Құтқарушылардың тікұшағын аң аулауға берген басшылар жазаланды

6059

Биыл 8 қазанда әлеуметтік желіде Төтенше жағдай министрлігінің тікұшағын ресейлік миллиардер мен қазақстандық кәсіпкерлер пайдаланып, аңға шыққаны туралы ақпарат тараған.

Құтқарушылардың тікұшағын аң аулауға берген басшылар жазаланды

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағын миллиардерге жалға берген басшылар жауапқа тартылғанын, өзі бағалы сыйлық алмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

БАҚ таратқан ақпаратқа сәйкес, ресейлік миллиардер Игорь Рыбаков, қазақстандық танымал кәсіпкерлер Айдын Рахымбаев, Арманжан Байтасов, Берік Қаниев "Қазавиақұтқару" тікұшағына отырып аңға шыққан. Олар аң ататын жерге шамамен 40 минут ұшқан. Оқиға осы жылы қазанда болған. Бұл жағдайға қатысты Юрий Ильин түсінік берді.

"ТЖМ құрамында "Қазавиақұтқару" АҚ бар. Ол республикалық және мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылмайды. "Қазавиақұтқару" келісімшарт бойынша қызмет көрсетеді. Осылайша, ол өзінің материалдық-техникалық жағдайын қамтамасыз етіп, күнін көріп отыр. Осындай келісімшарттың бірі Astana Business Aviation компаниясымен жасалды. Нәтижесінде, аталған компания тікұшақты ("Қазавиақұтқарудан" - автор) жалға алған. Бірақ онда мүлдем басқа мақсат көрсетілген", – деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ведомство басшысы бір топ бай-бағланға ТЖМ тікұшағына отыруға рұқсат берген лауазымды басшылар жауапқа тартылғанын атап өтті.

"Бұл жағдайға қатысты қызметтік тергеу жүргізілді. Нәтижесінде, бортта адамдардың отыруына жол берген лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік шаралар қабылданды. Енді "Қазавиақұтқару" төтенше жағдайлардың алдын алу, медициналық көмек көрсетуге қатысы жоқ басқа мәселелер бойынша келісімшарт негізінде компанияларға қызмет көрсетпейді", – деді Юрий Ильин.

Сонымен қатар ол ресейлік және қазақстандық кәсіпкерлерден бағалы сыйлық алмағанын мәлімдеді.

"Мен ресми түрде Ильин мырза бұл жағдайдан кейін ешқандай сыйақы алмағанын және алдағы уақытта алмайтынын мәлімдеймін", – деді министр.

Айта кетейік, осыған дейін БАҚ-та "Қазавиақұтқару" тікұшағы аңға шыққан ресейлік миллиардер мен қазақстандық кәсіпкерлерді тасымалдау үшін 5,3 млн теңге ақы алғаны хабарлаған.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу