АҚШ президенті Қытайдың америкалық мұнай мен соя бұршағын сатып алуға ниетті екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осыған дейін Қытай Иран мұнайының негізгі шетелдік сатып алушысы саналып келді. Десе де, 2025 жылы Трамп Қытайға қарсы "сауда соғысын" бастағаннан соң Бейжің америкалық мұнай сатып алу көлемін қысқартқан еді.
Сондай-ақ, Қытай АҚШ-тан соя бұршағы импортын да айтарлықтай азайтып, негізгі жеткізуші ретінде Бразилияға басымдық бере бастаған.
Трамп сұхбат барысында Си Цзиньпиннің Иранға ықпал ете алатынына сенім білдірді. Оның сөзінше, Қытай басшысы Тегеран төңірегіндегі келіссөздерге көмектесуге, сондай-ақ Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіруге мүдделі екенін жеткізген.
Мұнан бөлек, Трамп Си Цзиньпин Қытайдың Иранға қару-жарақ жеткізбейтініне уәде бергенін айтты.
Ақ үй басшысы Иранмен қарым-қатынасқа қатысты да қатаң пікір білдірді. Оның айтуынша, Вашингтон бұдан әрі Тегеранның әрекеттеріне шыдамайды және Иран АҚШ-пен келісімге келуі тиіс. Ол Иран жинақтаған байытылған уран мәселесіне де тоқталмай өтпеді.