"Қысым көрсету үшін Жанқош Тұраровты шақырды"

4573

Алматыда сот орындаушысын кім соққыға жықты? 

"Қысым көрсету үшін Жанқош Тұраровты шақырды"

Алматыда "қызмет барысында" жеке сот орындаушысына "шабуыл жасалды". "Шабуылға" бокстан әлем чемпионы Жаңқош Тұраровтың да қатысы болуы мүмкін.

Бұл туралы Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы мәлімдеді. Ал осы істі қалалық полиция департаменті тіркеуге алды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы хабарлағандай, жеке сот орындаушысы А.А. Ермеков Бостандық ауданы, Дзержинский ауылы, Виноградная көшесі, 3/1 үй мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үйге жапсаржайды бұзу туралы сот актісін орындауға барған. Бұл үйдің "құрылыс нормаларын бұза отырып салынғаны және іргетасы қопарылса, көрші үйге де қауіп төндіруі мүмкін екені" уәкілетті органдардың қорытындыларында айтылған. 

Сот орындаушысына бұзуылуға тиіс үй иесінің көршісі келіп наразылығын айтқан. 

"Сот орындаушысына Байболғанованың (үй иесі – ред.) көршісі жүгінді. Сот орындаушысы мәселені бейбіт жолмен шешу үшін онымен бірнеше рет келіссөз жүргізді, өйткені бұзылатын құрылым оған объективті түрде қауіп төндіреді. Алайда ол сот шешімін өз еркімен орындаудан тікелей бас тартып, сот орындаушысына қарсы тұра бастады. 

Жапсаржайды бұзу бойынша атқарылатын іс-шаралар 04.10.2021 жылы сағат 11:00-ге тағайындалды. Сот орындаушысы жапсаржай орналасқан аумаққа полиция қызметкерлерінің қатысуымен кірді. Полиция қызметкерлерінің жанындағы белгісіз адамдар сот орындаушысына қысым жасап, міндетін орындауға тыйым салуға тырысты және барлық жағынан кедергі келтірді", - делінген палатаның хабарында.

Жағдай одан ары ушыға түскен. Сот орындаушысы "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" ҚР Заңының нормаларын дауыстап оқып берген. Алайда одан нәтиже болмаған.

"Искаков Максот Никитович (қысым көрсетуші адамның есімі солай көрсетіледі – ред.) сот орындаушысын жан-жақты қорлай бастады, А.А. Ермековке жұмысқа кірісуге физикалық күш берілмейтінін көрсетті. ...сот орындаушысын тұншықтыра бастады. Кейін ол сот орындаушысына жақындап, бұзу жұмысын тоқтатуды талап етіп, қорқыта бастады. Ермеков болып жатқан жағдайға назар аудармауға тырысты, Алайда Искаков дереу әрекет етіп, сот орындаушысының қабырға мен өкпесіне бірнеше соққы жасады. Бұл ұрып-соғу полиция қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілді. Жедел жәрдем дәрігері денсаулыққа орташа зиян келтіргенін хабарлады", - деп жазады сот орындаушылары палатасы.

Олардың жазуы бойынша, оқиға болған кезде полиция қызметкерлері "қашып кеткен". 

Сот орындаушысы ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау туралы арыз жазып, көшеге шығып кеткен полицейлерге ұсынған. 

Бұдан әрі Искаков сот орындаушысы мен басқа да тұлғаларға қысым көрсету үшін бокстан әлем чемпионы Жанқош Тұраровты шақырған. Тұраров келгеннен кейін сот орындаушысынан полицияға жазған шағымын қайтып алуды талап етіп, "қорқыта" бастаған. 

Болған жағдайдан кейін сот орындаушысы өзіне тапсырылған жұмысты "мәжбүрлі түрде тоқтатуына тура келгенін" айтқан. 

Алматы қалалық полиция департаменті сот орындаушысының шағымы қабылданғанын мәлімдеді.

"Бостандық аудандық полиция басқармасы бұл фактіні тіркеді, сот орындаушысы үй иесіне арыз жазды, соның негізінде тиісті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деп хабарлады полиция департаменті.

Тасқын Болатұлы 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу