banner

Құс өсірушілердің көздегені – Қытай нарығы

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4209

Қазақстан биыл құс еті мен жұмыртқа өндірісін ұлғайтпақ.

Құс өсірушілердің көздегені – Қытай нарығы

Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріповтың болжамынша, 2018 жылы құс етін өндіру көлемі 211 мың тоннаны құрамақ. Бұл былтырғы жылдың көрсеткішінен 30 мың тоннаға артық. Десе де, өндіріс көлемін ұлғайғанымен, ішкі нарықты отандық өніммен тұтас жаулау мүмкін емес. Себебі, бүгінде елдегі құс етінің шамамен 50%-ы шет елдерден импортталады.

"2017 жылы елімізде шамамен 180 мың тонна құс еті өндірілді. Оның 94%-ын, яғни 168,5 мың тоннасын құс фабрикалары өндірді. Ал қалған 11,4 мың тоннасы шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтарға, сондай-ақ тұрғындарға тиесілі. Алматы, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстары құс етінің 140 тоннасын немесе 80%-ын өндіріп берді. Ал өндірілген еттің 90 мың тоннасы немесе 50%-ы "Алель Агро", Өскемен құс фабрикасы және "Алатау Құс" секілді ірі компанияларды үлесінде. Қалған 34%-ын тағы 6 компания өндірсе, ал 10%-ы ұсақ компанияларға тиесілі. Шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар, сондай-ақ жеке тұрғындардың үлесі 6%-ды құрады", – Руслан Шәріпов құс өсірушілердің жиынында.

Сондай-ақ, биыл 5,3 млрд дана құс жұмыртқасын өндіру жоспарланып отыр. Ал өткен жылы 5 млрд 85 млн дана жұмыртқа өндірілген екен. Оның 50%-ын немесе 2 млрд 570 млн данасын үш облыс – Алматы, Ақмола және Солтүстік Қазақстан өңірлері жинап берген. Сонымен қатар, 32%-ы немесе 1 млрд 620 млн данасы Қостанай, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарына тиесілі. Қалған өңірлердің үлесі – 18%.

"2017 жылы жұмыртқа өндірісі ішкі нарықты тұтастай қамтыды. Ал ет өндірісі нарықтың 51%-ын ғана жаба алды. Қазақстанға жылына шамамен 172 мың тонна құс еті импортталады екен. Өткен жылы да дәл осы деңгей сақталған. Бұл ретте, құс етінің экспорты 2010-2017 жылдар аралығында 8 есеге артты. Біз шикізатты өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарыққа жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет. Ол үшін өндіріс көлемін және құс өнімдерін өңдеуді ұлғайтуымыз керек", – деді Руслан Шәріпов.

Қазақстанда құс өнімдерінің сақталуы мен мерзімін қадағалау мақсатында азық-түлік өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылмақ. ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның айтуынша, бұл бастаманы қаржы және ауыл шаруашылығы министрліктері бірлесіп қолға алмақ. Мұны цифрландыру саласындағы кезекті бір қадам деп те атауға болады.  

"Жаңа жүйе өнімнің шығарылған орынын, техникалық және басқа да талаптарға сәйкестігін, сондай-ақ оның қолданыстағы мерзімін көрсететін болады. Осылайша, Қазақстана нарығына сапасыз, талаптарға сай келмейтін өнімдердің импортталуына шектеу қоямыз. Меніңше, бұл ішкі нарықтағы үлесті арттыруда маңызды қадам болмақ. Оның үстіне, Қазақстан "жаулап" алуды көздеп отырған ЕАЭО, Қытай және Иран нарықтары өнімнің қадағалануын бірінші кезекке қояды. Жалпы, Қазақстан құс өсірушілерінің әлеуметі мықты. Олар ішкі нарықты қамтып, экспортқа да шыға алады", – деді Гүлмира Исаева.

Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті Максим Божконың айтуынша, құс өсіру саласында түйіні тарқамаған проблемалар бар.

"Мәселен, кадр тапшылығын алайық. Соңғы 20 жылда жастардың дені банк, мұнай, құрылыс, металлургия секілді салаларды таңдаумен келеді. Ал ауыл шаруашылығында маман жетіспейді. Осы мәселеге жіті назар аударылмай келеді. Сол себепті Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы тиімсіз және бәсекеге қабілетсіз", – дейді Максим Божко.

Десе де, Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының басшысы құс өсіру бағытындағы жағдай бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жақсарғанын айтады.

"Бастысы, жайылым, егістік бар. Адам ресурсы да жеткілікті. Енді тек, нарықтар есігін айқара ашса екен дейміз. Ішкі нарықты жұмыртқамен толықтай қамтыдық қой. Ал құс етімен қамту 50%-шамасында. Мұны да көбейтуге болады. Өйткені бізде шикізаттың бәрі бар. Сөйте тұра, Америка мен Бразилияның, Ресей мен Беларусьтің жұмыртқасы мен етін импорттау мақтанарлық жағдай емес", – дейді қауымдастық президенті.

Оның айтуынша, құс етін өндіруде бөгет боп тұрған бірнеше фактор бар. Біріншіден, құс етін өндіру технологиялық тұрғыдан күрделі. Сол себепті жұмыртқа өндірумен салыстырғанда көп қаржыны талап етеді. Екіншіден, құс етін өндірушілерге шетелдік импортпен бәсекеге түсу қиындау. Нақтырақ айтсақ, америкалық өніммен тайталасу қиынға түседі. Үшіншіден, жем-азық базасы жетілдіруді қажет етеді. Мәселен, соя күнжарасын алайық. Бұл құс өсіру үшін қажетті азық. Біздің елде оның бір тоннасы 170 мың теңге болса, Бразилия мен АҚШ-те екі есе төмен.            

"Қазір Қазақстан жұмыртқа экспорттайтын ең алыс ел – Ауғанстан. Ал Қытайдың нарығына кіру – мемлекеттік мәселе. Қытай тарапы тыйым салған. Ал тыйымды алып тастау үшін қазақстандық фабрикаларды Қытайдың ветинспекциясының тексеру тізіміне қою керек. Осы мәселе реттелмейінше, Қытай нарығы біз үшін жабық", – дейді Максим Божко.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу