Қырғыздың алмасынан құрт шықты

Бек Темір Бек Темір
2912

Павлодарда Қырғызстаннан әкелінген алмадан калифорниялық сымыр табылып,  10 тонна жеміс залалсыздандыруға жіберілді.

Қырғыздың алмасынан құрт шықты

Солтүстік облыстарға, соның ішінде Павлодарға жыл он екі ай оңтүстік аймақтар мен көрші мемлекеттерден түрлі жеміс-жидектер әкелініп сатылады. Жақында облыстың өсімдіктер карантині жөніндегі инспекциясы Қырғызстаннан әкелінген алманы сымыр (щитовка) жайлағанын анықтап, оны қайта өңдеуге жіберді. ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің  облыстық аймақтық инспекциясы басшысының орынбасары Жоламан Боранбаев мәлімдегендей, калифорниялық сымыр адам баласына қауіп төндірмейді, сондықтан да жеміс жойылған жоқ. Жалпы өңірге басқа   елдерден әкелінетін тауардың сәйкес сертификаты болуы тиіс және сол республиканың карантиндік қызметі тексеруі шарт. Ал Қазақстан аумағына енгеннен кейін қайта тексеру жүргізіледі. Алманы сымыр жайлағаны осындай тексеру кезінде анықталып отыр. Дегенмен жемістің барлық құжаттары дұрыс болған екен.  Жақында бұл өнім сауда нүктелеріне жіберілетін болады. Ал сымырға келетін болсақ ол өте кішкентай зиянкес. Адамға қауіпті болмаса да өсімдіктер әлемінің қас жауы. Аталмыш жәндік өсімдіктің сөлін сорып, қуратып жіберетін күшке ие екен. Сондықтан ол аймақтың жасыл әлеміне өте қауіпті болып отыр.

Аймаққа сырттан әкелінетін тауарлар жіті тексерілетінін айттық. Нәтиже де жаман емес. Мәселен, алмадан сымыр табылса, жақында Ресейдің Алтай аймағынан әкелінген ағаштан ұзын мұртты қарағай қара қоңызы табылған. Бұл зиянкестің де қылқан жапырақты орман алқабы үшін зияны шаш-етектен. Сау ағаштың қабығының астына еніп алып тесіп жейтін ол біртұтас тоғайды құртып жібере алады. Сол себепті де мамандар мұндай зиянкестердің уақытында көзін құртып, әкелінген тауарды егжей-тегжейлі тексерістен өткізеді. Себебі аталмыш жәндіктің дернәсілдері бірнеше жылдың жүзі бойы өлмейді екен. Ал қоңыз жайлаған шамамен отыз текше метр қарағай заң негізінде сот шешімімен жойылған.

Жоламан Боранбаевтың сөзіне қарағанда, жыл басынан бері карантиндік зертханаға карантиндік өнімдер қатарына енетін өнімнің 315 сынамасы жіберіген. Тексеру кезінде төрт дерек бойынша карантиндік өнім әкелінгені анықталған. Облыста фитосанитариялық талаптарды бұзғаны және карантиндік өнімдер қатарына енетін  өнім әкелінгені үшін жалпы көлемі 5 млн теңгеден астам сомаға 137 айыппұл салынған. Сырттан өнім әкелетіндердің көп жағдайда сәйкес сертификаттары болмайды екен және бес күннің ішінде тексеру шамасын бұзады. Мұның барлығы айналып келгенде өз бастарына сор болып орнайтын көрінеді. Бір өкініштісі, жеміс-жидек пен көкөніс, табиғи құрылыс материалдарымен бірге аймаққа зиянкестердің енуі. Бүгін келген ұятсыз "қонақтарды" ертең қамшылап қуып шыға алмайсың. Ал Павлодар обысынан басқа аймақтарға түрлі карантиндік азық-түлік өнімдері мен көкөністер, жемістер  шығарылуда. Әзірге заң бұзушылықтар тіркелмеген.

Бек Темір, Павлодар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу