ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин АҚШ-тан Венесуэла президенті Мадуро мен оның жұбайын жедел босатуды талап етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– АҚШ Венесуэла президенті Николас Мадуроның мемлекет басшысы ретіндегі мәртебесін елемей, оған қарсы ашық түрде қудалау жүргізіп, өз сотында "сот процесін" ұйымдастырды. Бұл әрекет Венесуэланың мемлекеттік егемендігін өрескел түрде бұзып, халықаралық қатынастардың тұрақтылығына нұқсан келтірді, – дейді Пекин өкілі.
Осылайша, Қытай өкілі АҚШ-ты Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флоресті босатып, олардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырған.
Осыған дейін Нью-Йорк соты Венесуэла президентіне қатысты істі қарау бойынша алғашқы отырысты аяқтады. Оған "наркотеррористік қызметке байланысты сөз байласу, кокаин контрабандасы, пулеметтер мен жарылғыш құрылғыларды сақтау және оларды АҚШ-қа қарсы қолдану жөніндегі сөз байласу" айыптары тағылып, 4 рет өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы төнген.
Сотта Мадуро өзін "әлі де Венесуэланың президентімін" деп мәлім етті әрі тағылған айыптарды мойындамайтынын жеткізді.
Судья саясаткерді 17 наурызда өтетін кезекті сот отырысына келуге міндеттеген және консулдық қызметкерлердің келуіне рұқсат берген. Ал қорғау тарапы Венесуэла президентін кепілмен босатуға қол жеткізуге ниетті екенін хабарлады.