Қытай АҚШ-тың жаңа баж салығына қарсы жауап берді

356

Қытай АҚШ енгізетін 100 пайыздық баж салығына жауап ретінде қарсы шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.

Қытай АҚШ-тың жаңа баж салығына қарсы жауап берді Фото: canva

Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігі АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай тауарларына 100 пайыздық баж салығын енгізсе, Бейжің батыл қарсы шара қолданатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

"Әр мүмкіндікте Қытайға жоғары баж салығын енгіземін деп қоқан-лоққы жасау – өзара қарым-қатынас орнатудың тиімді тәсілі емес. Егер АҚШ осы бағыттан таймаса, Қытай өз заңды мүддесін қорғау үшін шешімді жауап шараларын қабылдайды", – делінген хабарламада.

Мәлімдеме Трамптың Қытайдың сирек кездесетін металдарға экспорттық бақылауды күшейту жөніндегі шешіміне қатысты реакциясына жауап ретінде жасалды. Қытай тарапы бұл шараларды "ұлттық заңдар мен халықаралық ережелерге сай қалыпты қадам" деп санайды.

Бейжің Вашингтонның "ұлттық қауіпсіздік" ұғымын асыра пайдаланып, Қытайға қатысты біржақты және дискриминациялық саясат жүргізіп отырғанына назар аударды.

"АҚШ-тың экспорттық бақылау тізімінде 3 мыңнан астам тауар бар, ал Қытайда бұл сан 900-ге жетпейді. Мұндай әрекеттер халықаралық сауда тәртібін бұзып, жаһандық жеткізу тізбектерінің тұрақтылығына елеулі нұқсан келтіреді", – деп мәлімдеді ведомство.

Сондай-ақ министрлік АҚШ-тың Қытайдың "ізгі ниетін елемей, оның мүддесіне нұқсан келтіріп отырғанын" атап өтті.

"Қытай тарифтік соғысты қаламайды, бірақ онан қорықпайды. Біз АҚШ-ты өз қателігін дереу түзетуге шақырамыз. Екі ел айырмашылықтарды ескере отырып, сауда-экономикалық қатынастарды тұрақты әрі өзара тиімді бағытта дамытуы қажет", – делінген мәлімдемеде.

Айта кетейік, 10 қазанда Трамп 1 қарашадан бастап Қытай өнімдеріне баж салығын 100 пайызға арттырып, экспорттық шектеулер енгізетінін хабарлаған болатын. Ол мұны Бейжіңнің "аса агрессивті сауда саясатына" жауап ретінде түсіндірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу