатыр. Аралары мөлшермен 50-60 метрдей. Көлік жүргізушілерінің айтуынша, мұз үстінен көлік келе жатқанда, астында толқын пайда болады екен. Сондықтан екі көлік бір-бірімен жақын аралықта айқасып өтпеуі керек. Әйтпесе, мұз жарылу қаупі күшті. 

Келген бағытымызға қайту үшін екінші жолмен жүрдік. Алдымызда бір көлік кетіп барады. Ара қашықтығымыз 100 метрдей. Мұздың ортасына таяғанымызда мұз бетіне қызыл су жайылып кетіпті. Алдыңғы көліктің өткенін көрген соң, шарасыз біз де өттік. Бір таңқаларлығы жергілікті тұрғындар үшін бұл қалыпты жәйт көрінеді.

– Бұл жерден кеше ауыр жүк көлігі өтіп кеткен болуы керек. Аздап ойлып кетіпті. Бұл қалыпты жағдай. Ақырын өтіп жатырмыз. Басқа амалымыз жоқ. Көктемде бұдан да қиын кезде өтеміз. Мамандар мұздың қалыңдығын күнде тексеріп тұрады. Жұқарып кетсе, жолды жабады. Қар жауған сайын жолды тазартып тұрады, – дейді жолаушы Елдос Айдарханұлы.

Айта кетейік, 2022-2023 жылдары мұз үстіндегі жолды тазартып келе жатқан трактор суға батып кеткен болатын. Абырой болғанда жүргізуші шығып үлгерген. Сонымен қатар тағы бір көлік суға батып, зейнет жасындағы бір адам суға кеткен болатын.

– Қазір мұздан қауіп жоқ. Өтіп жатырмыз. Өмір бойы осылай келеміз. Қазір көпір салынып жатыр. Күршім мен Марқакөлдің халқы талай жыл күтті ғой. Әсіресе, күз бен көктемде қиын. Ол кездерде айналма жолмен жүреміз. 200 шақырм жол артық басамыз. Көпірдің құрылысы уақытында аяқталса жақсы болар еді. Биыл мұздан соңғы жыл өтейік, – дейді Марқакөл ауылының тұрғыны Оралбек Байтеміров.  

Көпір демекші жуықта көпірдің техникалық жұмыс көпірі ашылған болатын. Бұл негізгі көпірдің жұмысы үшін салынған. Бірақ қазір бұл көрпірмен жолаушы көліктерінің жүруіне тиым салынған. Облыс әкімі Ермек Беделбайұлы көпір құрылысының осы жылдың соңында бітетінін айтқан болатын. Бір жақсысы нысанның құрылысы аяқталса, жолаушылар көпірмен 2-3 минутта өтіп шығатын болады. 

Салынып жатқан көпір еліміздегі ең ұзын көпір болып саналады. Жергілікті халық бұл көпірді шынымен де ұзақ күтті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу