Қырғызстан Еуропалық Одақтың авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін әуе тасымалдаушыларының "қара тізімінен" ресми түрде шығарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша республикаға қатысты 20 жыл бойы қолданылып келген шектеу өз күшін жойды.
Қырғызстан президенті әкімшілігінің мәліметінше, бұл туралы елге Еуропалық комиссияның Ұтқырлық және көлік жөніндегі бас дирекциясы ресми хабарлама жолдаған.
Құжатта Қырғызстанда тіркелген және сертификатталған барлық әуе компанияларына Еуроодақ елдеріне рейстер орындауға қойылған тыйымның толық алынғаны көрсетілген.
Шешім 2026 жылғы 19–21 мамыр аралығында өткен Еуропалық Одақтың Ұшу қауіпсіздігі комитеті отырысының қорытындысы бойынша қабылданды. Алдағы уақытта ол Еуропалық комиссияның арнайы регламентімен рәсімделеді.
Айта кетейік, Қырғызстан 2006 жылдан бері аталған тізімде болған. Соңғы жылдары елде азаматтық авиация саласын халықаралық талаптарға сәйкестендіру және қауіпсіздік стандарттарын жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілген.
– Соңғы жылдары елде азаматтық авиацияны реформалау, ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік бақылауды күшейту және ұлттық жүйені ICAO халықаралық стандарттарына сәйкестендіру бағытында жүйелі жұмыс атқарылды, – делінген хабарламада.