Құрылтайдың алғашқы айдағы жұмысы қорытындыланды

615

Бір ай ішінде қоғамдық қабылдау бөліміне азаматтардан 154 өтініш түскен.  

Құрылтайдың алғашқы айдағы жұмысы қорытындыланды Фото: quryltai.kz

Осы кезеңде ұйымның жұмыс регламенті қабылданып, құрылымы қалыптасты. Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құрылып, азаматтармен кері байланыс орнатудың жаңа тетіктері іске қосылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Құрылтай баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Құрылтайдың қарауында 44 заң жобасы бар. Оның ішінде 6 заң қабылданды, сондай-ақ 57 депутаттық сауал жолданды.

Бір ай ішінде Құрылтай отырыстарының қорытындылары мен заң жобаларының таныстырылымы бойынша 6 брифинг өткізілді. Қаралып жатқан заң жобаларының қатарында жасанды интеллектіні қолдану және цифрлық активтер айналымын реттеу, көші-қон саясатын жетілдіру, энергия үнемдеу мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу бағыттары бар.

Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау шараларын жетілдіру, онлайн-платформалар мен масс-медианы реттеу, кітапханалар мен кітап шығару саласындағы заңнаманы жаңарту мәселелері қарастырылуда.

Бұдан бөлек, 2027–2029 жылдарға арналған бюджет жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Заң шығару процесін цифрландыру бағытында E-Quryltai жүйесін жаңа модельге бейімдеу жұмыстары басталды. Жүйе заң жобаларын әзірлеу мен қараудың барлық кезеңін сүйемелдеуге, кешенді аналитика құралдарын қолдануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар құқықтық қайшылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау тетіктерін енгізу көзделген. Құрылтай жанынан құрылған Қоғамдық палата құрамына азаматтық қоғам мен сарапшылардың 50 өкілі кірді.

Қоғамдық қабылдау бөлімі жұмысын бастады. Бір ай ішінде азаматтардан 154 өтініш түскен. Негізгі мәселелер тұрғын үй, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру, азаматтардың құқықтарын қорғау және заңнаманы жетілдіруге қатысты. Баспасөз қызметінің мәліметінше, Құрылтай жұмысы аясында парламентаралық диалог пен халықаралық байланыстарды дамытуға да назар аударылып отыр. Осылайша, алғашқы айда Құрылтайдың институционалдық негізі қалыптасып, заң шығару, цифрландыру, қоғамдық сараптама және азаматтармен кері байланыс бағыттарында жұмыс жолға қойылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу