Қысқы Олимпиадада хоккей турнирінің финалистері анықталды

110

НХЛ-дың жұлдыздары Олимпиада алтынына таласады.

Қысқы Олимпиадада хоккей турнирінің финалистері анықталды

2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы хоккей турнирінің жартылай финалдық кездесулері өтіп, финалға шыққан командалар анықталды.

Алтын медаль үшін Канада мен АҚШ құрамалары өзара кездеседі.

Алғашқы жартылай финалда канадалықтар Финляндияны 3:2 есебімен жеңсе, екінші матчта америкалықтар Словакияны 6:2 есебімен ойсырата ұтты.

АҚШ Словакия матчында жартылай финалдағы алғашқы шайбаны, алдыңғы ойындағыдай Дилан Ларкин соқты. Одан кейін Тейдж Томпсон АҚШ құрамасының басымдығын еселей түсті.

Екінші кезеңде Джек Хьюз пен Джек Айкел 19 секунд аралықпен бір-бір шайбадан соғып, америкалықтарға ойынды еркін бақылауға мүмкіндік берді. Үзіліске бір минут қалғанда Хьюз тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсіп, есеп айырмасын бес шайбаға жеткізді.

Үшінші кезеңде Словакия құрамасы есепті қысқартуға тырысқанымен, жеңіс айқын фаворит - АҚШ командасына бұйырды.

Кездесу соңына қарай мұз айдынында жанжал туындады. Мэтью Ткачук пен Эрик Чернак өзара жұдырықтасып, көп ұзамай оларға Брэйди Ткачук қосылды. Нәтижесінде үшеуі де ойынның соңына дейін алаңнан қуылып, спортқа жат қылықтары үшін жазаланды.

Осылайша, АҚШ құрамасы 2010 жылдан бері алғаш рет Олимпиада финалына шықты. 

Ерлер арасындағы хоккей турнирінің финалы Олимпиада ойындарының жабылу күні 22 ақпан, жексенбі Қазақстан уақытымен 18:10-да басталады. 

22 ақпан 00:40-та Словакия мен Финляндия қола медальға таласады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу