Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай өткізген жиында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, заң шығару қызметінің басымдықтары және Құрылтай Регламентін әзірлеу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Құрылтайдың Telegram-дағы парақшасы мәлімдеді.
Отырыс барысында қолданыстағы заңнаманы түгендеп, оны жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіру бірінші кезектегі міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Бұл бағыт Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған басымдықтармен қатар бейінді комитеттердің жұмыс жоспарына енгізіледі.
Депутаттар жасанды интеллект пен цифрлық активтерді дамыту, көші-қон саясатын жетілдіру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау, энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және баламалы энергетиканы дамыту мәселелерімен айналысады.
Сондай-ақ онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттеу және алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті қарау жұмыстың негізгі бағыттарына енгізілді.
Айбек Дәдебай парламенттік бақылауды күшейтіп, депутаттардың халықпен тұрақты байланысын қамтамасыз ету және "E-Parliament" жүйесін жедел енгізу қажеттігін атап өтті.
Бюро отырысында Құрылтай Регламентінің жобасын әзірлеуге қатысты міндеттер белгіленіп, Құрылтай Төрағасының орынбасарларына тұрақты комитеттерге жетекшілік ету міндеті жүктелді.