Қытай әйелдерді енді 50 жаста зейнеткерлікке шығармайтын болды

1323

Бұл туралы заң 2025 жылы қаңтардың 1 күні күшіне енеді.

Қытай әйелдерді енді 50 жаста зейнеткерлікке шығармайтын болды Фото: АР

Қытайдың жоғарғы заң шығарушы органы азаматтардың зейнеткерлікке шығу жасын ұлғайту туралы ұсынысты мақұлдады. Мұны "Синьхуа" агенттігі жұма күні хабарлады.

Бұл мемлекетте құрметті демалысқа кету жасы – қазіргі уақытта әлемдегі ең төменгі көрсеткіштер қатарында.

Қытайлықтар 1960 жылы орта есеппен 44 жыл өмір сүрді. Ал 2021 жылға қарай мұнда адамдардың ғұмыр ұзақтығы 78 жасқа дейін көтерілді. 2050 жылға қарай 80 жастан асады деген болжам бар.

Сонымен қатар, Қытайда қарттарды қолдауға қажетті еңбек жасындағы адамдар саны қысқарып жатыр.

Зейнеткерлікке шығу жасы ерлер үшін 60-тан 63-ке, қызметкер әйелдер үшін 55-тен 58-ге, көк жағалылар немесе жұмысшы әйелдер үшін 50-ден 55-ке дейін көтеріледі.

Бұл өзгерістер 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді және 15 жыл ішінде жүзеге асырылуы керек.

Мысалы, 1971 жылдың қаңтарында туған ер адамдар жаңа ережеге сәйкес, 2032 жылдың тамызында 61 жас 7 айлық жаста зейнетке шыға алады. Ал 1971 жылы мамырда дүниеге келген ұлдар 2033 жылдың қаңтарында 61 жас 8 айлығында пенсияға жіберілмек.

Адамдардың ұзағырақ жұмыс істеуі зейнетақы бюджеттеріне қысымды жеңілдетеді, өйткені Қытайдың көптеген провинциялары қазірдің өзінде үлкен қаржы тапшылығынан зардап шегіп жатыр.

"Бізде зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар көп, сондықтан зейнетақы қоры жоғары қысымға ұшырап жатыр. Қазір байыпты әрекет етудің уақыты келді деп ойлаймын", – дейді Австралиядағы Виктория университетінің Қытай халқы мен оның экономикамен байланысын зерттейтін аға ғылыми қызметкері Сиуцзянь АР агенттігіне берген сұхбатында.

Бірақ зейнетақы төлемдерін кейінге қалдыру және егде жұмысшыларды жұмыс орындарында ұзақ ұстау көптің бәріне бірдей ұнамауы мүмкін.

"Синьхуа" жаңа заң туралы хабарлағаннан кейін, жүздеген мың адам әлеуметтік желілерге шығып, онсыз да вакансиялар жетпей жатқанда, жұмыс іздеушілердің тіпті көбею мүмкіндігіне алаңдаушылықтарын білдірді.

ЗЕЙНЕТАҚЫ ПРОБЛЕМАЛАРЫ

Қытайды Адам ресурстары және әлеуметтік қамсыздандыру министрі Ван Сяопин жұма күні зейнеткерлік жасты ұлғайту кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өтті.

"Бұл реформа икемді және ерікті негізде жүргізіледі. Соның арқасында қызметкер ертерек зейнетке шығуды немесе жұмыс уақытын үш жылға дейін ұзартуды таңдай алады", – дейді ол.

АҚШ-тағы Jones Lang LaSalle компаниясының Қытайдағы бас экономисі Брюс Пангтың ойынша, ескірген зейнет жасы зейнеткерлер санының өсуіне және белсенді жұмысшылар пулының азаюына әкеп соқты.

Қытай үкіметі 60 жастағылар мен одан асқандар саны 2035 жылға қарай  қазіргі 280 миллионнан 400 миллионнан дейін көбейеді деп болжап отыр. Бұл – Ұлыбритания мен АҚШ халықтарының санына тең көрсеткіш.

Елдің Қаржы министрлігінің дерегінше, Қытайдың 31 провинциялық деңгейдегі юрисдикцияларының 11-де зейнетақы бюджетінің тапшылығы байқалып отыр. Ал Қытай мемлекеттік ғылым академиясы ескерткендей, реформа жүргізілмесе, 2035 жылға қарай мемлекеттің пенсия жүйесі қорсыз қалуы ғажап емес.

Қытайдың бұл қадамы оны аймақтағы көршілерімен – Жапониямен және Оңтүстік Кореямен теңестіреді. Оларда адамдар сәйкесінше, 65 және 63 жаста ғана зейнетақы ала бастайды.

Айта кетсек, Қытайда көптеген жастар қыруар шығынды алға тартып, балалы болудан бас тартып жатыр. 2022 жылы ҚХР Ұлттық статистикалық бюросы ел халқы бірінші рет жыл соңында өткен жылмен салыстырғанда 850 000 адамға кемігенін хабарлады. Ал 2023 жылы Қытай тұрғындарының қатары одан әрі құлдырап, 2 миллион адамға қысқарған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу