Қытай қазақ топырағына егін екпек

7921

Дәнді дақылдар жерсініп жатса, келешекте Қытайға экспортталады.

Қытай қазақ топырағына егін екпек

Қытай дәнді дақылдарының 4 түрі қазақ топырағында сыналуы мүмкін. Дақылдар ойдағыдай бейімделсе, Қазақстан Қытайға дәнді дақылдардың белгілі сұрыптарын экспорттауы мүмкін.

"Біз қазір Қытаймен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олар тұқымның барлық түрін әкелгісі келеді, бірақ біз алдымен дәнді дақылдарды тексеруден өткізгіміз келіп отыр. 4 сұрыпты әкеліп үлгерді, бірінші сынақты өткіздік, келесі жылы жоба дайындаймыз", – дейді ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" басқармасының төрағасы Асқар Наметов abctv.kz-ке берген сұхбатында.

Оның айтуынша қытайлық әріптестер дәнді дақылдарды қазақ жеріне егуге қызығып отыр, себебі біздің топырақ қытай жеріне қарағанда әлдеқайда таза, ластанбаған.

"Ең алдымен дақылдардың Қазақстанның солтүстігінде, оңтүстігінде және шығыс бөлігінде бейімделуі тексеріледі. Оларда технопарктердің ауқымды жүйесі бар, біз олармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Біз ол жаққа барып келдік, енді бейімдеу үшін жоба дайындаймыз. Олар төлейді – біз осында сынап, қараймыз. Егер олардың арасында күшті сұрыптар болса, онда оны бізге жеткізеді, біз оны өз жерімізде өсіріп, оларға тұқым ретінде емес, тауарлық дақыл ретінде қайта жібереміз. Яғни олар дәнді дақылдың осы түріне үйренген, соларды жейтіндіктен өз сұрыптарын беріп отыр", – дейді Асқар Наметов.

Оның айтуынша, Қытайдың дәнді дақылдарын жерсіндіру жөніндегі жоба 2017 жылдың көктемінде басталуы мүмкін.

"Солтүстікте дән егуді 2017 жылы бастауымыз мүмкін. Сынақ 30х30 метрге бөлінген жерде және түрлі технологиялық аймақта өткізіледі. Яғни біз Бараев институтын ғана емес, ірі тәжірибелі станцияларды да пайдалана аламыз", – дейді ол.

Жалпы, сынақ мерзімі 2018 жылды қоса алғанда екі жылға созылады.

"Мысалы, егер осы жылдың көктемінде бір тұқым ексек, күзде 8 дән аламыз. Бір жылдан соң сол 8 дәнді егіп, 64 дән аламыз. 2018 жылдың соңында олар бізге ерекше тұқым берсе, біз олардан элита, супер элита жасап үлгереміз және ол дайын да", – дейді басқарма төрағасы.

Ал қытай дәндеріне ГМА-сыз болу керек деп талап қойылмайды.

"Біз әзірге талап қоймаймыз – олар бұл тұқымдарды өздері үшін өсіреді ғой. Біз бұны өзіміз үшін өсірмейміз. Гибридтер де ГМА, бірақ оларды өсіреді де, сатады да", – дейді ол.

Одан бөлек, Иран күрішін Қазақстанда өсіру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.

"Ирандықтар неліктен тек өзі өсірген күрішті жейді? Себебі олар оған үйренген. Оларға өзге елдерден күріш сатып алуға болады, әрине, бірақ олар тек өз күрішін сатып алғысы келеді. Оларда дақылдың өсіп-жетілу мерзімі ұзақ, сол себепті тез өнім бермейді. Ал бізде бұл күріш өсе ме жоқ па, енді байқаймыз. Өссе, онда Иранның күрішін алып, өзімізде өсіреміз де, кейін Иранға экспортқа шығарамыз", – дейді Асқар Наметов.

Қазір Қазақстан Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанға тұрақты түрде тұқым жеткізіледі.

"Біз Ресейге, Өзбекстанға, Тәжікстан мен Қырғызстанға бидай, жем, арпа тұқымдарын жеткіземіз.Олар кейде бізден алады, кейде ауыл шаруашылығы секторынан алады. Тәжіктер көп алады. Біз кейде өзімізді тұқыммен қамтамасыз ету үшін оларға көп сатпаймыз. Өзбектер мен тәжіктер қазір өз тұқымын өсіре бастады. Топырақ басқа, жерсіну өзгеше, бірақ олар бүгінге дейін тұқымды Ресейден емес, бізден алып келді", – дейді орталық басшысы.

Сондай-ақ ол Орта Азия елдері өз сұрыптарын дамытуға тырысып жатқанын айта кетті.

Тағы бір жоба – Нидерландымен бірлесіп, алма бақтарына өз көшеттерімізді өсіру. Жоба келесі жылдан бастап Алматы облысында басталады.

"Ендігі жылдың күзінде біз алғашқы көшеттерімізді сатамыз. Нәтижесінде біз жылына 250-300 мың көшет өсіреміз, себебі ғылыми-зерттеу институтында жеміс өсіру және жүзім өсіру тәлімбағын құрдық", – дейді Асқар Наметов.

Өсірілген көшеттер еліміздің оңтүстігіндегі шаруашылықтарға сатылмақ.

"25 га егесің, кейін тоннамен жинап аласың да, алманы қайда жібереріңді білмейсің", – дейді ол.

Сонымен қатар, Асқар Наметов орталықтың құрылымында аграрлық технологиялардың трансферті және коммерциаландыру орталығы жұмыс істейтінін айтты, ол отандық аграрлық құрылымдардың басындағы күрделі мәселелерді жинақтап, талдаумен айналысады.

Орталық өндіріске енгізу үшін технологияларды бейімдейді. Бейімделген дайын үлгілер жаппай өндіріске жіберіледі және түрлі қаржы құралдары арқылы аграрлық ортаға енгізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу