Қытай банкінен алынған қарыз мерзімінен бұрын қайтарылды

5862

"Самұрық-Энерго" компаниясының валюталық қарызы қысқарды.

Қытай банкінен алынған қарыз мерзімінен бұрын қайтарылды

"Мойнақ" су электр станциясының құрылысы үшін Қытай мемлекеттік даму банкінен алынған 136,3 млн доллар көлеміндегі қарыз уақытынан бұрын өтелді. 

"Самұрық-Энерго" АҚ қазынашылық және корпоративтік қаржы департаментінің директоры Сергей Лидің сөзінше, жүзеге асырылған мәміле компанияның кредиттік портфеліндегі валюталық қарыз үлесін 17%-дан 3%-ға қысқартты.

"Бұл мәміле "Самұрық-Қазына" АҚ-ның 50 млн АҚШ доллары сомасындағы корпоративтік кепілдігінің күшін жоюға, сол арқылы акционердің шартты түрдегі міндеттемелерінің сомасын төмендетуге мүмкіндік берді", – деді баспасөз мәслихатында департамент директоры.

Айта кетейік, қуаты 300 МВт болатын "Мойнақ" су электр станциясы 2012 жылы пайдалануға берілді. Ол Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Шарын өзенінде орналасқан.

Сергей Ли атап көрсеткендей, валюталық қарызды өтеуге қажетті қаражат "Астана" халықаралық қаржы орталығының қор биржасы арқылы тартылған. "2016 жылдан бастап "Самұрық-Энерго" АҚ кредиттік портфеліндегі валюталық қарыздың үлесін белсенді түрде азайтып келеді. 2017-2018 жылдар аралығында компанияның кредиттік портфеліндегі шетел валютасындағы қарыз 65% -дан  17% -ға азайған", – деді Сергей Ли.

Қытай мемлекеттік даму банкі Қазақстандағы өкілдігінің нарықты зерттеу және бизнесті дамыту департаментінің бас менеджері Фань Сяохуэйдің айтуынша, қарыз 7 жылда мерзімінен бұрын қайтарылған.

"Жобаның сәтті болғанына қуаныштымыз. Тараптар міндеттерін мінсіз атқарып шықты. Біз "Самұрық-Энерго" АҚ-ны Қазақстандағы сенімді серіктестеріміздің бірі деп білеміз және ынтымақтастығымыз одан әрі жалғасады деп үміттенеміз", – деді Фань Сяохуэй.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу