Қырғыздарға туысқан түркі жұрты түгел жұмылып, көмек қолын созуда

5947

Алатаудың арғы баурайындағы ағайындардың ахуалы күрделі.

Қырғыздарға туысқан түркі жұрты түгел жұмылып, көмек қолын созуда Фото: vesti.kg

2 ақпан күні Бішкек жылу электр орталығындағы алапат жарылыс қазақ елін де бей-жай қалдырмады. Еліміз Жамбыл ГРЭС-інен Қырғызстанға жіберілетін электр энергиясының жеткізілімін күрт арттырды.

Бұған қоса, Қазақстан көршісіне гуманитарлық көмек жолдаудың жолдарын қарастыруда. Гуманитарлық жүк азық-түлік, жылыту құралдары, газды баллон, қазандық, құрылыс материалдары түрінде ғана емес, сондай-ақ Бішкек ЖЭО-сын жөндеумен айналысатын мамандардың қызметі түрінде де болуы мүмкін.

Өзіне қандай жәрдем және нақты нелер керектігін Қырғызстанның өзі айтып, қажеттілікті растайтын құжат пен тізімін жіберуі керек. Сарапшылар мұның маңызды екеніне назар аудартады. Әйтпесе, 2017 жылғы оқиға қайталанбасына кепіл жоқ. Сол жылғы 9 қазанда Қазақстан Үкіметі көрші елде "қалыптасқан табиғи-климаттық жағдайға байланысты" "Қырғыз Республикасына ресми ізгілік көмек көрсету туралы" №632 қаулысын қабылдаған болатын.

Ол көмек ағаш және метал құрылыс материалдарынан құралды. Оны жеткізу үшін Қаржы министрлігі қаражат бөлді. Сағынтаевтың Үкіметі гумкөмекті Мемлекеттік материалдық резервтен бөліп, "материалдық құндылықтар бронынан" шығарды. Сыртқы iстер министрлiгi ресми iзгiлiк көмектi көрші жақтан қай органның қабылдап алатынын анықтауға, көмек көрсету шараларын үйлестiруге білек сыбана кірісті. Инвестициялар және даму министрлігі тегін құрылыс материалдарын Қырғыз Республикасы анықтаған межелі пунктке дейін ақы-пұлсыз жеткізіп беру үшін теміржол жылжымалы құрамын сайлап қойды.

Бәрі дайын болғанда, Қырғызстан Қазақстанның гуманитарлық көмегінен бас тартты. Тосын халықаралық демарштың мән-жайын қырғыздың Төтенше жағдайлар министрлігіне түсіндіруге тура келді.

"Қырғыз тарапы Ош облысында сел, көшкін жүріп, жер сілкінуіне байланысты 2017 жылғы мамырда шұғыл жүгінді. Алайда қырғыз Үкіметі шетелдік серіктестерінің қолдауымен, елдің оңтүстігіндегі табиғи нәубеттердің салдарларын жедел түрде еңсере алды. Осыған байланысты қазіргі кезде Қазақстанның гумкөмегі өзінің өзектілігін жоғалтты", – делінген болатын қырғыз билігінің мәлімдемесінде.

Салдарынан, Қазақстан Үкіметі 2018 жылғы 23 қаңтарда "Қырғыз Республикасына ресми iзгiлiк көмек көрсету туралы ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 9 қазандағы №632 қаулысының күшін жою туралы" жаңа №27 қаулысын қабылдауға мәжбүр болды. Бірақ жаңа қаулыда броньнан шығарылған материалдық құндылықтарды мемлекеттік қоймаларға кері қайтару туралы бір сөз айтылмаған.

Бұл жолы қырғыз ағайын тосыннан теріс айналмайды, ал қазақ Үкіметі әдеттегідей кешігіп жүрмейді деген үміт бар. Айтпақшы, өзбек ағайындар алдымызды орап кетті. Ың-шыңсыз, бюрократиялық сергелдеңсіз, гуманитарлық көмегін қырғыз еліне жөнелтіп те жіберді.

Ал Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жиенбек Құлыбаевқа (Жээнбек Кулубаев) қоңырау шалған. Сұхбат барысында министр қырғыз әріптесіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бішкек қаласының ЖЭО-сындағы апатқа қатысты жағдайды реттеуге көмектесуге тапсырма бергенін жеткізді.

Сондықтан телефон арқылы сол жәрдемді үйлестіру бойынша екіжақты өзара іс-қимыл мәселелерін талқыға салды. Қырғызстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы ЖЭО жұмысын қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

Сондай-ақ Ж.Құлыбаев Қазақстанның Жамбыл ГРЭС-інен Қырғызстанға электр энергиясын жеткізу көлемін күрт ұлғайтуға байланысты мәселені жедел шешкені үшін алғысын білдірді.

Осының арқасында қырғыз елі, Бішкек қаласы мүлдем жылусыз қалмауға тиіс. Дегенмен, бұл – гумкөмек емес. Тоқ үшін кейін ақы төлеуге тура келеді.

Қырғыз дипломаттарының ақпаратынша, Мұрат Нұртілеу қажет болған жағдайда Қазақстан тарапының қырғыз еліне гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеген.

Қырғыздарға өзге түркітілдес мемлекеттер көмек қолын созды. Мысалы, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің тапсырмасымен, өзбектер көмек ретінде сұйытылған газ толтырылған баллондарды жіберіп жатыр. Жүк 2 ақпанда өзбектің Әндіжан қаласынан жөнелтілді. Бұл туралы Өзбекстан Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов хабарлады. Ташкент өзге де көмек көрсетуге әзірлігін мәлімдеді.

Түрікменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередов те қырғыз әріптесі Жиенбек Құлыбаевпен телефон әңгімесінде түрікпен Президенті Сердар Бердімұхамедовтің тапсырмасымен, өз елінің сұйытылған газды жеткізу түрінде Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсетуге әзір екенін мәлім етті.

Түркия да сырт қалмады. Олар кеше "Голджук" ауруханасынан екі реаниматологты аттандырды. Бішкек ЖЭО-сындағы жарылыстан қатты зардап шеккен екі қырғыз жұмысшысы Түркиядағы клиникаға ауыстырылатын болды.

Доктор Етем Өзтүрік пен Енгин Четин жапа шеккендерді қарап шықты. Оларды емдеудің тактикасын зерделеп, соңыра консилиум өткізді. Доктор Өзтүрік екі сырқаттың хәлі ауыр екенін атап өтті. Бірақ олар есінен танбаған, сауалдарға жауап беріп, үн қатады. Түрік дәрігері оларды ұзақ емдеу күтіп тұрғанын ескертті. Сондықтан Бішкекте емес, қатты күйік шалған науқастарға көмектесу үшін барлық жағдай жасалған, мамандандырылған шетелдік ауруханада өткізсе, емдеу тиімдірек болады. Үшінші пациенттің ахуалы тұрақты деп танылған.

Консилиум қорытындысында қос зардап шегушіні Түркиядағы арнайы клиникаға жеткізу туралы шешім қабылданды.

Жалпы алғанда, қайғылы оқиғадан 5 адам зардап шеккен. Оның үшеуі ауруханаға жатқызылды. Тағы екеуі амбулаторлық емдеуде болады.

Бішкектік жылу электр орталығындағы жарылысқа не себеп болғаны әзірше белгісіз.

Қырғыз астанасындағы мектептер мен балабақшалар онлайн оқуға көшті. Жағдайды Президент Садыр Жапаров жеке бақылауына алған.

Қырғызстан астанасында жалғыз ғана жылу электр орталығы бар. Қосымша ЖЭО салуды бюджет көтермейді. Тариф төмендеу болғандықтан оған жеке инвесторды тарту қиын. Енді жарылып, парша-паршасы шыққан жалғыз ЖЭО-ны жөндеу де мемлекетке салмақ салғалы тұр.

Бұл апат Бішкекті жылыту концепциясын түбірімен өзгертуге түрткі болатын түрі бар. Мысалы, Үкімет астаналық білім ордалары мен ауруханаларды да толығымен өзін-өзі жылытуға көшіру, оларда автономды қазандық орнату туралы шешім қабылдапты.

"Үкімет басшысы Ақылбек Жапаров болашақта барлық ауруханаларды, мектептерді, әлеуметтік объектілерді локализациялап, ЖЭО-дан тәуелсіз етуге, төл жылу көздерін құруға тапсырма берді. Әңгіме астанада жылу мен ыстық судың баламалы көздерін жасау туралы болып отыр", – деді Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Бақыт Төребаев (Бакыт Торобаев).

Бұдан бөлек, Үкімет Бішкекте бой көтеретін жаңа тұрғын үй кешендері мен ғимараттар үшін жаңа құрылыс нормативін енгізуді жоспарлап отыр. Оған сәйкес, вице-премьердің айтуынша, тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар, сауда ойын-сауық орталықтары, бизнес орталықтары және басқасы – әрқайсысы жеке қазандығын тұрғызып, өзін-өзі жылытуға, ыстық суды да өз бетінше қамтамасыз етуге міндеттеледі.

Дәл осы жолдан кезінде Қазақстанның елордасы да өтті. Энергетикалық әлеуеттің тапшылығы кесірінен Астананың сол жағалауындағы заңғар ғимараттар, тұрғын үйлер және басқасы қақаған қыста мұржаларынан аспанға түтін атып жататын. Бұл проблемадан елорда ЖЭО-2-ні салу арқылы ішінара құтылды.

Қырғызстанның астанасында екінші жылу электр орталығын салу таяу перспективада мүмкін емес. Сондықтан әр нысанның мұржасынан түтіні будақтап жататын көрініс-картина орнайтын түрі бар.

Қырғыз Үкіметіне жарылған ЖЭО-да ескі жабдықты толық ауыстыруға тура келеді.

"Бүгінде Бішкек ЖЭО-сын модернизациялау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Орталық сонау 1961 жылы салынып, қолданысқа берілген. Бірақ жаңғырту кезек-кезекмен ғана жүргізіледі. Біз бұл мәселені Үкіметте талқыладық. Бұрынғы 5 қазандық орнына екі қазандық қана қоюға болады. Сондай-ақ үш турбогенератор орнына тек екеу орнатылады. Барлығы жаңаша жасалуы керек. Барлық көнерген жабдықты алып тастау қажет", – деді вице-премьер Бақыт Төребаев.

Арнайы штабтың кешегі отырысында Үкімет басшысы Ақылбек Жапаров Бішкек әкіміне орталықтандырылған жылу жүйесіне жаңа абоненттерді қосуға тыйым салуды жүктеді. Сондай-ақ астананың аудандарында бөлек-бөлек автономды қазандықтар тұрғызу мәселесін пысықтауға тапсырма берді. Осылайша, ЖЭО-ға балама қосымша жылу көздері пайда болуға тиіс.

"Тағдыр тезіне салып, сынап отыр, біз командамыздың жалпы күш-жігерімен бұл сыннан сүрінбей өтеміз. Осының алдында, 2022 жылдың қаңтарында Орталық Азияның ортақ энергетикалық жүйесінде жаппай апат болғанда, біз ол жағдайдан біршама жеңіл өттік. Бұл оқиғалардың барлығы энергетикалық жүйені басқарудың кеңестік тәсілінен кететін кез жеткенін көрсетіп отыр", – деп қорытты Ақылбек Жапаров.

Ол Өзбекстаннан гуманитарлық көмек ретінде алғашқы 1 мың бірлік газ баллоны келіп жеткенін хабарлады. Өзбек елінің көмегі Жалалабад қаласына жетіпті және мейлінше тез Бішкекке жөнелтіледі. Бұл жылусыз, жарықсыз қалған бішкектіктерге газ плитасын қосып, ыстық тамақ даярлауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар қоғамдық тамақтандыру орындары ашылып, жұртшылықты тамақтандыруға кірісе алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу