Қытай Ресей мұнайынан алшақтап, БАӘ мен Қазақстанға қайрылды

147

Қытай Ресейдің "қара алтынынан" бас тартып, Араб Әмірліктері мен Қазақстаннан миллиондаған бөшке шикізат импорттағалы отыр.

Қытай Ресей мұнайынан алшақтап, БАӘ мен Қазақстанға қайрылды Фото: bloomberg.com

Қытайдың Yanchang Petroleum мұнай өңдеу компаниясы Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінен 3 миллион баррель шикі мұнай сатып алған. Бұл партия қаңтарда жеткізілуі тиіс. Кәсіпорын мұндай шешімді Батыс санкцияларынан қауіптеніп, ресейлік мұнайдан бас тартқаннан кейін қабылдап отыр.

"Рейтер" агенттігінің дерегінше, Қытайдың мемлекеттік компаниясы Abu Dhabi Murban сұрыпты мұнайдың 2 миллион бөшкесін швейцариялық Mercuria трейдерінен, ал қазақтың CPC Blend маркалы мұнайын Vitol компаниясы арқылы импорттаған. Қандай бағамен сатып алынғаны әзірге белгісіз.

Айта кетсек, өткен аптада Yanchang желтоқсаннан ақпанның ортасына дейін мұнай жеткізуге тендер жариялады. Зауыт Қытайдың солтүстігіндегі Шэньси провинциясында орналасқан. Теңізге тікелей шығу мүмкіндігі жоқ, жергілікті үкімет қолдауына сүйенетін бұл өндіріс ошағы тәулігіне 348 000 баррель мұнай өңдейді.

Yanchang Қытайдың Sinopec сияқты өзге мемлекеттік энергетикалық компанияларына қосылып, ресейлік мұнайды қазан айында импорттауды тоқтатты. Өйтпеген жағдайда, Ресейдің жетекші мұнай өндіруші компанияларына шектеу қойған АҚШ-тың жаңа санкцияларына өзі де ілігіп кетуі мүмкін еді.

Yanchang – Қытайдың ішкі нарығындағы ең ірі мұнай өңдеуші зауыттардың бірі. Ол жылына 3,6 миллион тонна немесе 26 миллион баррель мұнай импорттауға рұқсат беретін квотаға ие.

Тағы бір айта кетерлігі, бұл кәсіпорын осыған дейін Ресейдің қиыршығыстағы ВСТО немесе "Сокол" маркалы мұнайын ай сайын бір партиядан тұрақты түрде сатып алып отырған.

Ресей үшін өмірлік маңызы бар энергетика саласы қазіргі кезде украиналық дрондардың мұнай өңдеу зауыттары мен құбырларға жиілеген шабуылдарынан, сондай-ақ Батыс санкцияларынан үлкен қысымға ұшырап отыр.

Украинадағы соғысты тоқтатпағаны үшін Вашингтон өткен айда Ресейдің ең ірі мұнай өндіруші компаниялары – "Роснефть" пен "Лукойлға" санкция жариялағаны белгілі. Сол эмбаргоға сәйкес, бұл компаниялармен іскерлік байланыстар 21 қарашаға дейін тоқтатылуы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу