Бішкектегі алдын ала тыңдау жабық форматта өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сот қызметкерлері істің құпияланғанын айтып, журналистер мен өзге адамдарды сот залына кіргізбеген.
Адвокаттардың сөзінше, Қамшыбек Тәшиевке "билікті күшпен басып алуға дайындалу" және "қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану" баптары бойынша айып тағылған. Бұл іс бойынша Қырғызстанның бұрынғы бас прокуроры Құрманқұл Зулушев пен парламенттің экс-спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлы да аталады.
Айыпталушылардың бір бөлігі әлі де тергеу изоляторында отыр. Олардың адвокаттары соттан қамау бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды сұраған. Сонымен қатар қорғаушылар іс материалдарын құпиясыздандырып, сот процесін ашық өткізуді талап етті. Алайда сот барлық өтінішті қанағаттандырмады.
Іс "75-тің хаты" деп аталған үндеумен байланысты. Онда бір топ қоғам және саяси қайраткер президент Садыр Жапаровқа мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы үндеу жолдаған. Бұған дейін Садыр Жапаров Қамшыбек Тәшиевті барлық қызметінен босатқан еді. Кейін билік өкілдері Тәшиевтің жақын айналасындағы адамдар депутаттарды оның жағына шығуға шақырғанын мәлімдеген.
Қамшыбек Тәшиев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, кінәсіз екенін айтты.