Нидерландтық конькиші Фемке Кок әйелдер арасындағы 500 метр қашықтықта алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Спортшы мәре сызығын небәрі 36,49 секундта кесіп өткен. Күміс жүлдеге іліккен оның отандасы Ютта Леердам 37,15 уақытты еншісіне жазса, жапониялық Такаги Михо (37,27) үздік үштікке енді.
Кок 0,66 секунд басымдықпен сенімді жеңіске жеткен. Ол жарыс тағдырын алғашқы метрлерден-ақ шешті деуге болатындай. Өйткені, нидерландтық конькиші бастапқы 100 метрді 10,18 секундта жүгіріп өтіп, үздік нәтижеге қол жеткізді. Қорытынды айналымды 26,31 секундта еңсеріп, қарсыластарынан оқ бойы озды.
Бұл – Нидерланд үшін тарихи жеңіс. Коктың жүлдесі – Голландия тарихында әйелдер арасындағы 500 метрде алғашқы Олимпиада алтыны. Сондай-ақ, бұл – 2014 жылдан бергі осы қашықтықтағы алғашқы жүлде.
Қазақстан құрамасынан бұл бағдарламада Кристина Силаева мен Арина Ильященко бақ сынады. Силаева 38,33 секунд нәтижемен 18-орынға тұрақтаса, Ильященко 39,38 секунд көрсетіп, 29-орыннан көрінді.
Еске салайық, 25 жастағы Фемке Кок бұған дейін де осы Олимпиадада 1000 метр қашықтықта күміс медаль жеңіп алған еді. Ол – спринтерлік көпсайыстан әлем чемпионы, жекелеген қашықтықтарда 5 дүркін әлем чемпионы және 3 дүркін Еуропа чемпионы.