2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қытайда жеңіл автокөліктер мен жеңіл коммерциялық көліктердің жанармай шығынын шектейтін үш міндетті ұлттық стандарт күшіне енді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
ҚХР Мемлекеттік нарықты реттеу басқармасының хабарлауынша, жаңа ережелер автомобильдердің энергия үнемдеу көрсеткіштеріне қойылатын талаптарды күшейтеді. Дәстүрлі және гибридті жеңіл автокөліктер үшін жанармай шығынының нормалары алдыңғы стандарттарға қарағанда шамамен 18 пайызға төмендеді. Мәселен, салмағы шамамен 1,5 тонна болатын автокөліктер үшін жаңа стандарт жанармай шығыны 100 шақырымға 7,74 литрден аспауын талап етеді.
Корпоративтік жеңіл автокөліктердің орташа жанармай шығыны бойынша 2030 жылға арналған мақсатты көрсеткіш шамамен 48 пайызға азайтылып, 100 шақырымға 3,3 литр деңгейінде белгіленді. Жеңіл коммерциялық көліктер үшін жанармай шығынының шекті мөлшері жалпы алғанда 10 пайызға қысқарды. Мысалы, салмағы шамамен 2 тонна болатын бензинмен жүретін жүк көлігі үшін жаңа стандарт жанармай шығыны 100 шақырымға 9,13 литрден аспауы сұралады.
Бұл стандарттарда бірінші рет корпоративтік жеңіл коммерциялық көліктердің орташа жанармай шығыны бойынша мақсатты көрсеткіштер белгіленді. Мәселен, бензинді жүк көліктері үшін 2030 жылға арналған орташа көрсеткіш 100 шақырымға 5,7 литрге тең.