Қымбатшылыққа ұрындыруы мүмкін тосын шешім жарияланды

2920

Жеңілдетілген салықты төлеу мүмкіндігінен айрылатын 800-ге жуық бизнес түрінің тізімі жарияланды.  

Қымбатшылыққа ұрындыруы мүмкін тосын шешім жарияланды Фото: canva

Ұлттық экономика министрлігі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, бизнес тілінде "упрощёнка" аталып кеткен салық салудың жеңiлдетiлген режимiнің орнын басатын жаңа жүйеде қалатын және одан айрылатын кәсіп түрлерінің 2 тізімін жариялады.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы 2025 жылғы 18 шiлдеде қол қойған жаңа Салық кодексінде бұрынғы "салық салудың жеңiлдетiлген режимi" жойылды. Оның орнына "Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимі" (АСР) және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен фермерлік шаруашылықтарға арналған АСР қалды.

Қазіргі кезде бизнес түрлері осы жаңа режимдерге кіріп қалуға жанталасуда. Сонда олар салықты есептеу мен төлеудің оңайлатылған тәртібінің игілігін пайдалана алады.

Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ге кіре алуы үшін енді кәсіпкерлер келесі 2 шартқа сәйкес келуге міндетті:

күнтізбелік жылдағы шекті кірісі 600 000 АЕК (2026 жылы шамамен 2 млрд 595 млн теңге) мөлшерінен аспауға,

Үкімет айқындаған "Оңайлатылған декларация негізінде АСР-ді қолдануына тыйым салынатын қызмет түрлерінің тізбесіне" енгізілмеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер және Қазақстанның резидент-заңды тұлғалары қолдануға құқылы.

Дегенмен, Салық кодексінің 723-бабының 2-тармағы бойынша осы екі талапқа сәйкес келгенімен, келесілерге аталған АСР-ді пайдалануына тыйым салынды:

басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25%-дан асатын заңды тұлғалар;

құрылтайшысы немесе қатысушысы бір мезгілде арнаулы салық режимін қолданатын басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын заңды тұлғалар;

құрылтайшысы немесе қатысушысы арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғалар;

арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғаның құрылтайшылары немесе қатысушылары болып табылатын салық төлеушілер (жеке тұлғалар, дара кәсіпкерлер);

коммерциялық емес ұйымдар;

арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың, "Астана Хаб" қатысушылары;

бірлескен қызмет туралы шарттар бойынша жүзеге асырылатын қызмет бойынша салық төлеушілер.

Бұл тұрғыда кодексте азды-көпті айқындылық бар. Анық болмағаны және кодексте көрініс таппағаны "Оңайлатылған декларация негізінде АСР-ді қолдануына тыйым салынатын қызмет түрлерінің тізбесі" болатын. Оны Ұлттық экономика министрлігі әзірлеп жатыр.

Ведомство жеңілдетілген режимде жаңа жылдан бастап кімдердің істей алатынын және кімдердің істей алмайтынын көрсетіп, тиісті тізімдердің жобасын жариялады. Әрбір тізімде ЭҚЖЖ (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші) аталатын қызмет түрлері келтірілген.

2026 жылдан бастап, "Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдануға тыйым салынған қызмет түрлері тізбесінің" алдын ала жобасымен мына жерден танысып, биылғы 13 қазанға дейін "Ашық НҚА" порталында пікір қалдыруға болады.

Бұл "қара тізімге" кәсіптің 795 түрі еніп отыр. Оның арасында:

Теңізде және тұщы суда балық аулау,

Пайдалы қазба түрлерін өндіру,

Ауыр өнеркәсіп,

Өңдеу өнеркәсібі,

Тамақ өнімдерінің өндірісі,

Дәрі-дәрмек өндірісі,

Тұрмыстық техника және электроника өндірісі,

Сыра, шарап, сидра және басқа алкогольді ішімдіктер өндірісі,

Ауданы 2000 шаршы метрден асатын сауда нысандарындағы бөлшек сауда,

Киім мен аяқ киімнің көтерме саудасы,

Құрылыс саласы,

Жылжымайтын мүлікті сатып алу және сату (риелторлар кіреді),

Автокөлік лизингі,

Ғылыми-зерттеу қызметі және басқа да толып жатқан кәсіп түрлері жеңілдетілген салық салу режимінен айрылғалы тұр.

Ведомствоның түсіндіруінше, осы аталған "тыйым салушы тізімге" енбеген кәсіпкерлерге жеңілдетілген режимдегі жұмысын жалғастыруға рұқсат етілуі мүмкін.

Экономика министрлігі жариялаған екінші құжат – "Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Үкіметі қаулысының жобасы.

"Жоба өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қамту саласын регламенттейді. Жобаны қабылдау өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ынталандыруға және оларды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартуға мүмкіндік береді", – деп қысқаша ғана түсініктеме берді Ұлттық экономика министрлігі.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған саналатын және дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген адамдар үшін арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген кәсіптер қатарына небәрі 46 кәсіп түрі ғана кіріп отыр. Ол тізіммен төменде танысуға болады.

Атап өтетін жайт, бұл тізімдер бойынша ақырғы шешім әзірге қабылданған жоқ. Үкімет қаулысы бекітілгенде бұл тізім біршама өзгеруі мүмкін. Талқылауға қатысу арқылы қазақстандықтар оны жетілдіруге үлес қоса алады.

Ұлттық экономика министрлігі Серік Жұманғарин таяуда уәде еткендей, жеңілдетілген режимде жұмыс істеушілер сапында үй жанындағы дүкендер, базарлар, сұлулық салондары, балабақшалар, креативті индустрия, спорт, ауыл және орман шаруашылығы қалды.

Дегенмен, депутаттар да, бизнес те жеңілдетілген режимнен 800-ге жуық маңызды кәсіп түрлерінің шығарып тасталуы келесі жылы елде олардың бәрінің тауарлары мен өнімдерінің жаппай қымбаттауына соқтыратынын ескертті.

Себебі, сол жүздеген бизнес түрімен айналысатын миллиондаған кәсіпкер мен компаниялардың төлейтін салықтық жүктемесі күрт артады. Бизнес шығынмен жұмыс істей алмайды, сондықтан ол салықтық шығындарын тегіс тұтынушысынан – халықтан өндіріп алады. Яғни, салықты өнімінің бағасына қосады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі Мәжіліс депутаты Айтуар Кошмамбетовтің түсіндіруінше, жеңілдетілген режимде қалатындар әлеуметтік-медициналық жарналар мен аударымдар сыртында бүкіл табысының 4%-ы көлемінде салық төлейді. Мысалға, кретивті индустрия өкілі тауарын 100 мың теңгеге өткізсе, 4 мың теңге салық аударуға тиіс.

"Бұл режимде күрделі схемалар, есептемелер жоқ. Оның айналымының жалпы көлемі алынады да, содан табыс есептеледі. Бұрынғы Салық кодексі бойынша 1,7 миллион бизнес субъектісі – жеке кәсіпкерлер, ЖШС-лар, шағын және орта бизнес нысандары дәл осы режимді пайдаланып келді. Енді олардың 90 пайыздайына жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне көшуге тура келеді. Бұл режим – мүлдем басқа, күрделі тәсілдемеден тұрады", – деді депутат.

Салдарынан, жаңа Салық кодексінің Ерекше бөлігінде белгіленген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді дұрыс есептеу және төлеу үшін шағын және орта бизнестің бәріне есепші жалдап, бухгалтерия жүргізуге тура келеді.

Мысалы, компанияның саудасы шартты түрде алғанда 100 мың теңгені құраса, содан кіріс пен шығыстар арасындағы айырманы есептеп, таза табысты айқындау қажет. Осы таза табыстан 20 пайыз корпоративті табыс салығын төлеуге тиіс.

"Ал, айналымы 40 миллион теңгеден асса, бұған қоса, 16 пайыздық қосылған құн салығын да төлеуге тура келеді. Салдарынан бизнеске түсетін салықтық жүктеме артады. Қорыта айтқанда, келесі жылдан бастап, жалпыға бірдей режимге көшуі кесірінен осы тауарлар мен қызметтердің бәрі айтарлықтай қымбаттайды", – деді мәжілісмен Қошмамбетов.

Олай болса, егер бағасы қымбат затты, мысалы, көлікті, баспананы және басқасын сатып алуды ойлап жүрсеңіз, немесе тіс емдету, үй жөндету және басқа қызметке жүгіну қажеттілігі болса, келесі жылға қалдырмай, биыл іске асырып тастаған абзал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу