Қытай Қазақстанда ресейлік астықтан тартылған ұнды қабылдамай отыр

1046

Ресейлік дәнді дақылдар өз топырағында індет таратып, мал басының жаппай қырылуына септесіп қана қоймай, Қазақстанның ұн экспорттаушыларының тұтас бір тобының Қытай нарығынан "шығарып тасталуына" ықпал етіпті. 

Қытай Қазақстанда ресейлік астықтан тартылған ұнды қабылдамай отыр Фото: ИИ

Ресейдің арзан астығына иек артып, Қытай нарығын "ұнға қарық" еткісі келген отандық экспорттаушылардың алдынан темір тор емес, темірдей тәртіп шықты. Бейжіңнің жаңа талаптары іс жүзінде қазақстандық агроэкспорттың үлкен бөлігін бұғаттап тастады: делдалдар тізбектен аласталып, "ұлы қабырғаның" арғы бетіне өту бақыты тек таңдаулы 27 компанияға бұйырды. Қалғанының шың еліне арнап тиелген ұн қаптары қазақстандық қоймалар мен вагондарда шіри бастаған. Жағдайдың жай-жапсарын inbusiness.kz зерттеп көрді.

Ұлы қорғанның ұн қабырғасы: экспорт тынысын не тарылтты?

Өткен наурыз айында отандық компаниялар мал бордақылауға арналған жемдік ұнды жөнелту кезінде қиындықтарға жаппай тап бола бастады. Бейжіңнің қазақстандық ұн экспорттаушыларына қойған жаңа талаптары үзілді-кесілді ультиматумға ұқсайды. Мысалы, ресейлік астықты жемдік ұнға тартуға толықтай тыйым салынды.

Сонымен қатар, жемдік ұнның құрамына қатысты отандық өндірушілердің технологиялық қиялын қатаң "үштікпен" шектеді: бидай, арпа және кебек. Әйтпесе, қазақстандық диірмендер өнімге түрлі "жақсартқыштар" қосады. Сарапшылардың түсіндіруінше, ұн аппақ әрі мақпалдай жұмсақ ұнтақ болуы үшін арасына бор-мел қосады, ақуызын арттыру үшін майлы дақылдардың күнжарасын араластырады. Мұның бәріне енді рұқсат етілмейді.

Ең ауыр соққы логистикаға тиді: Қытай жемдік ұнды тікелей өндірушінің өзі жеткізуін талап етті. Осылайша, ҚХР жеткізуші тізбегінен қаптаған делдалдарды алып тастады. Содан тасымалға маманданған трейдерлердің ондаған мың қызметкері жұмыссыз қалу қаупінде тұр.

Өніміне кепіл беруі, жол-жөнекей артық-ауыс "ингредиенттер" қосылып кетпеуі үшін оны ханзу еліне ұн тартушы компанияның өзі жеткізіп беруге міндетті. Алайда сарапшылар қазақстандық диірмендердің көбінің логистикасының жоқтығына, өз өнімін шетелге шығарумен айналыспайтынына назар аудартады.

Көктем – ұн мен жүйкені құртатын кезең...

Жаңа талаптарға сәйкес келетіндерді іріктеп алу үшін ҚХР Кеден басқармасы осы өнімді жеткізушілерді жаңа код алуға мәжбүр етті. Алайда "алтын кілтке" барабар арнайы кодты тек 27 ұн тарту компаниясы ғана алды. eldala.kz бұлардың негізінен Қазақстанда қытайлық капиталмен құрылған төл диірмендері екенін білдірді. Өз ұжымын және бизнесін Қытай келісімшарттары есебінен асырап отырған қалған  қазақстандық ойыншылардың бәрі кенеттен ойыннан тыс қалды.

Салдары ұзақ күттірген жоқ. Өнімнің қомақты көлемі қоймаларда, не ҚХР-ға бет қойған вагондарға тиелген күйде қаңтарылды. Көктемгі ауа райы ұнға одақтас емес: жауын-шашын мен күннің қызуы вагондардағы өнімді шірітіп қана қоймай, кәсіпкерлердің де жүйкесін жұқартуда. Теміржол құрамының жалдау ақысы да қалтасын күн сайын қағып жатыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл дағдарысты жағдайға үн қатты. Ол нарық қатысушыларын жинап кеңес өткізді және шешімдер іздестіріліп жатқанын хабарлады. Ведомство ҚХР-ға отандық тағы 39 жемдік ұн өндіруші компаниядан тұратын екінші тізімді жіберді және көршіден бұл өтінішін қарауды тездетуді сұрапты.

Ол бекітілсе, алғашқы екеуіне кірмей қалғандардан өтінім жиналып, үшінші тізім жасақталады. Бұдан бөлек, министрлік бұрын ҚХР-ға ұн жеткізумен айналысып, бүгінде далада қалған, дағдарысқа ұрынған трейдерлердің де жеке тізімін жасауды жоспарлауда. Бірақ АШМ бұларды ілгерілету қиын болатынын ескертті: Бейжің "делдалдар керек емес, өндірушінің өзі экспорттасын!" деп табандап отыр.

Бірақ біздің бюрократиялық машина сықырлап, орнынан қозғала алмай жатқанда теміржолшылар көршінің талабын орындауға мәжбүр. Онсыз вагондарды Қытай кеденшілерді өткізбей тастайды да, олар жолды жауып, кептеліс туғызады екен. Сондықтан теміржол компаниясы Қытайға жемдік ұн жеткізу жоспарларына тек жаңа кодты алып, көрші елдің кеденінің тізіліміне енген 27 компанияны ғана енгізген.

Қызығы, таяуда ғана Қазақстанның астық одағы (ҚАО) "2026 жылы Қытайға жемдік ұнның экспорты 3 млн тоннаны құрайды және 2025 жылғы көрсеткіштен екі есе көп болады!" деп болжаған еді. Одақ әзірге бұл болжамын сақтай тұратынын хабарлады. Бірақ бұл сенімнен гөрі үмітке көбірек ұқсайды. Тәжірибе көрсеткендей, Қытай мұндай әкімшілік талаптарынан тез әрі толық көлемде бас тарта бермейді.

Көршідегі аусылдың "көлеңкесі" Қазақстанға түсті

Қытайдың жемдік ұн өндірісінде ресейлік астықты пайдалануға тыйым салғаны туралы eldala.kz аграрлық порталы хабарлаған болатын. Мұның төркіні биоқауіпсіздікпен байланысып жатқан көрінеді.

Себебі, Ресейден кейін Қытайдың онымен шекаралас аймақтарында – Ганьсу провинциясы мен Шыңжаң ұйғыр автономды ауданында жалпы саны 6 229 бас ірі қара мал арасында аусыл (ящур) ауруы өршіді. Қытайлық сарапшылар ауру малдан анықталған штамм (SAT1 серотипі) бұрын ҚХР-да болмағанын, сырттан келгенін, салдарынан қолданыстағы қытайлық вакциналар одан қорғауды қамтамасыз етпейтінін жариялады. Сондықтан Шыңжаң және Ганьсу билігі жануарларды жаппай жоюға және ауқымды дезинфекция жасауға мәжбүр болды.

Қазақстан астық одағының сарапшысы Евгений Карабанов "АПК Новости" агенттігіне хабарлағандай, биылғы ақпанда, Ресейде эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі оның бірқатар облыстарынан тек тірі малды, оның етін, терісін және қосалқы өнімдерін ғана емес, сонымен қатар Ресейден жемдік астықты, жемазықтық дақылдарды, ингредиенттер мен жануарларға арналған жемдерді импорттауға шектеу қойды.

Бірақ шың елі әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасының аясында бұл шектеудің қалтқысыз орындалатынына сенбейді: қытайлық сарапшылар індетке орай "санкцияға" іліккен ресейлік астық қазақстандық ұнға "айналма жолдармен қосылып кетуі ықтимал" деген күдігін жеткізді. Бейжің үшін бұл күмән талапты қатайтуға жеткілікті дәлел болды.

ҚАО сарапшылары сапасы нашарлау, бірақ бағасы арзан ресейлік бидайды қазақстандық диірмендердің бәрі дерлік сатып алып, қазақстандық астықпен араластыратынын, сол арқылы ұнның өзіндік құнын арзандататынын жасырмады. Енді мұндай "химияға" Қытай жол бермейді: әрине, өзіне жеткізілетін өнімде ғана.

Дегенмен, сарапшылар ҚХР шектеулері тек РФ-тағы мал індетімен ғана байланысты емес деп отыр. Жемдік ұнды шығыс көршіге тасымалдауда қиындықтар туындағаны туралы алғашқы жанайқайлар жыл басында-ақ түсе бастады, деп жазды аграрлық Apk-news.kz экспорттаушыларға сілтеме жасап. Отандық осы өнім мелдектей тиелген теміржол құрамдарын ҚХР өз шекарасында тоқтатылып, кері қайтаруға кірісті.

"Біздің қауымдастықтың мүшелері сол кезден бізге шағыммен жүгінді: олар Қытай кеденшілері қазақстандық жемдік ұнды "әлдебір стандарттарға сәйкес келмейді" деген сылтаумен кері қайтарып жатқанын жеткізді", – деді "KazGrain" ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының басқарма төрағасы Зейнолла Әбдіманапов.

Осыған орай қауымдастық Қытай тарапына үндеу дайындады: онда жүк жөнелтушілердің барлық стандарттарды сақтағаны, олардың өнімдері халықаралық нормаларға сәйкес келетіні көрсетілген. Егер ол кезде Ресейде мал індеті өршімеген болса, неге бұлай меселін қайтарды?

Қазақтың ұн "тасқыны" бөгде провинцияларды басты

Астық одағының талдау комитетінің жетекшісі Евгений Карабановтың түсіндіруінше, қазақстандық жемдік азық негізінен, Қытайдың батысы мен солтүстік-батысына, мысалы, Шыңжаң өңіріне жеткізілетін.

Бірақ экспортын алапат қарқынмен өрістеткен біздің бизнесмендер алпауыт державаның шеткері аймақтарымен шектелмей, енді Орталық Қытайға "ауыз сала" бастапты. Бұл жағдай Бейжіңге ұнамай тұр. Содан шектеулер 2025 жылдың желтоқсан айының соңында-ақ өрби жөнелді.

"Қытай Үкіметі қазақстандық жеткізілімнің қарқынды өсуіне алаңдаулы және оларды жасанды түрде шектеуде деген ақпарат бар: Қазақстаннан келген жемдік ұн Орталық Қытайға да ене бастады. Ал, бұл – мүлдем басқа, сезімтал, ішкі нарық. Оны мемлекет қызғыштай қорғайды. Орталық Қытай дәстүрлі түрде қытайлық жемдік бидайға бағдарланған. ҚХР бұл өнімді жеткілікті мөлшерде өзі өндіреді. Бірақ қазақстандық азықжем әлдеқайда, тіпті үш есеге дейін арзан. Мұндай демпингке қытайлық диірменшілер шыдай алмайды. Қытайдың мына талаптары соларды қорғап қалуға бағытталған. ҚХР әлемдік нарықтан негізінен жоғары сапалы бидайды импорттайды, ал, жемдік астық сегменті ішкі өндірушілерінің еншісінде", – деді Карабанов.

Егер қазақ ұны қытай ұнын Орталық ҚХР-дан да ығыстырып шығарса, онда миллиондаған жергілікті фермер банкрот болып, мемлекеттің көмегіне зәру болып қалар еді.

Бағдаршамның жасыл көзін күтіңіз!

Қазақстанда жемдік ұн өндірісінің белсенді дамуы небәрі 2 жыл бұрын басталды және бұл ішкі астық бағасын тұрақтандыру құралдарының біріне айналды. Өркендеу себебі қарапайым: шың елі нарығының қақпасын айқара ашты. Бірақ Қытай бізден тек жемдік ұнды баж салығынсыз жеткізуге рұқсат етті. Ал, Қазақстаннан келетін азық-түлік ұнына іс жүзінде шектеу тарифі қолданылады.

Бұған қоса, Қазақстан 2024 жылы рекордтық астық жинады, бірақ қамбаға құйылған өнімнің басым бөлігі төмен сортты немесе мүлдем ешқандай сортқа жатпайтын сапасыз бидай болып шықты. Ол тек малдың жеміне ғана жарайтын. Осылайша, жемдік ұнның орасан зор көлемдегі шикізат базасы қалыптасты.

"Құланның қасуына мылтықтың басуы" дегендей, осынау ұланғайыр жемазық ізінше Қытайға тасқындай жөнелді. Бейжің талаптарды күшейтіп, кідіртпегенде, биыл 3 миллиондық межені бағындыратын еді (былтыр 2,5 миллион тоннадан асқан).

Оның үстіне азық-түліктік ұнға қарағанда, жемдік ұнды жасау күрделі емес: бұл – бидай және арпа ұнының қоспасы. Оны Қытайға жеткізу мүмкіндігіне ие болу үшін бұған дейін қазақстандық өндірушілер мен трейдерлер ҚХР-дың сертификаттау органдарынан бидай ұнына және арпа ұнына жеке-жеке 2 код алып келді.

Енді міне, күтпеген жерден, 2026 жылдың наурыз айының соңында қытай тарапы дәл осы жемдік ұнға жеке арналған "бірыңғай кодты" енгізуге ұйғарды. Ол кодты тек Қазақстанда орналасқан 27 диірменіне ғана берді. Қалғанының бәрі жол жиегіне шығарып тасталды. Мұның соңы экспорттың тоқырауына және тасымал коллапсына соқтырып отыр.

Петропавлдағы "Диқаншы" диірмен компаниясының иесі Дмитрий Пампурдың мәліметінше, бұған дейін оның компаниясы бидай және арпа ұны бойынша кодтар алу және Қытай кеденінің тізіліміне ену үшін 1,5 жыл уақытын жұмсапты: осы кезеңде көрші елден ревизорлар ағылып, оның кәсіпорнындағы жабдықтарды қайта-қайта тексерген, қытайлық мамандар күндіз-түні қасында тұрып, өндіріс процесін қырағы қадағалаған. Соңынан бірнеше комиссия жіберген. Алда соның бәрі қатайтылған түрде қайталануы ықтимал.

"Нарықтың басқа қатысушылары да дәл осындай тексерістен өткен еді. Биыл жаңа жеке код енгізілген соң Қазақстаннан ірі 66 жеткізуші қайтадан құжат тапсырды. Бірақ оны тек 27-сін ғана іріктеп алды. Бұларды тіпті тексермеді де: бұрынғы тексерулердің қорытындысын қанағат еткен, тізіліміне қосымша процедураларсыз ала салды. Қалғандарымыз белгісіз күйде отырмыз: нарығына қашан жіберетіні беймәлім, мерзім жоқ, кепілдіктер жоқ. Есесіне, біздің міндеттемелеріміз бар: шекараның ар жағында клиенттеріміз қашан жеткізесің деп күтіп жүр", – деді Дмитрий Пампур.

Әрине, қазақстандық кәсіпкерлер Қытайға еш кінә қоя алмайды: клиенттің айтқаны әрдайым құп! Арасына бор не күнбағыс қалдығын қоспа десе қоспау керек. Ресейлік ұнды араластырмаса десе араластырмаған жөн. Жаңа код ал десе, ләббай деуіне тура келеді.

Басқа мәселе: қазақстандық диірмендер жаңа жағдайда жұмыс істей ала ма? РФ арзан астығынсыз өнімінің өзіндік бағасы қымбаттайды. Шың елінің жаңа талаптары тағы бір проблема туғызыпты. Бірақ ол Қазақстанның жаңа Салық кодексінің салдары.

Дмитрий Пампурдың түсіндіруінше, Қазақстандағы көптеген диірмендер қосылған құн салығын қайтару арқылы жұмыс істейді. Өйткені ауыл шаруашылығы бизнесінің таза табысы төмен, сондықтан түпкі табыстың бір бөлігін мемлекет кері қайтарып беретін ҚҚС құрайды.

Егер жемдік ұн өндірушілер ҚХР талабын орындап, өнімін делдал арқылы емес, тікелей өзі жеткізсе, онда олар ҚҚС қайтаруды рәсімдей алмай қалады екен. Ендеше Қытайдағы сатып алушылары үшін Қазақстаннан келетін жемдік ұн қымбаттайды. Олар бұған келіспей, қазақстандық өнімнен теріс айналуы ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу