Қазақстан Үкіметі 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпия ойындарының жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларына ақшалай сыйақы беру туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қаулыға сәйкес, Үкімет резервінен мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада жүлдегері Михаил Шайдоров пен конькимен жүгіруден үздік алтылыққа енген Надежда Морозоваға, сондай-ақ олардың жаттықтырушыларына төлемдер бөлінді. Жалпы алғанда, ақшалай сыйақы 2 спортшы мен 5 жаттықтырушыға берілді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Михаил Шайдоровқа 250 мың АҚШ доллары, ал Надежда Морозоваға 5 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындалды. Сондай-ақ жүлдегер спортшылардың алғашқы, жеке және бас жаттықтырушыларына да тиісті төлемдер жасалды.
Осылайша, спортшылар мен бапкерлерге берілген сыйақының жалпы көлемі 250 миллион теңгеден асты.
Бұдан бөлек, Олимпиада жүлдегерлеріне жергілікті атқарушы органдар тарапынан қосымша қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, әкімдіктер оларға жергілікті коммуналдық тұрғын үй қорынан тегін пәтер береді.