Қытай мен Түркия Қазақстан мұнайына қызықты

6075

Биыл Қазақстан батыс елдеріне экспортты азайтып отыр.

Қытай мен Түркия Қазақстан мұнайына қызықты

2019 жылдың қаңтар-сәуір аралығында шикі мұнай өндірісі 25,3 млн тоннаға жетті. Бұл 2018 жылдың осы уақытымен салыстырғанда 0,2 пайызға аз, деп хабарлайды ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.

Соның ішінде шамамен 62%-ы Атырау облысына тиесілі. Облыстың көрсеткіші былтырғыдан 1%-ға өсіп отыр. Ал қалған облыстардың өндірісі азайып кеткен.

Маңғыстау облысы жалпы көрсеткіштің 23,2%-ына ие болса, былтырғыдағыдан 1,1% аз өндірген. Ал республикалық көрсеткіштің 7,9%-на ие Қызылорда облысының көрсеткіші былтырғыдан 7,7% төмендеп отыр.

Ал Қызылорда мен Ақтөбе облыстарындағы мұнай өндірісі осы төрт айда тиісінше 2,0 және 1,8 млн тоннаны құрады. Бұл екеуі республикалық көрсеткіштің шамамен 15 пайызынан асады.

Батыс Қазақстан облысы болса төрт айда 0,1 млн тонна ғана қара алтын өндірген.

Атырау облысын алға сүйреп тұрған кен орны Қашағанға, одан кейінгісі Теңіз бен Ембі кен орындарының еншісінде.

Естеріңізге сала кетейік, ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы да Қашағанның бір акционері ретінде үлесін арттырып отыр. Қашағаннан бөлек ҚазМұнайГаз Қаламқас теңізі, Қайран, Ақтоты және Оңтүстік Батыс Қашағанда жұмыс істейді.

2019 жылдың 19 мамырында Қашаған кен орнында өндіріс нысандарын жоспарлы-бақылау техникалық жөндеудің бірінші кезеңінен кейін Қашағандағы мұнай өндірісі жоспарланған күннен 10 күнр ерте қайта қосылды. Қосыла салсымен баяғы күндік 70 мың баррель көрсеткішін сақтады. Кен орнында өндірісті көбейту әлі де көбейе түседі деп күтілуде. Алдағы уақытта көрсеткіш тәулігіне 350-400 мың баррельге жетуі тиіс. 

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, жөндеу жұмыстары 45 күнге жоспарланғанымен, 35 күнде аяқталып отыр. Осының өзінен биылғы өндіріс көлемін қосымша 3 млн баррельге көбейтуге мүмкіндік бар.

Жалпы, Қашағандағы қор 1-2 млрд тоннаға жететіні анық.

Өндірістің азаюы өз кезегінде экспортқа да кері әсерін тигізіп отыр. Былтырғы осы уақытпен салыстырғанда экспорт көлемі 3,1 пайызға кеміп кетіпті. Ал өндірістің тек 0,2 пайызға ғана азайғаны жоғарыда айтылды.

Қазақстан мұнайының негізгі тұтынушысы әлі де болса Италия. Дегенмен, еліміз қазір экспорт географиясын аздап өзгертіп, батыс елдеріне қарағанда ТМД елдеріне экспортты ұлғайтқаны белгілі болды.

Мәселен, биылғы төрт айда ТМД елдеріне экспорт былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 50,8 пайызға бір-ақ көбейген. Соның ішінде Өзбектсанның сатып алатыны 256,3 пайызға көбейіп отыр. Ал Ресей Қазақстаннан импортты 8,5 пайызға ұлғайтты.

Есесіне өзге мемлекеттерге экспорт 9,9 пайызға кеміп кетті.  Соның ішінде Польшаға экспорт 90,7 пайызға, ал Хорватияға 89,4 пайызға азайған. Дегненмен, Түркияға экспорт 498,8 пайызға көбейсе, Сингапурға 304 пайызға, Қытайға 133,2 пайызға артқан.

Аслан Қажен

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться