Қысқы Азия ойындарын қысқа қайырғанда

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3808

Сонымен Саппоро қаласында өткен VІІІ қысқы Азия ойындары да тарих қойнауына енді. Қазақстан спортшылары жалпы командалық есепте 4-орынға ие болды.

Қысқы Азия ойындарын қысқа қайырғанда Фото: caravan.kz

Бұйырғаны – төртінші орын

Бірден айтайық, Қазақстан спортшылары Жапонияда намысты қолдан берген жоқ. Ел намысын абыроймен қорғады. Бірақ, әттеген-ай дегізіп, шабыттары шау тарта бастаған кей спортшымыздың қазіргі деңгейін анық көрсетіп те берді.

Жалпы төрешілер әділетті болса, сондай-ақ шаңғымен жарысқа әлем біріншілігіне жіберген спортшыларды апарсақ, үшінші орынға ие болуға да болады екен. Тіпті екінші орын үшін де таласатын әлеуетіміз бар сияқты.

Әрине, қысқы Азия ойындарында дода қожайындарымен тайталасу өте қиын. Тіпті мүмкін емес десек те болар. Өйткені, бұған дейін жазғанымыздай, ұйымдастырушы ел Ақ Азиада бағдарламасындағы жарыс түрлерін өзіне ыңғайлы етіп түзеді...

Сонымен VІІІ қысқы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары 32 медаль олжалады. Оның алтауы – саф алтын. Күміс және қола жүлделеріміздің саны бір таңбалы саннан асты. Мұны төмендегі бірінші кестеден көруге болады:

Жалпы командалық есеп

Жігіттер мен қыздарымыз бір-бірінен қалыспады

Саппорода өткен VІІІ қысқы Азия ойындарында олжалаған 32 жүлденің жартысынан сәл артығын жігіттеріміз еншіледі, қыздарымыз да олардан қалысқан жоқ деуге болады. Екі жүлдені ерлер мен әйелдер бірге сынға түскен аралас жарыстардан еншіледік.

Нақтырақ айтқанда, биатлоннан аралас эстафетада (2х6 әйелдер + 2х7,5 ерлер) еліміздің екі құрама командасы бірінші-екінші орындарға ие болды. Сіздер мұны екінші кестеден көре аласыздар:

Төске озғанымыз бен көштен қалғанымыз

VІІІ қысқы Азия ойындарында 11 спорт түрінен 64 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан спортшылары осылардың бәрінде де бақ сынап, сынға түсті.

Биатлон

Енді әр спорт түріне жеке-жеке тоқталып өтейік. Бұл жерде үшінші кестеге қарап отыруларыңызға болады. Әуелі биатлоннан бастағанымыз жөн болар. Бұл спорт түрінде қыз-жігіттеріміз жарады. Сарапқа салынған жеті алтынның алтауын жеңіп алды. Азияның қалған еліне бір-ақ алтын тиді.

Шаңғы жарысы

Негізі шаңғы жарысынан да мерейіміз үстем болуы керек еді. Бірақ шаңғышыларымыз сенімді толық ақтап шыға алмады. 10 алтынның біреуі ғана бұйырды. Бұл – аз, тым аз.

Құрама сапындағы кей жігіттер "Алексей Полторанинге ерекше көңіл бөлініп, жан-жақты жағдай жасалады, бір өзінде 200 жұп шаңғы бар" деп өкпе-наздарын білдіріп жүруші еді. Бірақ өздері Саппорода сенім артылғанда, саф алтынға қарық қылмады.

Шаңғышы жігіттеріміздің Азия ойындарында қол жеткізгені – 1 алтын, 2 күміс, 1 қола. Әсіресе эстафетада бірінші орынды жапондарға беріп қойғандары өзекті өртеді.

Қызық болғанда, жалғыз алтынның өзін 23 жастағы Ринат Мухин еншіледі. Ал құрама сапында бұрыннан бері жүрген тәжірибелі жігіттер (немесе елдің шаңғысын санайтындар) "саяхаттаумен" шектелді.

Қыздарымыз мүлде қалып барады. Светлана Шишкина-Малахова мен Оксана Яцкая спорттан кеткелі, "Сарықұрлықтан" алтын алу күрт қиындап кетті. Елена Коломина бастаған қыздарымыз бұл жолы жеңіс тұғырының ең биік сатысына бірде-бір рет көтеріле алмады.

36 жастағы Елена Коломинаның шамасы екі күміс, бір қолаға ғана жетті. Марқұм Владимир Филимонов тәрбиелеген қыздарымыздың соңғысы деуге де болатын шығар. Қалған қыздарымыз жүлделі орындарға сына қаға алмады. Эстафетада мүлде жүлдесіз қалдық. Коломина болмаса, осы спорт түрінен мүлде жүлде ала алмайды екенбіз.

Фристайл

Бұл спорт түріндегі қыз-жігіттерімізге өкпе жоқ деуге болатын шығар. Төрешілер төрт алтынның біреуін-ақ қиды, екеу бермеді, көпсінді.

Әйтпесе Юлия Галышеваның екі, ал Дмитрий Рейхердтің, кем дегенде, бір алтын алатын қабілеті бар еді.

Шайбалы хоккей

Мұнда да қыз-жігіттеріміз сенімді ақтады. Ерлер арасындағы құрамамыз қарсыластарының бәрін жайпап шықты. Қыздарымыз қола жүлдені қанағат тұтты. Бұрынғыдай емес, "Сарықұрлықта" әйелдер арасындағы шайбалы хоккей деңгейі өсіп келеді. Ал бізде қолына таяқ алып, шайба қуатын қыздар санының көбейетін түрі жоқ.

Тұғырдан секіру

Шаңғымен тұғырдан секіруші жігіттеріміз үш жүлде алды. Алтын жоқ демесек, жаман көрсеткіш емес. Ал бұл спорт түрінен жат елде бірінші орынға ие болу – өте қиын.

Конькимен жүгіру

14 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Ал біздің спортшылардың алғаны – екі-ақ жүлде. Өте аз, әрине. Жыл өткен сайын конькишілеріміздің кежегесі кейін тартпаса да, көрсеткіштің жоғарылағанын көре алмай отырмыз. 2011 жылы өз елімізде өткен Ақ Азиадада бір алтын алғанбыз.

Мәнерлеп сырғанау

Элизабет Тұрсынбаеваның қола медаль жеңіп алғаны – ерен жетістік. Қаршадай қыз иісі қазақты қуантты. Айза Мәмбекова (8-орын) екеуі мұз үстінде қазақ қыздарының да нақышына келтіріп билей алатынын паш етті. Ал Денис Теннің 10-орынмен шектелуі – орны толмас сәтсіздік.

Әрине, Азия төрешілерінің жапон және қытай жігіттерінің көздерін "жаутаңдатып", Тенге алтынды ұстата салуы мүмкін емес те еді. Бірақ қола алатын жөні бар еді ғой. Сөйтіп, 2011 жылғы Азия ойындарының чемпионы бұл жолы 10-орынды қанағат тұтты.

Шорт-трек

Мойындаймыз, шорт-тректен Азия майталмандарымен Жапонияда тайталасу қиын. Оның үстіне, ұлттық құраманың бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков Саппороға ерлер арасындағы екінші құрамды апарды. Негізгі құрам Голландияда әлем біріншілігіне дайындалып жатыр.

Шорттрекшілеріміз жақында Универсиадада бақ сынады. Одан кейін Минскіде өткен әлем кубогының соңғы кезеңдік жарыстарына қатысты. Келесі жылы Олимпиада ойындары өтеді. Бас бапкердің іштей ойлағаны бар шығар.

Тау шаңғысы

2011 жылы Алматыда өткен Азия ойындарында осы спорт түрінен 10 жүлде (3 алтын, 5 күміс, 2 қола) алғанбыз. Саппорода ештеңе бұйырмады. Алатау бөктеріндегідей болмады.

Кёрлинг және сноуборд

Бұл екі спорт түрінен жүлдеге іліге алмайтынымызды әу баста-ақ білгенбіз. Спортшыларымыздың Азия ойындарына қатысып, тәжірибе жинап қайтқанының өзін кішігірім жетістік санауға болатындай.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу