Қысқа да қарапайым парад

1223

Онда Путин Батысты Ресейге қарсы "нағыз соғыс" ашты деп айыптады. Ал Украина Жеңіс күнін еуропалық одақтастарымен бірге кеше атап өткен.  

Қысқа да қарапайым парад Фото: Известия

Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде өткен Жеңіс парадында 10 минут бойы жалынды сөз сөйлеп, Батыстың "ауыздықталмаған амбициялары, менмендігі, жазасыздығы" Ресейге қарсы "нағыз соғыс" жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

"Бүгінде өркениет шешуші бетбұрыс кезеңінде тұр. Отанымызға  қарсы нағыз соғыс жарияланды",- дейді Путин.

Путин бұл мәлімдемені жасардан бірнеше сағат бұрын РФ армиясы Украинаға зымырандармен соққы берген. Ресми Киевтің мәлімдеуінше, сол 25 ракетаның 23-і құлатылған. Және де олардың 8-і Қара теңіздегі әскери кемелерден, 17-сі стратегиялық ұшақтардан атылыпты. Ешкім қаза тапқан жоқ.

Бұған дейін Путин Украинадағы қарулы қақтығысты талай рет Батыспен соғыс ретінде сипаттағаны белгілі. Оның ойынша, Батыс мемлекеттері Украинаны Ресейді күйрету, оның тарихын қайта жазып, құндылықтарын жою құралы ретінде пайдаланып отыр. Бұл версияларды Ресей мемлекеттік ақпарат құралдары көрші елдегі жағдайды хабарларда басты ұстанымға айналдырып алды.  Украина болса, мұны сандыраққа теңеп, өзіне Мәскеудің себепсіз соғыс ашқанын мәлімдеп келеді.

Сонымен қатар, Путин Украинада шайқасып жатқан жауынгерлерін мақтап, ресейліктерді күш біріктіруге шақырды.

"Батыр бабаларымыз бірліктен асқан күш жоқ екенін дәлелдеп берді", - дейді Кремль басшысы.

Тағы бір сөзінде Путин "Батыстың глобалисттік элитасын" өздерін ерекше санап, "адамдарды бір-біріне қарсы қойып, қоғамдардың ортасына жік салып, елдерді қанды соғыстар мен төңкерістерге итермелеп, русофобия мен жеккөрушіліктің дәнегін сеуіп жатыр" деп айыптады. 

Әскери сарапшылардың пікірінше, қазір Ресей жауынгерлері оқ-дәрі тапшылығынан, рух төмендігінен, нашар қолбасшылықтан зардап шегіп отыр. Ал, былтыр ақпанда жаппай басып кіру операциялары сәтсіздікке ұшыраған кейінгі шайқастар қыста екі жақты да әдбен қажытқан соғысқа ұласты.

Парадқа оралсақ, биыл ол қысқа әрі қарапайым өтті. Қызыл алаңда небары 8 мың сарбаз сап түзеп өтті. Бұл – 2008 жылдан бергі ең аз көрсеткіш. Тіпті 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде Мәскеуде 9 мамыр шеруіне 13 мың жауынгер тартылған екен.

Тағы бір айта кететін жайт – осы жолы әскери ұшақтар көптің үстінен ұшып өткен жоқ және алаңға жылдағыдан аз техника шығып, парадтың өзі бір сағатқа жетпей аяқталып қалды.

Бұған қоса, Жеңіс мерекесінде Мәскеуде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, дрон ұшыруға тыйым салынды. Ал, Санкт-Петербург каналында су мотоциклімен серуендеуге рұқсат етілмеген.

Ресей ақпарат құралдарының дерегінше, елдің басты мерекесі – 9 Мамыр парады 24 қалада доғарылған. Аймақтардағы шенеуніктер мұндай шешімді "қауіпсіздік мақсатында" және "ағымдағы жағдайға" байланысты қабылдап отыр.

Сонымен қатар, көптеген қалаларда биыл "Өлмейтін полк" шерулері өтпей қалды. Оларға жылда халық Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан немесе одан оралмаған туыстарының портреттерін ұстап шығатын. Ал, биыл мұндай шараның өтпеуіне қауіпсіздік емес, кейбір тұрғындардың Украинада қаза тапқан жауынгерлердің суретін ұстап шығу мүмкіндігі себеп болса керек. 

Былтыр Мәскеудегі Жеңіс парадына шетелдік мәртебелі меймандардан ешкім бармап еді. Биыл оған Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан лидерлері қатысып, Кремльдің іргесіндегі мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Украина болса, Ресейден іргесін аулақ ұстаудың символы ретінде Жеңіс мерекесін еуропалық одақтастары тәрізді мамырдың 8-де атап өтіп, мамырдың 9-ын Еуропа одағына айналған органның өмірге келген күні ретінде мерекелеп жатыр.

"Киевке оралғаным қандай тамаша болды! Мұнда біз қадір тұтатын құндылықтар күнде қорғалып жатыр. Және де бұл – Еуропа күнін тойлауға нағыз лайықты жер", - дейді  Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен "Твиттердегі" жазбасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу