Қымбат кредит ешкімді қызықтырмайды

10801

Қайта қаржыландыру мөлшерлемесін төмендету керек. 

Қымбат кредит ешкімді қызықтырмайды

Коронавирус пандемиясының соңы жаһандық экономикалық дағдарысқа ұласқаны белгілі. Қаржы сарапшысы Талғат Демесіновтің пікірінше, осы орайда Ұлттық банктің жүргізіп отырған ақша-несие саясаты орын алған жағдайға, сын-қатерлер мен тәуекелдерге жауап бере алмай қалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда ақша-несие саясатын қайта қарауды тапсыруы да сондықтан.

"Ақша-несие саясаты – ауқымды дүние. Соның ішінде көп нәрсе қайта қаржыландыру мөлшерлемесін реттеу саясатына байланысты. Нарықтағы инвесторлар, несие алушылар, дәстүрлі салымшылар, депозит ашушылар ақша сала отырып, белгілі бір деңгейде тәуекелге барады. Тәуекел деп отырғанымыз – елдегі инфляция, мұнай бағасының өзгеруі, ақшаның құнсыздануы. Мәселен, Үкімет елдегі инфляцияның орташа деңгейін 6-8 % көлемінде ұстап тұруға күш салуда. Алайда биыл аяқ астынан орын алған пандемия, мұнай бағасының төмендеуі, қалыптастан экономикалық ауыр жағдай инфляцияны 10 %-ға жеткізді", – дейді Талғат Демесінов.

Оның айтуынша, бұл ресми статистика. Әдетте, ресми статистика мен шынайы жағдай ешқашан сәйкес келген емес. Демек, елдегі орташа инфляцияның деңгейі бұдан да жоғары деген сөз.

"Қазақстандағы қайта қаржыландыру мөлшерлемесі қазір 9 %-ға тең. Осы жылдың көктемінде Ұлттық банк белгілеген мөлшерлеме 9,5 % еді. Қаржылық реттеуші дәл осы тұста дұрыс қадам жасамады. Пандемия мен дағдарыс жағдайында қайта қаржыландыру мөлшерлемесін айтарлықтай төмендетуі керек еді. Аталған мөлшерлеме жоғарыласа, депозиттер, кредиттер қымбаттайды. Қайта қаржыландыру мөлшерлемесі – ақшаның нарықтағы құнын білдіретін көрсеткіш. Яғни, Ұлттық банк мөлшерлемені көтерсе, екінші деңгейлі банктердің мөлшерлемесі де жоғарылайды. Дағдарыс жағдайында мөлшерлеме көтеріле берсе, жеке адамдардың, заңды тұлғалардың банк өнімдерін алу мүмкіндігі азаяды. Кредиттің қымбаттығы ешкімді қызықтырмайтын болады. Сондықтан дағдарыс кезінде қайта қаржыландыру мөлшерлемесі төмендетілуі керек. Меніңше, 7,5-8 %-ға дейін азайтуға болады. Бұл бизнес үшін де, бұқара үшін де тиімді болар еді. Біздің айтып отырғанымыз ақша-несие саясатындағы бір ғана құралдың жайы. Осы секілді басқа да құралдарды реттеу керек", – дейді қаржы сарапшысы.

Талғат Демесінов таяқтың бір ұшы валюталық саясатқа тіреліп отырғанын да алға тартты.

"Қазір Ұлттық банк алыпсатарлықтың алдын алу мақсатында шетелдік валюталарды сататын ломбардтардың, айырбас пунктерінің, банктердің жұмысына шектеу қойды. Осылайша, валюта бағамын қолдан реттеуді көздеп отыр. Бірақ теңге пәрменді болмай тұр. Ұлттық валютаға сенім білдіретіндер аз. Кірістілігі 1 % болса да, жұртшылық артық ақшасын доллармен сақтайды. Ішкі нарық ақша-несие саясатына сенімсіздік танытқан соң, шетелдіктер де күмәнмен қарайды. Мұның саяси астары да бар. Шетелдік инвесторлар Қазақстанда заң үстемдік еткен кезде ғана бізге деген көзқарасын өзгертеді. Әзірше, Қазақстандағы саяси фактор инвесторларға тиімді емес. Сондықтан алдымен саяси реформа жасалуы керек. Сонда ғана ақша-несие саясаты, экономикалық реформалар өз жемісін беретін болады", – деді Талғат Демесінов.

Сарапшының сөзінше, шетелдік инвесторларды тартуда "Астана" халықаралық қаржы орталығына иек артуға болады. Бірақ біздің елдің экономикасы осы күнге дейін шикізатқа негізделіп келді. Енді экономиканың бағытын өзгерту керек. Ұлттық валюта, қаржы жүйесі, ақша-несие саясаты дұрыс жұмыс істеуі үшін елде алдымен отандық тауар өндірісі жолға қойылуы керек. Сонда біздің нарық бәріне тартымды болады.

"Кез келген ұлттық валюта екі жолмен қамтамасыз етіледі. Бірі – алтын-валюта қоры. Екіншісі – тауар өндірісі. Дәл қазір бірде-бір мемлекет ұлттық валютаны алтын қорымен қамтамасыз ете алмайды. Өйткені алтынның қоры шектеулі. Демек, өзгелер секілді біз де екінші жолға басымдық беруге тиіспіз", – дейді қаржы сарапшысы.

Санжар Беркінбай


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу