Түркістан қаласында өтетін көкпардан екінші әлем чемпионатына Қырғызстанның ұлттық құрамасы қатыспайтын болды. Бұл туралы Қырғызстан көк-бөрү федерациясының баспасөз хатшысы Самат Жұмакадыров мәлімдеді.
Оның айтуынша, турнирге қатысудан бас тартудың негізгі себебі – ұйымдастырушылардың шақыруды тым кеш жіберуі. Жұмакадыров мұндай деңгейдегі жарыстарға шақыру кем дегенде үш ай бұрын, тіпті жарты жыл бұрын жіберілуі керек екенін атап өтті.
"Бұл бойкот емес. Бұл жай ғана мүмкін емес жағдай. Аттарды іріктеу, 12 ойыншыны таңдау, жаттықтырушыларды бекіту және толыққанды дайындық өткізу үшін уақыт қажет", – дейді Самат Жұмакадыров.
Сонымен қатар дәл осы күндері Қырғызстанда ауқымды республикалық "Нооруз-2026" турнирі өтеді. Бұл жарыс аясында күзде Қырғызстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын ұлттық құраманы іріктеу басталады.
Федерация өкілдерінің айтуынша, мұндай жауапты кезеңде ешбір команда жарысқа өздерінің ең үздік ойыншылары мен жүйрік аттарын жібере алмайды.
Айта кетейік, көкпардан екінші әлем чемпионатына 10 елдің спортшылары қатысады деп жоспарланған. Жарыста тек ұлттық құрамалар бақ сынайды. Ал жалпы жүлде қоры 30 миллион теңгені құрайды.