Қытай дүниежүзінде жоқ жобаны бастады

339

Қытай туу көрсеткішін арттыру үшін босануды тегін етуге көшпек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Қытай дүниежүзінде жоқ жобаны бастады Фото: canva.com

Қытай үкіметі туу көрсеткішін арттыру және демографиялық өсімді қолдау мақсатында жүктілік пен босануға байланысты медициналық шығындарды толық өтейтін ұлттық сақтандыру жүйесін кеңейтуге дайындалуда.

Бұл бастамаға сәйкес, келесі жылдардан бастап стандартты акушерлік қызметтер, жүктілік кезеңіндегі тексерулер және босануға кеткен шығындар сақтандыру арқылы өтеледі, яғни ата-аналар жеке қаражатынан төлем жасамайды.

Шараның негізгі мақсаты – бала туу деңгейінің төмендеуі мен ата-аналарға түсетін қаржылық жүктемені азайту. Қазірдің өзінде Қытайдың кемінде 7 провинциясында – Цзилинь, Цзянсу және Шаньдунда – стационарлық босану шығындары толық өтеліп келеді, алайда бұл тек базалық қызметтерге қатысты; премиум клиникалар немесе қосымша дәрі-дәрмектер жеке төлемді талап етеді.

Қытайдың Медициналық қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік басқармасы икемді жұмыспен қамтылғандар, еңбек мигранттары және жаңа форматта жұмыс істейтін азаматтар үшін де сақтандыруды кеңейту мәселесін қарастыруда. Қазіргі уақытта елде жүктілік пен босануға байланысты сақтандырумен шамамен 255 млн адам қамтылған.

Сарапшылар бұл бастаманы әлемдік тәжірибемен салыстырады. Мысалы, Скандинавия елдерінде және Жапония мен Оңтүстік Кореяда жүктілік пен босануға байланысты негізгі медициналық қызметтер мемлекет немесе сақтандыру арқылы өтеледі. Дегенмен, Қытайдағы бастаманың ерекшелігі – оны ұлттық деңгейде және өте кең ауқымда іске асыруында.

Бұл қадам демографиялық саясаттағы маңызды өзгеріс ретінде бағаланып отыр. Мамандар атап өткендей, қаржылық кедергілерді азайту туу көрсеткішін көтеруге ықпал етуі мүмкін, бірақ оның әсері нақты ұзақ мерзімде көрінеді. Сонымен қатар, қосымша немесе премиум қызметтерге жеке төлем енгізілуі тұтынушылардың таңдау еркіндігін сақтауға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу