Қымбат төлқұжат: Үкімет балаларға жеңілдік жасамайтын болды

24725

Наурыздағы мерекелік каникул қалта қағуда.    

Қымбат төлқұжат: Үкімет балаларға жеңілдік жасамайтын болды

8 наурыз – халықаралық әйелдер күні және 22 наурыз – ұлыстың ұлы күніне орай ағымдағы айда қазақстандықтар 13 күн демалмақ. Сондықтан бұл айда да азаматтар саяхатқа көп шығады. Биылғы жылы Қытайдан тараған індет салдарынан сыртқы туризм 35 пайызға құлдыраған. Шетелдің жайлы жағажайында отбасымен тыныққысы келетін отандастардың алдынан басқа да кедергілер шығады.

"Қазіргі кезде тек ересектерге ғана емес, барлық балаларға да жеке-жеке паспорт алу керек. Ол үшін 8 АЕК немесе 21 мың 208 теңге мемлекеттік баж салығын төлеуің қажет. Бір бала үшін де осынша шығын шығару қымбаттау. Ал отбасыда бірнеше бала болса ше? Демек, мемлекет балаларға қамқорлық  көрсетіп, кәмелетке жасы толмағандар үшін жеңілдік жасауы, мемлекеттік баж салығын азайтуы керек", – дейді қоғам белсендісі Жанатбек Омаров.

Бұл мәселе әлеуметтік желілерде де пікірталас туғызуда.

"Билік төлқұжатты қымбатсынсаң шетелге шықпа дейді. Бірақ бала үшін 20 мың сұрағаны шектен шығу. Ол шетелдік жолдамаға ие болған балалар үйінің түлегі немесе шетелде емделу үшін бара жатқан бала болуы мүмкін", – дейді экономист Жанна Бәзілжанова.

Халықтың шағымына жауап берген Ұлттық экономика министрі өз бетінше барлық балаларға жеңілдік жасай алмайтынын білдірді.

"Мемлекеттік баж салықтары мен алымдар мемлекеттің сол қызметті көрсету шығынын өтеуі тиіс. Бүгінде Қазақстан азаматының паспортын беру үшін 8 АЕК баж алынады. 2018 жылға дейін баж ставкасы одан екі есе аз, 4 АЕК болды. Алайда Ішкі істер министрлігі 4 АЕК паспорт жасау шығындарын жаппайтынын мәлімдеді. Осыған байланысты ІІМ паспорт беру үшін мемлекеттік бажды 8 АЕК-ке дейін көтеруге бастамашы болды. Жалпы, Қазақстан паспорты ел ішінде көрсетуге міндетті емес құжатқа жатады, ендеше оны әр азамат өз қалауынша рәсімдейді", – дейді ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.  

Оның айтуынша, баж салығы мөлшерлемесін төмендету үшін салалық уәкілетті меморган, яғни ІІМ оны азайтудың орындылығын көрсетіп, тиісті есептемелерді ұсынуы тиіс. Егер халықтың қысымымен Ішкі істер министрлігі балаларға паспорт беру үшін мемлекеттік баж көлемін азайтуды негіздеп ұсынса, министр Руслан Дәленов ол бастаманы қарап көруге дайын екенін жеткізді.

Бірақ салалық меморган оған бармайтынға ұқсайды. ІІМ "паспорт әзірлеу шығындары ересек не балаға, яғни адам жасына байланысты емес екенін", барлығына тариф бірдейлігін ескертті.

"Бұл ретте Салық кодексінің 622-бабына сәйкес, "Алтын алқамен" және "Күміс алқамен" марапатталған көпбалалы аналар, мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі баланы асыраушы ата-ананың бірі, жетім балалар онсыз да паспорт пен жеке куәлік алу кезінде мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылған", – деп түсіндірді Ішкі істер министрлігі.

Алайда басқа да қиындыққа кезіккен ата-аналар бар.

"Біз Air Astana әуекомпаниясынан Дубайға билет сатып алдық. Ұшаққа отырайық деп тіркелуге келсек, авиакомпания қызметкері бізге отырғызу талондарын беруден бас тартты. Өзіңізбен бірге балалардың туу туралы куәлігі де болуға тиіс дейді. Авиакомпания өз ережесінде сондай талап жазылғанын айтады. Күйеуіміз екеуіміз балаларды алып, демалуға ниеттенгенбіз. Бәріміздің фамилиямыз бірдей. Әртүрлі болса бір сәрі. Қолымызда балалардың паспорттары бар", – дейді Наталья Мартынова.

Ол дереу көші-қон қызметіне хабарласып, кеңес сұраған. Ондағылар туу туралы куәлік алып жүрсін деген заң жоқ екенін, паспорттық бақылауға көтерілсе, шекарадан өтетіндерін айтыпты. Алайда отырғызу талонынсыз әуежайдың екінші қабатына өткізбейтіні мәлім.

"Әуекомпания Қазақстан заңына бағынуы, соны басшылыққа алуы керек емес пе! Қазақстан заңнамасы бойынша баламен шетелге шығу үшін оның паспортын көрсетсе, жеткілікті. Ал жолаушыны шекарадан әрі шығару-шығармауды авиакомпаниялар емес, шекарашылар анықтауы тиіс қой", – деп реніш білдіреді Наталья Мартынова.

Осы оқиғадан кейін ол бірнеше министрлікке шағымданған.

Әйтсе де Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Эйр Астана әрекетінен заңсыздық таппапты. Өйткені дәл осы министрлік 2015 жылғы 30 сәуірде бекіткен "Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына" сәйкес, "кәмелетке толмаған балаларды тасымалдау кезінде әуе компаниясы баланың туу туралы куәлігін, сондай-ақ кәмелетке толмаған жолаушының туыстығын және оны тасымалдауға заңды құқығын растайтын құжаттарды ұсынуды талап ете алады". Яғни, ата-анадан осы құжатты сұрау-сұрамауды авиакомпания өзі шешеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу