banner

Қырғыз еліне 1000 тонна бидай тұқымын береміз

2827

Гуманитарлық көмек құны –114,7 млн теңге. 

Қырғыз еліне 1000 тонна бидай тұқымын береміз Фото: Серікжан Қобыланбаев

Қазақстан Қырғыз еліне гуманитарлық көмек ретінде күзгі бидайдың 1000 тонна сапалы тұқымын береді, деп хабарлайды inbusiness.kz  тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет ресурсында осы мазмұндағы Үкімет Қаулысының жобасы жарияланды. Тасымал мәселесі ескерілсе керек, жоғары сапалы бидай тұқымын солтүстіктегі астықты өңірлерден емес, Қырғыз еліне жақын жатқан Алматы және Жамбыл облыстарынан бөлу көзделіп отыр.

"ҚР Қаржы министрлігіне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен 2021 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін Қырғыз Республикасына ресми ізгілік көмек көрсету үшін күздік бидайдың 1000 тонна жоғары өнімді тұқымын сатып алуға ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде 144 750 000 (бір жүз қырық төрт миллион жеті жүз елу мың) теңге мөлшерінде, оның ішінде Алматы облысының әкімдігіне аудару үшін – 60 750 000 (алпыс миллион жеті жүз елу мың) теңге, Жамбыл облысының әкімдігіне – 84 000 000 (сексен төрт миллион) теңге қаражат бөлінсін", деп жазылған Қаулы жобасында.

Құжатта гуманитарлық көмектің нақты кімдердің қолына тиетінін және оның жария түрде іске асуын ұйымдастыру Сыртқы істер министрлігіне жүктелетіні айтылған. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі гуманитарлық жүкті Қырғыз Республикасындағы межелі пунктке дейін тасымалдап,  жеткізуді қамтамасыз етуі керек. 

Қаулы жобасының түсіндірме жазбасында мұндай ізгілік шарасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 325 және "Ізгiлiк көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы" 2019 жылғы 8 қазандағы № 743 қаулыларына, сондай-ақ 2021 жылғы 30 наурыздағы Халықаралық ізгілік көмек мәселелері жөніндегі комиссия отырысының № 29 хаттамасына сәйкес екені атап көрсетілген.

"Жобаны іске асыру үшін 2021 жылға арналған республикалық бюджеттен 144 750 000 (бір жүз қырық төрт миллион жеті жүз елу мың) теңге мөлшерінде қосымша қаржылық шығындарды талап етеді. Жобаны іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық, экологиялық, демографиялық және өзге де салдарға әкеп соқпайды", – деп жазылған түсіндірме жазбада.

Қаулы жобасын дайындап отырған АШМ мамандары түсіндірме жазбада бұл Қаулы жобасы ешқандай халықаралық шарт емес екенін ескертеді.

Есжан Ботақара

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу