Қытай еліміздің ауыл шаруашылығы нарығын жауламақ

Аспанасты елі Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 200 млн доллар инвестиция тартуға дайын.

Қытай еліміздің ауыл шаруашылығы нарығын жауламақ

Астанада өткен Agro Invest Forum аясында Қазақстан мен Қытай өзара әріптестік туралы меморандумды бекітті. Әріптестіктің негізгі бағыты – өсімдік шаруашылығы. Бұл ретте Қытай тарапы өндіріске ғана емес, білім саласына да ақша аударуға әзір.

"Біздің мақсатымыз – бірінші кезеңде май зауыты, астық сақтау қоймасы, жем-шөп зауыты секілді қайта өңдеу нысандарын салу. Қытай техникаларын тізгіндей алатын мамандар керек. Сондықтан инвестицияның бір бөлігі оқу орталықтарын құруға жұмсалады. Орталықтарда механизатор секілді ортанқол мамандар даярланады", – деді Қытай-Қазақстан азық-түлік индустриясы қауымдастығының президенті Кемелхан Әбілеков.

Қазақстанда өнеркәсіп өндірісі бойынша қытайлық-қазақстандық ғылыми-зерттеу, оқу орталығын және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге арналған арнайы алаң құру жобасын қолға алынбақ. Жоба еліміздің бірнеше өңірінде екі кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Астана қаласы, Жамбыл, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе және Алматы облыстары қамтылмақ. Жоба аясында оқу орталығын, лизингтік орталық, техникалық зерттеу және дамыту, ауыл шаруашылығы техникаларының сервистік орталықтарын, жем-шөп зауыттарын, майлы дақылдарды және шөп өңдеу зауыттарын салу жоспарлануда.

Бірінші кезеңге бөлінетін инвестиция көлемі – 200 млн доллар. Ал жобаның жалпы құны бұл сомадан бірнеше есе артық.

"Келер жылдың мамыр айында қаржының алғашқы бөлігі қолға тие бастайды. Ал оған дейін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен келіссөздер жүргізіледі. Сондай-ақ біз Қазақстанда бес тірек орталық ашуды көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта өңір аумағына тірек орталықтарын орналастыруға ниетті облыс басшыларымен келіссөздер жүргізілуде", – деді Кемелхан Әбілеков.

Оның айтуынша, бірінші кезеңде өнімдерді қытайлық тарап сатып алмақ. Ал болашақта өзге елдердің нарығына шығару жоспары тұр.

Еркебұлан Қыздарбек, Ирина Севостьянова

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться