Құрылыс министрлігін құру керек – Талғат Ерғалиев

2558

Тек сонда ғана құрылыс саласындағы проблемаларды шешуге болады.  

Құрылыс министрлігін құру керек – Талғат Ерғалиев

Жуырда Қазақстан Құрылысшылар одағы 2020 жылдың қорытындылады. Үлкен жиын өткізген Одақ арнайы хартия қабылдады. Бұл құжат Үкіметке жолданбақ.

"Құжатта құрылысшылар тарапынан бірнеше ұтымды ұсыныс айтылған. Атап айтқанда, кадр тапшылығы мәселесін шешу, құрылыс саласында өзін-өзі реттейтін ұйымдар құру, Қала құрылысы кодексін әзірлеп, қабылдау, Құрылыс министрлігін құру секілді ұсыныстар айтылды. Біз құрылысқа жауапты бөлек министрлік болғанын қалаймыз. Әзірше бізде комитет қана бар. Құрылыс – өте ауқымды сала. Сондықтан жеке министрліктің құрылғаны дұрыс. Құрылыс комитетінде екі департамент пен екі басқарма бар. Олар көп жағдайда үлгермей жатады. Егер министрлік құрылса, саладағы проблемаларды түбегейлі шешуге болады", – деді Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.

Оның мәліметінше, Қазақстанның еңбек нарығындағы кадр тапшылығы ресми мәліметте айтылып жүргендей емес 148 500 адамды құрамайды. Олардың саны әлдеқайда көп. Одақ жүргізген зерттеудің нәтижесі бойынша, елімізде 630 мың адамның жұмыс күші жетіспейді екен.  

"Кадр тапшылығы мәселесін шешу ел экономикасындағы негізгі бағыттардың біріне айналуға тиіс. Өйткені Қазақстан кадр тапшылығы салдарынан жыл сайын 1,4 трлн теңгеден қағылып отыр", – деді ол.

Үкімет аталған мәселені шешу үшін түрлі қадамдар жасап көрді. Атап айтқанда, мамандықтың беделін арттыру, техникалық мамандықтардың факультеттерін құру, еңбекақыны арттыру секілді әдістер қолданылды. Алайда мұның бәрі нәтижесіз болды.  

"Адамдар жұмысшы мамандықтарға қызықпайды. Бұл тұтас әлемде қалыптасқан тренд. Өкінішке қарай, уақыт өткен сайын бұл тренд қарқын алып барады. Адамдар физикалық жұмысты қажет етпейтін әлдеқайда жеңіл мамандықтарға ауысуда. Адам капиталы саласында зерттеу жүргізетін америкалық Korn Ferry компаниясының деректеріне сүйенсек, алдағы уақытта әлемдік экономикадағы кадр тапшылығы 85,2 млн адамды құрамақ. Демек, әлемдік экономика 8,5 трлн доллар көлеміндегі табыстан қағылады", – деді Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы.

Одақ өзінің өңірлік филиалдары арасында зерттеу жүргізген екен. Оған құрылыс саласындағы 5 500 компания тартылған. Зерттеу қорытындысы бойынша Қазақстанның құрылыс саласына 242 мың маманның жетіспейтіні белгілі болды.

"Бұл – құрылыс саласындағы кадр тапшылығын көрсетіп отырған шынайы картина. Атап айтқанда, нарықта жетіспейтін мамандықтардың қатарында кірпіш қалаушы, арматурашы-бетоншы, монолитші, электрик, кафель төсеуші, дәнекерлеуші, прораб, сылақшы және тағы да басқалары бар", – деді Талғат Ерғалиев.

Одақ төрағасының пікірінше, тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – көші-қон саясатын өзгерту. Яғни, шетелдік жұмысшылардың Қазақстанға келу үдерісін жеңілдету керек.

Санжар Беркінбай

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу