Құс етінің 40%-ы шетелден тасымалданады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
7201

Былтыр құс етін өндіру жоспары орындалған жоқ. 

Құс етінің 40%-ы шетелден тасымалданады

1991 жылы ауыл шаруашылығы саласы жалпы ішкі өнімнің 21%-ын өндірді. Былтыр көрсеткіш 4,5%-ға түсті. Есептік кезеңде мал саны 2 млн басқа азайды. Атап айтқанда, қой мен ешкі 2 есе, құс 16 миллионға кеміді.

Осыған қарамастан ауыл шаруашылығы министрлігі 2021 жылы құс етінің импортын отандық өніммен алмастыратындарына сеніп отыр. Ал құс өсірушілердің өкілдері бұл мақсатқа 2023 жылы, оның өзінде үкімет қолдау көрсетсе ғана қол жеткізуге болатынын айтып жүр.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров 2021 жылы елімізде жылына 300 мың тонна құс еті өндіріледі деп санайды. Оның сөзінше, 2027 жылы құс етінің өндірісі 740 мың тонаға жетіп, 150 мың тонна құс еті экспортқа жөнелтіледі. Салыстыру үшін айтайық, 2017 жылы Қазақстан 11 мың тонна құс етін экспорттады.

Обалы не керек, елімізде құс етінің өндірісі артып келеді. Бірақ жоспарға сай емес. Мысалы 2018 жылы 220 мың тонна құс еті өндірілуге тиіс болды. Нақты көрсеткіш 190 мың тоннаны құрады. 2019 жылы 274 мың тонна құс етін өндіру көзделді. Алайда көрсеткіш 220 мың тоннадан  аспады. Бұл – нарықтағы сұраныстың 60%-ы. Қалған 40% Ресей, АҚШ және Украина елдерінен тасымалданып жатыр.

"Салымызды суға кетіруге болмайды, алдағы 2-3 жылда біз тиісті нәтижеге қол жеткіземіз. 2030 жылға қарай біздің ел ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен өтеп қана қоймай, Қытай, Орталық Азия және Таяу Шығыс елдеріне құс етін жеткізетін болады", – дейді құс өсірушілер одағының басшысы Руслан Шарипов.

Халықаралық сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай әлем халқының саны 8,5 млрд адамға жетеді. Сол кезде етке,оның ішінде құс етіне деген сұраныс 38%-ға артады.

Бұл туралы Руслан Шарипов: "Қазақстан әлем нарығын құс етімен қамтамасыз етуге қамданып жатыр. Әлем елдері Қазақстанда өндірілетін қүс еті АҚШ-та өндірілетін құс етінен әлдеқайда сапалы әрі дәмді екенін жақсы біледі. Біз АҚШ-тан келетін құс етін мүлде нарықтан ысырып тастаймыз деп айта алмаймыз, бірақ оған бәсекелес бола аламыз", – деді құс өсірушілер одағының басшысы.

Оның ойынша, Макинск құс фабрикасы Қазақстандағы құс еті нарығына серпін береді.

"Отандық өндірушілер құс етімен ішкі нарықты толық қамтитын дәрежеге жетеді. Бұл ретте Макинск құс фабрикасына жауапкершілік жүктеліп, сенім артылып отыр", – деді Руслан Шарипов.

Айта кетейік, былтыр Макинск құс фабрикасы мен Өскемен құс фабрикасы 60 мың тонна құс етін өндірді. Алдағы төрт жылда бұл көрсеткіш 150 мың тоннаға жеткізіледі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу