Қыс ортасында мектеп жабылды

2005

Қызылжар ауылындағы мектептің қабырғалары сыз тартып,оқушылардың денсаулығы нашарлай бастаған.

Қыс ортасында мектеп жабылды

Қарағанды облысы Бұхар жырау ауданына қарасты Қызылжар ауылындағы Киров атындағы орта мектеп жабылып қалды. Жаңа оқу жылы қарсаңында күрделі жөндеу жүргізілген мектептің бүгінгі сыйқы адам шошырлық жағдайға жетіпті. Мектеп қабырғалары көгеріп, едендері зеңнен шіріп кеткен. Ата-аналар қолқаны қапқан сыз исі оқушылардыңденсаулығына әсер ете бастағанын айтады.

"Балалар мектептен келген бойда беттері қызарып ісіп, денелеріне жаралар пайда бола бастады. Бұл жағдайдың жалғасып келе жатқанына бес ай болды. Балаларымыздың денсаулығына алаңдап отырмыз", – дейді Қызылжар ауылының тұрғыны Самал Амангелді.

Қызылжар ауылындағы зең басқан  мектепте бала оқыту мүмкін болмағандықтан үш күн бойы мұнда сабақ тоқтатылған көрінеді. Жергілікті билік өкілдері ақылдаса келе балалар оқуларын әрі қарай Ростовка ауылындағы мектепке қатынап оқығаны жөн деп шешкен. Айтпақшы, осыдан төрт жыл бұрын су тасқыны кезінде Қызылжардың мектебі судың астында қалған еді. Ата-аналар сол кездің өзінде "бұл мектеп жарамайды,күндердің күнінде сыз тартады, жаңасын тұрғызып берсін" деп дабыл қаққанымен, мұндағы атқамінерлер мектепке күрделі жөндеу де жеткілікті деп шешкен. Білім ордасының 2017 жылы едендері көгеріп сыз тарта бастағанын аңғарған ата-аналардың шағымынан кейін  мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 2018 жылы 81 млн теңге қаражат жұмсалған. Алайда осыншама қаражат та желге ұшқандай болды. Қызылжарлықтар "мемлекеттің миллиондаған қаржысы жұмсалғанда неге жөндеу жұмыстары дұрысты жүргізілмеген" деп наразы.

Бүгінде Қызылжар ауылындағы Киров атындағы мектепте 150 оқушы бар. 13 ақпаннан бастап  5-11 сынып аралығындағы оқушылар арнайы бөлінген автобуспен Ростовка ауылындағы мектепке барып оқып жүр. Оқушыларды оқытуға мұғалімдер де бірге қатынайды. Ал бүгіннен бастап бастауыш сынып оқушылары сабақты Қызылжар ауылындағы балабақша ғимаратында оқи бастады. Ал балабақшаның  бүлдіршіндері мектептегі жөндеу жұмыстары аяқталғанша үйлерінде отыра тұрмақ. Шенеуніктердің айтуынша, мектептің жөндеу жұмыстары екі аптаға созылады. Оған дейін оқушылар мен ұстаздар он шақырым қашықтықта орналасқан Ростовка  ауылына қатынап оқудан басқа амалдары жоқ.

Қазір мектептің зең басқан едендері алынып жатыр. Білім бөліміндегілер олқылықтың орнын жөндеу жұмыстарын жасаған мердігер толтыратынын жеткізді.

"Жөндеу жұмыстарын жасаған кезде 7 жылға кепілдік берілген, осы кепілдік бойынша мердігер жұмыстарды қайта жүргізеді. Қалайда бұл мектепті балалар білім алатындай жағдайға жеткіземіз", – деді Бұхар жырау аудандық білім бөлімі бастығының міндетін атқарушы Айдар Оспанов.

Қызылжар ауылында кеңестік кезде құрылысы аяқсыз қалған мектеп ғимараты бар. Мұндағы жұрт ескі мектепке қыруар қаражат жұмсап, оны жамап-жасқағанша, жаңа мектепті салмай ма деп қапаланады. Алайда мектептің аяқталмаған құрылысы жеке меншікке сатылып кеткен.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу