Қырғыз елінде не болып жатқаны анықталды

1527

Ала-тоо аспанындағы ауыс-түйіс: көрші елде көзге оғаш "қос тізгін, бір шылбыр" жойылды. 

Қырғыз елінде не болып жатқаны анықталды Фото: ЖИ

Мюнхеннен жеткен мұң

Қамшыбек Тәшиевтің аяқ астынан "аттан ауып қалуы" – жай ғана кадрлық өзгеріс емес, 2020 жылғы революциядан кейін құрылған саяси архитектураның іргетасы сөгілгенінің айқын белгісі. 10 ақпан күні Президент Садыр Жапаров қаламын тербеп жіберіп, қырғыз қаһарманы (ресми атағы солай – "Кыргыз Республикасынын Баатыры") Қамшыбек Тәшиевті қос лауазымынан: Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) төрағасы және Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары лауазымдарынан қатар босату туралы жарлыққа қол қойды.

Осылайша, бұрынғы билік пирамидасының ең басты ұстынын бір-ақ сәтте құлатты. Отставка жұртшылық үшін де, сондай-ақ елден жырақта, Мюнхен шаһарында жүрегіне "жөндеу" жасатып жатқан Тәшиевтің өзі үшін де күтпеген жағдай болды.

Бірнеше жыл бойы Жапаров пен Тәшиевтің қарым-қатынасы бір оқиғалардың ауанымен билікке келген ықпалды қос саясаткердің берік одағы, тандемі ретінде қабылданып келді. Олардың серіктестігі көрші елдегі билік архитектурасын түзді, күш құрылымдарын нақты бақылаудың тепе-теңдігін айқындады.

Дегенмен, Мемлекет басшысы бұл жолғы шешімін "мемлекеттің бірлігін сақтау және жік-жікке бөлінуге жол бермеу үшін" қабылдағанын мәлімдеді. Тандемнің күйреуі де бірлікке бастайды дегенді меңзеді.

Әлгінде айтылғандай, қызметінен қуылған кезде Тәшиев Германияда болған: ол жүрегіне жасалған операциядан кейін әр 2 жыл сайын сонда жоспарлы медициналық тексеруден өтіп тұрады.

11 ақпанда Қамшыбек Тәшиев әлеуметтік желі арқылы қырғыз халқына үндеу жасап, қызметінен босату туралы шешім өзі үшін күтпеген жағдай болғанын жариялады. Шетелге Президенттің "ақ батасымен" шыққанын айтып ақталды. Бұл "күтпеген тосынсыйдың" ащы дәмін жасыра алмағанымен, сөз жүзінде адалдығын көрсетті: басшылықтың шешімін орындайтынын мәлімдеп, азаматтарды заңды сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерге бармауға шақырды.

"Мемлекетімізге, халқымызға және Президентке адал қызмет еттім және соны мақтан тұтамын! Бір өкінішім – МҰҚК-ның жеке құрамымен қоштасуға мүмкіндік берілмегені ғана", – деп, көңіліндегі кірбіңді салмақты жеткізді. 

"Құсқызудың" шебері әрі халықтың "еркесі"

ВВС тұжырымдауынша, соңғы 5 жыл ішінде ұлттық қауіпсіздік органы – бүкіл күш құрылымдарын бір өзі жұдырықтай жұмылдырған күш орталығына айналды. Бұған Президенттің өзі кезінде ақ батасын беріп еді. Садыр Жапаровтың президенттігі 2021 жылы жемқорлыққа қарсы жойқын күрес жариялаудан басталды, бұл миссияны жүзеге асыру Тәшиев басқаратын МҰҚК-ға жүктелген.

Оның басшылығымен комитет шені мен оқалы жағасына қарамай, биік лауазымды шенеуніктерді шетінен ұстап, түрмеге тоғытты. Тәшиевтің "кустуризация" әдісі, яғни, биік лауазымды қылмыскерлерді "құсқызып", заңсыз иеленген қаражаты мен активтерін мемлекетке қайтарқызу, жемқорлардың тамағына тығылғанды қайта шығарту – қырғыз саясатының брендіне айналды.

2025 жылғы желтоқсанда журналистерге берген сұхбатында Тәшиев 5 жыл ішінде бюджетке шамамен 300 млрд сом қайтарылғанын, мемлекет меншігіне мыңдаған жылжымайтын мүлік нысандары мен ондаған мың гектар жер кері оралғанын әңгімелеп еді.

Халықтың бір бөлігі үшін ол жай ғана күш құрылымының басшысы емес, нағыз "антикоррупциялық айдаһар" көрінді. Содан болса керек, отставкаға жіберілгеніне қарамастан, Қырғыз футбол одағы және басқа ұйымдар кешеден бері Қамшыбек Тәшиевке тезірек айығып кетіп, елге оралуын тілеп, үндеу жариялауда.

Рейтингі де зымырандай ұшып, Мемлекет басшысын қуып жетіп қалуға таяды. Халықаралық сарапшылар Тәшиевті елдің келесі көшбасшысы ретінде қарастырды. IRI институтының сауалнамаларына сәйкес, соңғы жылдары Тәшиевтің рейтингі 14%-дан 22%-ға дейін өскен, ал, Президент Жапаровқа халықтық сенімі 35-38% аралығында жүр. Елдің келесі тізгінін ұстайтын тұлға ретінде қарастырылуы саясаткерді тағдырының осылай аяқталуына "үлес" қосқан секілді.

Тандем тас-талқан болды

Монолит болып көрінген тандемге енді бір сәтте-ақ сызат түсіп, аң-таң жұрттың алдында қирап қалды. Орталық Азия бойынша сарапшы Аркадий Дубновтың бағалауынша, бұл "жоғарғы деңгейдегі шағын төңкеріс": бір түнде Тәшиев өзіне адал барлық орынбасарларымен бірге қызметінен ұшып, МҰҚК-ның қанаты қырқылды. Шекара қызметі МҰҚК қарамағынан шығарылды. 9-шы қызметтің базасында тікелей Президентке бағынатын және елдің бірінші тұлғаларын қорғайтын бөлек Мемлекеттік күзет қызметі құрылды.

Сонымен қатар, Терроризмге қарсы орталық пен Киберқауіпсіздік орталығының жаңа басшылары тағайындалып, командасы өзгертіліп жатыр. Демек, әңгіме жай ғана кадрлық ауыс-түйіс туралы емес, бүкіл қауіпсіздік жүйесін құрылымдық қайта құру туралы болып отыр.

"Билік басындағы тандем өз мүмкіндігін сарқыды, әрі қарай тұрақтылықты қамтамасыз етпейтін, керісінше, оны шайқайтын еді. МҰҚК басшысы шектен тыс билікқұмар амбициясы арқасында отандастарының бір бөлігі үшін Қырғызстандағы "№1 адамға" айналды. Әрине, оның елге сіңірген еңбегі зор: Тәшиев Тәжікстанмен арадағы шекара дауын шешті, ТМД ауқымында танымал "заңдағы ұры" Қамшы Көлбаевты атып тастауды бұйырды. Туған Жалалабадын қырғыз эпосының аңыз кейіпкерінің құрметіне Манас деп қайта атады. Осы Манас қаласының әкімін халыққа жақпаған қате шешімдері үшін жұрт алдында шапалақпен "тәрбиеледі", – деп жазды Дубнов.

Сарапшы бірқатар сұраққа жауап маңызды болатынын ескертті: "бұрынғы №2 тұлға №1 тұлғаның өзін биліктен шеттетуіне алда қалай жауап береді? Елге орала ма? 2027 жылғы 24 қаңтарға жоспарлануы мүмкін кезекті президенттік сайлауға қатыса ма?"

Саясаттанушы уақытша президент Роза Отынбаеваны қоспағанда, Қырғызстанның бұған дейінгі 5 президентінің бәрі орынтағынан күштеп тайдырылғанын, каденциясының соңына дейін отыра алмағанын еске салды. Жапаров бұл "дәстүрді" тарих қойнауына аттандыра ала ма – бұл сұрақ әзірге жауапсыз қалып тұр, деді Дубнов.

Қырғыз саясатының ақсақалы Феликс Кулов Vesti.kg басылымына сұхбатында Тәшиевтің кейінгі тағдыры тек өзінің алдағы шешімдеріне байланысты болатынына назар аудартты. Егер ол билікпен қақтығысқа бармаса, оны тұтқындауға немесе қудалауға негіз болмауы мүмкін. Әзірге Садыр Жапаров 11 ақпанда Президент жанындағы Мемлекеттік күзет қызметінің төрағасы Сырғақ Бердіқожаевті шақырып алып, оған Қамшыбек Тәшиевтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Алайда Қырғыз Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов Тәшиевтің өзі емес, оның айналасындағы үзеңгілестері ши шығарып, шиеленіс туғызғанын нақтылады. Олар депутаттарға қоңырау шалып, "генералдың жағына өтуге" және "жаңа президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізуге бастамашы болуға" үгіттеген.

Бұл драманың артында "75 ақсақалдың" Жапаровқа жазған хаты тұр. 9 ақпанда, Тәшиев қызметінен босатылардан 1 күн бұрын, беделді ғалымдардан, белгілі зиялы қауым өкілдерінен және танымал саясаткерлерден тұратын 75 адам Президент Садыр Жапаров пен Жоғорку Кеңеш төрағасы Нұрланбек Тұрғынбекұлына үндеу жолдады. Онда бастамашылар 2021 жылы жаңа Конституция қабылданғалы бері туындаған құқықтық белгісіздікке байланысты "жедел түрде жаңа президенттік сайлау өткізуді" сұрады. 11 ақпанда ІІМ бұлардың үстінен "билікті басып алуға талпыну" деген ауыр баппен іс қозғады.

Үндеу элитаны қаққа жарды. Бірі: "бұл не сандырақ, ел тыныш қой, Президентіміз мерзімі аяқталғанша еркін қызмет етсін" десе, екіншісі: "ескі Конституциямен сайланып, жаңасымен билік жүргізуі – заңсыз" деп, құқықтық қиғаштықты алға тартты.

Мысалы, саясаткер, "уақытша үкіметтің" бұрынғы мүшесі Әзімбек Бекназаров "75-тің хатын" қатаң сынады. Оның байламынша, қазіргі кезде елде мерзімінен бұрын сайлау өткізуге еш негіз жоқ.

"Қазір елде саяси, экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық тұрақтылық орнады. Оны неге шайқалтасыңдар?! Кезектен тыс сайлауды сұрап жатқан халық жоқ, қоғамдық қысым жоқ, дағдарыс та жоқ. Көшеде билікті ауыстыруды талап етіп тұрған ешкім жоқ", – деді ол "Шалқан" (Чалкан) агенттігіне сұхбатында.

Бекназаров 2005, 2010 және 2020 жылдардағы саяси дағдарыстардың билікті күшпен ауыстыруға соқтырғанын қаперге салып, мұндай сценарийлер қайталанбауға тиістігін нықтады. Әйтпесе, төңкерістер елді кері лақтырады. Сөз соңында ол үндеуге қол қойғандарға басу айтты: "осымен тоқтауға және қоғамды жік-жікке бөлмеуге" шақырды. Саясаткердің пікірінше, алда өтетін халықаралық іс-шараларда, соның ішінде ШЫҰ саммитінде, ҰҚШҰ-да "Қырғызстан күйреген емес, мықты әрі тұрақты мемлекет ретінде көрінуге тиіс".

Конституциялық соттың бұрынғы судьясы Клара Сооронкулова Садыр Жапаровтың 2021 жылғы қаңтарда сайланғанын еске түсірді, ол кезде 2010 жылғы ескі Конституция күшінде еді. Демек, қазіргі Мемлекет басшысының мәртебесі, өкілеттіктерінің ауқымы және президенттік билік моделі Ата заңның дәл сол редакциясымен айқындалды.

"Алайда артынша 2021 жылғы сәуірдегі референдумда жаңа Конституция қабылданды. Ол бүкіл билік конфигурациясын өзгертті, өкілеттіктерді қайта бөлді. Қырғызстан парламенттік республикадан президенттік республикаға ауысты. Осыдан құқықтық қиғаштық, асимметрия туындады: Президент ескі конституциялық құрылым аясында сайланды, алайда өкілеттігін мүлдем басқа құрылым шеңберінде жүзеге асырып отыр. Сондықтан жаңа Конституция күшіне енген соң жаңа сайлау өткізу – саяси күрес актісі емес, жаңа координаттар жүйесінде легитимділікті бекіту тәсілі болады. Бұл – қисын мен заң тұрғыдан дұрыс қадам болар еді", – деді экс-судья Сооронкулова.

Бірақ бұрынғы премьер-министр Феликс Құлов прагматикалық ұстанымды ұстанады. Ол Конституцияда белгіленген мерзімде сайлау өткізуді, қосымша турбуленттілік тудырмауды орынды санайды. Бұған қоса, ол 2027 жылғы сайлауда қазіргі президентке тең келер балама кандидат бәрібір табылмасына және Жапаровтың айқын жеңіске жетеріне сенімді.

Жапаровтың өзі әзірше президенттікке қайта түсу ниетін ресми түрде жариялаған жоқ. Алайда Қырғызстан халқына жасаған соңғы үндеулерінің бірінде ол "әгараки қоғам өкілдері кандидатурамды ұсынса, келесі додада 90% қолдаумен президент болып" сайланарына күмәнданбайтынын білдірді, деп жазды ВВС. Мұндай сенімге себеп ретінде ол халық қолдауы күшейгенін атады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу