Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И елдің 2026 жылға арналған сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ван И Бейжіңнің жаһандық белгісіздік күшейіп отырған жағдайда Жаһандық Оңтүстіктің рөлін нығайтуға және әлемнің жетекші державаларымен тұрақты қарым-қатынастарды сақтауға ниетті екенін мәлімдеді.
ҚХР Сыртқы істер министрі Дяоюйтай резиденциясында өткен жыл сайынғы дипломатиялық симпозиумда сөйледі. Ол 2026 жыл он бесінші бесжылдықтың басталуы екенін атап өтіп, бұл Қытай дипломатиясының алдына анағұрлым жоғары деңгейдегі міндеттер қоятынын жеткізді.
Ван И Қытайдың ірі державалар арасындағы қарым-қатынастың жаңа үлгісін қалыптастыруға ұмтылатынын атап өтті. Оның сөзінше, әлемнің жетекші мемлекеттері арасындағы өзара іс-қимылдың сипаты жаһандық тұрақтылыққа тікелей ықпал етеді.
Сыртқы саясаттағы басымдықтарды министр АҚШ-пен қарым-қатынастан бастады. Ол Қытайдың өзара құрметке, бейбіт қатар өмір сүруге, ынтымақтастық пен өзара тиімділікке негізделген оң өзара әрекеттестіктің жаңа моделін құруды көздейтінін, сонымен бірге Қытайдың егемендігі, қауіпсіздігі және даму мүдделері қатаң түрде қорғалатынын айтты.
Кейін Ван И Ресеймен қарым-қатынасқа тоқталып, Қытайдың Мәскеумен ұзақ мерзімді тату көршілікке, жан-жақты стратегиялық өзара іс-қимылға және өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген байланыстарды нығайтуды жалғастыратынын жеткізді.
Сондай-ақ, бұл қарым-қатынастарды жаңа мазмұнмен толықтырып, халықаралық стратегиялық тұрақтылықты бірлесе қолдайтынын атап өтті.
Еуропамен қарым-қатынас мәселесіне тоқталған министр Қытайдың Еуропалық одақпен өзара құрмет, айырмашылықтарды ескеру және ашық ынтымақтастық қағидаттарына сүйене отырып диалогты дамытуға, сондай-ақ көпжақтылықты қолдау мақсатында серіктестік аясын кеңейтуге ниетті екенін мәлімдеді.
2026 жылғы күн тәртібінде шекаралас елдерге ерекше мән берілмек. Қытай оларды ортақ тағдыр қауымдастығының негізі ретінде қарастырып отыр. Осы орайда Бейжің инклюзивті тетіктер арқылы аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға, ал RCEP аясындағы интеграцияны тереңдетуге, Қытай-АСЕАН еркін сауда аймағының 3.0 нұсқасын іске асыруды жеделдетуге күш салмақ.
Дипломатиялық стратегияда Жаһандық Оңтүстікке маңызды орынға ие. Министр Қытайдың Африкамен серіктестікті нөлдік кедендік баж режимін енгізу арқылы тереңдету, Қытай-Араб мемлекеттері екінші саммитін өткізу, сондай-ақ Парсы шығанағы елдері ынтымақтастық кеңесімен еркін сауда туралы келіссөздерді жеделдету жоспарлары бар екенін хабарлады.
Сонымен қатар, Бейжің Латын Америкасы елдерінің егемендігін қорғауды қолдайды.